ТӘРБИЕ
Қызданай кемпір бестің шайын ішіп болып, жинала бастады.
Сейсенбі, енесінің ешқайда қонаққа шақырылмағанын білетін кіші келінінің: «Әже, бір жаққа барасыз ба? Қай киімдеріңізді шығарайын?»- деген сөзіне:
— Алаңдама, балам. Осы киімім де жарайды. Ана қалың жадағайдың қалтасына өткендегі құдалықтан келген кәмпиттерден толтырып салшы. Тұрапбай ағаңның үйіне барам, бір-екі күн қонармын,- деп жауап берді.
Қызданай — өмірге екі ұл, бір қыз әкеліп, бәрін де үйлі-баранды қылған, шалын ертеректе «ақ арулап» жерлеген кемпір. Тұрапбай деп отырғаны — жасы елуден асқан, өзі бөлек отау етіп шығарған үлкен ұлы. Ол да — қыз ұзатып, ұлын үйлендіріп, «ата» атанып отырған жігіт ағасы. Қызданайдың өзі кіші ұлы Құрмаштың қолында қалған. «Кіші» деген аты болмаса, Құрмаш та былтыр үйленіп, той берген, мына «әжелеп» отырған келін — сол әзірге ең кіші келін.
…Баяғыда, үйленгесін 7-8 жыл өтпей-ақ, екі ұл, бір қызды — бұған «аманаттай» қалдырып, марқұм күйеуі ауырмай-сырқамай, о дүниеге кете барды. Бойындағы жастық қызуы басылмаса да, екінші күйеуге тием деген ойдан аулақ болған. Бір-екі аузы-басы «жыбырлап», қылжақтағысы келгендерге: «Дүнияңды кесіп алып, итке тастасын демесең, менен аулақ жүр!» дегесін, ондай ойы бар еркектер тым тырыс қалған. «Біреу міреумен әуейі болсам, балаларымның бетіне салық болармын» деген оймен, соларды өсіріп жетілдіруге бар қажыр-қайратын салды. Құдайға шүкір, қиын болса да, бәрін өсірді жетілдірді. Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз, ол да қазір әже атанып, барған жерінің сый құрметіне бөленіп отыр.
Қызданай кемпірдің бүгін үлкен ұлының үйіне кештетіп келе жатуында бір гәп бар еді. Тұрапбайдың ұлы, бұның немересі кешегіде қылық көрсетіпті. Ішіп келіп, келіншегіне қол көтерген. Әке-шеше араша болғысы келсе, анау одан сайын екіленіп жағаласқан. Қызданай түсініп отыр, осы бастан тоқтатпаса, бұның бар еңбегі зая кетіп, үлкен ұлдың отбасының берекеті кетуі мүмкін. Осындай мазасыз ойдың жетегінде таксиге мініп, Тұрапбайдың тастан қаланған биік шарбақты қақпасына келіп жетті.
Кешкі шайға жиналған Тұрапбайдың отбасында үнсіздік. Бәрі де ұрлық үстінде ұсталған адамның күйінде отыр, себеп — сол кешегі жанжал. Келін көңілсіз, біреуі енді жүріп жүрген, екіншісі әлі жасқа толмаған екі баласы: бірі — келіннің алдында, екіншісі қасында бұйыға тығылып отыр. Әйелін сабап, «ерлік» жасаған Жақан ұлы телефон шұқып өзімен-өзі шынтақтап жатыр. Одан кішірек Тұрапбайдың қалған балалары бөлмелерінде, оларға телефон, вай-фай болса — ас-су керек емес, дүниелері түгел.
Тұрапбай ауық-ауық тамағын кенеп, бірдеңе дегісі келсе де, неден бастарын білмей, пұшайман күйде отыр. Осы сәтте, үйдің баласының бірінің: «Урааа, әжем келді!» деген дауысы шықты. Тып-тыныш отырған дастархан аяқ асты әбігер болды. Тұрапбайдың әйелі асыға-аптыға ауыз үйге, енесін күтіп алуға ұмтылды. Тұрапбай да жан-жағына қарап, жинақталып отырды. Жалма-жан орнынан ұшып тұрған Тұрапбайдың «батыр» баласы Жақан ауыз үйге атып шығып, әжесінің кәмпитін бөлісіп алып, бөлмелеріне зытып жатқан балалардың арасынан «Сәлем бердік, әже!» деп айтуға шамасы келді де, бөлмесіне кіріп кетті. Келін, сірә, бір шетке ысырылып, қол қусырып сәлем етуге дайын тұр.
