СӨЗ ҚУҒАН ПӘЛЕГЕ ЖОЛЫҒАДЫ

Баяғыда ел арасында бір оқиға болған екен. Ұлы жүз бен Орта жүз арасында құдандалық жолмен қыз алысып, күйеу жігіт дайындалып, той қамы жасалып жатқан уақытта, күтпеген жағдай орын алады. Орта жүздің қызы өз елінің бір жігітіне ғашық болып, ақыры екеуі қашып кетеді. Бұл жағдайды қорлық санаған Ұлы жүз жағы ашуланып, намыстанып, Орта жүз ауылдарының бірінен жылқы айдап кетеді.
Мәселе ушығып, екі ел арасында дау туындайды. Ақыры мәселені шешу үшін Ұлы жүздің биі – Төле би мен Орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбек би бетпе-бет кездеседі. Екеуі де өз шындығын айтып, тартыс басталады.
Қазыбек би алдымен сөз бастап: – Аға болып алдымен туасың, Алдымен жылқымды неге қуасың?
деп өз ренішін білдіреді.
Сонда Төле би де намыстанып: – Артынан ерген еркемсің, Ағаның көзі тірісінде
«Жеңгенді» неге ертесің? деп жауап қатады.
Екі жақ та ашулы, дау шешілмей, кикілжің күшейе түскенде, осы жиында отырған Кіші жүздің биі – Әйтеке би орнынан тұрып, сөз алады:
Сабыр етіңдер, ағалар! Ашуы бар жерде ақыл тұрмайды. Билік – ашумен емес, парасатпен шешілмек.
Сосын Әйтеке би мынадай ғибратты сөздерін айтады:
Ашу деген ағын су, Алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген дария, Алдын тоссаң тоқырар. Кісі бірге туыспау керек, Туысқан соң сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, Жол қуған олжаға жолығады. Төле, сен жылқыны қайыр, Қазыбек, сен жесірін қайыр!
Әйтекенің осы әділетті төрелігіне екі жақ та тоқтап, бір-біріне өкпесін ұмытып, адамдары мен айдап кеткен малдарын түгел қайтарып береді. Сөйтіп ел арасында тыныштық орнапты.
Бұл оқиға кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ел бірлігі мен би шешендердің даналығын дәріптеген аңызға айналыпты.
#Қазақ Тарихы