НАН ҚАДІРІ

Бүгінде нанталап тірлікке қуанудың да, жұбанудың да реті бар. Қарны тоқ, көйлегі көк — бақуат өмір кешу үшін халықтың әл-ауқаты жеткілікті, тұрмысы жоғары болуға тиіс. Әрине, ол адамның алған біліміне, сүйікті ісіне, адал табысына байланысты. Әуелден қанағатқа қазық байлаған елдік дәстүрімізді әр отбасыда қалыптасқан еңбек тәрбиесі бекемдей түсер еді.
“Бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз” дейтін бұрынғылар (әсіресе ауылдағылар) өз үйінде тамақ, ас әзірлеуі бір басқа, берекенің басы деп, нан пісіретін. Ас атасы — нанға деген айрықша құрмет енеден келінге, шешеден қызға ауысып жататын. Шай ішуден бұрын босаға аттаған кісіні «нан ауыз тиюге» шақыруда да үлкен мән бар.
Нанды лақтырмау, баспау, қалдығын шашпау, яғни оны қадірлеу кішкентайдан санаға сіңірілетін. Атам қазақ “Нанның қиқымын жеген бала бай болады”,
“Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің,
Анық достың қадірін зарыққанда білерсің” деп бекер айтпаған. Өйткені, нанды сыйлау — еңбекті, еңбек адамын сыйлау деген сөз.
Құдайға шүкір, қазір көп ауылға газ, су жүйесі тартылған. Тұрғындардың заманға лайықты үй-жай тұрғызуға ынтасы, ықыласы жаман емес. Алайда сондай жайлы жағдайда тұрса да көпшілік нанды дүкеннен сатып алады. Үйде сауын мал ұстаса да ағарғанды сатып ішуге бейіл беріп тұрады. Әрине, оның әр түрлі себебі де бар шығар. Тек енжарлық болмаса екен деп тілейміз.
Әрбір шаңырақтың өзіндік тарихы, таным ерекшелігі болады. Сонда өскен ұл-қыздың тәрбиесіне, санасына туған үйдің ауласы, бау-бақшасы, мүлік-жиһазы, қам-қарекеті, жейтін наны, ішетін ас-суы, ойын-сауығы ерекше әсер етеді. Жадынан кетпейді.
Мысалы, анамыз жапқан нанның дәмі таңдайымызда, иісі мұрнымызда тұр. Өзге үйдікіне, көршілердікіне мүлдем ұқсамайтын, өз отбасымызға ғана тән дәм ешқашан ұмытылмайды.
Ойлап қарасақ, кезінде бір ғана нан жабуға байланысты біршама этнографиялық білім алғандай екенбіз.
Қазіргі ұрпақ ақ, қара бөлке нанды, батонды, калачты, бубликті, круассанды, француз, италия, түрік наны — семитті, тағы басқасын жақсы біледі. Құптарлық жағдай. Ал, олар өз елінің дастарханына тән нан түрлерін біле ме? Айталық, ата-бабаларымыздан бізге жеткен — тандыр, күлше, қиықша, таба нан, көмпеш нан, пәтір нан, қарыма нан, қатырма нан, жұқпа нан, шибауырсақ, шелпек, тоқаш сияқты өнімдерді көрді ме екен? Ас атасының осындай төл атауларын ұмытуға бола ма? Сонымен бірге, ұлтымыздың тамақ әзірлеуге, нан илеуге қатысты «ұрпақ», “зуала”, “қамыртұш”, “сыпыра” сынды бірегей ұғымдарын білетін жастар да азайып бара жатқандай.
Оларды жаңғыртуға не кедергі? Әлде, сонымен бірге тілдік қорымыз да кеми берер ме екен?..
Әйтпесе, біздің дүкендердегі нан-тоқаш өнімдерінің атауына қарап, кейде қай елде жүргеніңді аңдамай қалуға болады. Жалпы, бұған ұсақ-түйек деп қарамау керек. Осы саланың мамандары, нан зауыты, наубайхана басшылары, технологтері, заманға сай ұлттық мәзірді түзуші аспаздар, жарнама жасаушылар ескеретін маңызды мәселенің бірі деп санаймыз.
Мұндай мәліметтерді білу отандастарымыз үшін ғана емес, шеттен келетін туристерге де қызықты әрі пайдалы болар еді.
Мәселен, аграрлық елімізде бидай егіп, оратын, астық жинайтын егіншінің, тасымалдап, ұн жасайтын диірменшінің, нан пісіретін наубайшының еңбегін қазіргі ұрпақ қалай бағалайды, қаншалықты хабары бар? Бұл жайында (өкінішке қарай, жекелеген өзге кәсіптер туралы да) телеарналарда танымдық түсірілімдер сиреп бара жатқаны, тіпті көрсетілмейтіні ешкімге жасырын емес.
Шындығында, кез келген кәсіптің артында еңбек адамы тұрғанын ескерсек, тиісті саланың қызметкерлеріне де қолдау көрсеткен жөн. Ұлттық нан өнімдерін, тағам түрлерін өндіруді дамытып, насихаттауға көңіл бөлу — мемлекеттік істің бір тармағы. Өркениетті елдердегідей түрлі фестивальдар өткізуге мән берілсе гастротуризм бағытына жол ашылар еді.
Кез келген мемлекет өзінің берекелі дастархан мәзірін мақтаныш тұтады. Соның ішінде, жыл сайын миллиондаған пұт астық өндіретін және ас атасы — нанды аса қадірлейтін еліміз де бар. Ендеше бар, бай дәстүрді жаңғырту, байыту, насихаттау «Жұмысшы мамандықтар жылының» табиғи, адами жаңалығы болар еді.
Дархан МЫҢБАЙ