Есіктен кірген шешесін көрген Тұрапбай орнынан тұрып:
-Сәлем бердік, апа! Төрлет! Хал-жағдайың жақсы ма? Менің шешем мені сағынған болды ғой,- деп еркелей сөйлеп, дастархан шетіне отыруға көмектеспекші болып еді.
—Тәйт әрі! Өзім де отыра алам. Қазіргінің жаман қатыны деп пе едің еркеліктен бөксесін көтере алмай қалатын. Өз үйіме өзім қонақ емес шығармын. Рахмет ниетіңе! — деп күліп, төрдегі өз орнына жайғасты. Бір қызығы жаңа ғана ата болып отырған Тұрапбайдың жүзіндегі маңыздылық, үлкендік, аталық сияқты қылықтар жоқ болып, бала кейпіне түскендей болды. Дастархан шетіне отырып, амандық сұрасып алғасын, Тұрапбайдың әйелі Қалима:
-Келін, сен қазаныңа қара, өткенде құдадан қалған кермеде тұрған сүр еттің майын молдау қылып сала бер. Шәйін өзім баптаймын,—деп, келініне тапсырмасын беріп, өзі шайды жаңартуға зыр жүгіре бастады. Аң-таң болып, тосырқап тұрған немерені Қызданай өзіне жақындатып тартып алды да, қалтасындағы кәмпиттен алдына төге салды.
-Тфәй, тфәй! Тұраштың тура бала кезі екен, ұқсамасаң тумағыр!.. Ой пошымыңнан айналайын күшік! Тфәй-тфәй!— деп емірене бетінен сүйді. Жас келінге қарап отырып:
— Құдадан қалған етіңді молырақ сал, қарағым! Мен екі қонам осы үйге. Сосын, құдадан қалған арақ болса, оны да әкел, мына атаңмен ішейін отыра қалып,—дегенде, Тұрапбайдың іші қылп ете қалды. Ия, бұның анасы қатты ашуланғанда, әңгімесін осылай кекете сөйлеп, қыңырайып, қырсықтанып бастайтын. Баяғыда мектептен «екі» алып келгенде де, осылай басталатын. Бұлай басталса соңы қорқынышты, таяқ жеу қаупі ұлғаяды. Қашып кететін бала емес, қарсыласуға — өз анасы. Шешеге қарсылық көрсету — бұның табиғатына жат. Басқа салғанды көтермеске амал жоқ. Қанша балаңмын дегенде де, ата болып отырған аты бар, бала мен келіннің көзінше ұра қоймас деген үміті де жоқ емес.
Үлкен кісінің сөзіне не дерін білмей қалған келін өз ата енесіне кезек-кезек қарай берді.
— Оларға несіне қарайсың? Олар — саған ата-ене болғанмен, маған бала. Бұлар менен асып қайда барар дейсің? Жәә, керек емес арағың. Әдемілеп етіңді пісір, сорпасын ішерміз,- деп шиеленіскен сәтті шешіп жіберді. Бала келініне қарап:
—Әлгі батыр қайда?Шақыр мында! Қолын алайық, дидарына сүйсінейік. Оңай ма саған, әйелін ұрып шырылдату деген анау-мынау еркектің қолынан келер іс емес. Нағыз қазіргінің қас батыры екен. Шақыр мұнда!- деп Тұрапбайға жекірді. Қалима шалт қиылмен жылдам барып, баласына ескертіп келді. Келін қазан көтерумен әуре боп жүргенде, Қызданайдың алдына әбден бапталған қою күрең шәй келіп, дастархан үсті тәтті-пәттіге тола түсті. Үркектей басып келіп, «қатын сабағыш» Жақан немересі де дастархан шетіне жайғасты. Шәйін бір ұрттап жіберіп:
— Әй, боқмұрын, сен осы кімнің баласысың? —деп Жақанға қарата айтып еді, Басын көтеріп ыржия қараған Жақан:
—Әжемнің баласымын, — дей бергенде:
—Енеңнің шонтайы саған! Менің балам болсаң, бұндай көргенсіз болмас едің. Мыналардың баласысың,— деп ұлы мен келініне зәрлі көзбен қараған да ол екеуі тарының қауызына сыярдай болып кішірейіп кетті. Қызданай кемпір, онысымен қоймай, қасында жатқан жадағайдың жеңіне тығулы тұрған өзінің кішірек қамшысын шығарып, Тұрапбайды жон арқадан салып өтті. Кішірек болғанымен, теріден тоқылып, басына кәдімгі көліктің ондық болты байланған қамшы едәуір салмақты еді. Шай басында жеңіл киіммен отырған Тұрапбайдың жон арқасы тілініп түскендей болды. Қалиманың зәресі зәр түбіне кетті, бұған да тиіп кетуі мүмкін. Енесі ашуланбайды, бәрін ақылмен, сабырмен шешетін салмақты адам, ал ашуланса, аямайды. Осы жолы да қатты келген сияқты. Мына жағдайды көрген Жақан не дерін білмей, көзі атыздай болды.
