«Береке қайда қонады?»
Бірде бір жас жігіт дана қартқа келіп:
– Ата, мен көп еңбектенемін, бірақ табысымда береке жоқ. Не істесем болады? – деп сұрапты.
Қарт бір жымиып:
– Балам, береке – тек табыстан емес, шүкір мен ниеттен туындайды. Сен табысыңды қайда жұмсайсың? – депті.
Жігіт:
– Өзіме, отбасыма, керек-жарағыма… қалғанын білмеймін, кетіп қалады, – деп жауап береді.
Қарт:
– Онда тыңда. Береке – адал еңбекке, бөлісуді білетін жүрекке қонады. Ал несібе – Алланың жазған үлесі. Оны көбейтудің жолы – шүкір мен садақа. Аздан бөлісе білсең, көпке қол жеткізесің. Ырысы мол адам – барға риза, жоқта сабырлы адам. Осыны ұмытпа, – депті.
Жігіт ойланып қалыпты. Сол күннен бастап әр тапқанынан бір бөлігін мұқтажға беріп, шүкіршілік ете бастапты. Біраз уақыттан соң береке өз-өзінен үйіне кіріп келіп, көңілі де, өмірі де кеңейіпті.
Гүлімжан Айдынқызы