— Саған әйелге қол көтеруді кім үйретіп жүр, а? Жоқ, әлде келін біреумен жүре ме, әлде мыналарды бөтен біреуден туды ма? Сенен рұқсатсыз қаңғып қыдыра ма? Олай болса, айт. Қазір апарып тастайық. Әй, жетесіз, саған айтып отырмын! Не болды сонша арақ ішіп? Ненің құрметі деймін саған! Әлде атаң арақтан өліп пе еді?!. —деп ызбарлана сөйлеп отырып, Тұрапбайды арқадан қамшымен тағы бір тартты. Немересі Жақан айтарға сөз таппай, төмен қарап жерге кіріп барады. Әкесінің өзі үшін жазықсыз таяқ жеп отырғаны жанына батып-ақ барады. Басқа біреу болса, төбелесе кетер еді, ал мынау — әжесі. Мінезі қатты екенін білетін, бірақ мұншалықты қатыгез екенін білмеуші еді.
Жақанның қолынан келгені:
— Әже, кешірші! Білмей қалыппын. Көбірек кетіп қалыпты. Енді қайталанбайды. Құдай ақы, әкемді ұрмаңызшы! Болды, енді аузыма татып алмаймын! Кешірші, әже!- деп шыңғырып жіберді. Жолдасының бұлай шырылдағаны келінге де қатты әсер етті, әттең, қолдан келер дәрмен жоқ. Ботадай көздері жасаурап, не істерін білмей, жаны күйзеліп тұр.
— Солай ма екен?!Әкешілін боқтың. Балаларыңның анасы — жаныңда жатқан жан жарыңды шырылдатып ұрғанда, ана қолдарың неге сынбады сенің? Осыдан сол шайтанның сідігін тағы ішкеніңді естиін, тіпті аямаймын. Сені ғана емес, мына отырған әкең мен шешеңді де көгала қойдай қылып сабаймын. Ал сен, — деп Тұрапбайға қарап, — не үшін таяқ жегеніңді түсінген шығарсың. Сені мен өсірдім, мен тәрбиеледім, сенің ішіп келіп, үйге тигеніңді көрмедім. Ал мынаны болса, сен тәрбиеледің, мынау — соның жемісі. Өткенде, мына келін босанғанда, құдаң екеуің арақ ішіп, жудыңдар. Ауыздарыңа келгенді айтып бөстіңдер. Мынау — соның салдары. Арақпен еріп келген шайтан үкі таққан бесікке кіре алмады, ал есейіп, ер жетті деген мына Жақанның жағасына жармасты. Себебі сендерге екі шөлмек аз болып, тағы екеуіне осыны жұмсадың емес пе? Міне, шайтан әлсіз, қорғансыз жерден шап берді. Мына баланың көзін байлады. Содан үйден берекет кете бастады. Балаңды тәрбиелегің келсе, өзің түзел! Балаңа әйелге қол көтермеуді үйрет, Қалима ана келінге еркектен таяқ жемеуді үйретсін. «Ата», «Ене» деген атты алып жүру: ол — тек тойда төрде отыру емес, ол — ең бірінші өзіңді тәрбиелеп, сол атаққа ие болу. «Арақ — атаңнан қалған ас емес», шайтанның суын ішкің келіп өліп бара жатсаң, балалар жоқ жерде іш, бірақ өз үйіңе, отбасыңа сау кел!- деп сөйлеп отырып, шәйін ұрттай берді. Тұрапбай «Оның бәрін шешем қайдан біледі, сен жеткіздің бе?» дегендей әйеліне ала көзбен қарап еді, Шешесі:
— Одан көрме ештеңені де. Баласының отбасындағы «үп» еткенді білмейтін шеше — шеше ме? Қажет болса, қораңдағы үш жандықтың қай аяғы ақсақ, қайсысы жем жемей тұр — оған дейін білем. Қазақ «Қатты айтпасаң бет қайтпайды» дейді, мына шірік бүгін әйелін сабаса, ертең саған қол көтермесіне кім кепіл? Сол үшін келдім, менің етегімнен өрген бұл неткен жексұрын екенін көрейін деп. Кеше «құда-құда» десіп, үш шөлмек арақ ішкен құдаңның бетіне қалай қарайсың? Бүгін балаң оның қызын быт-шыт қылып сабаған болса,- дей бергенде, жас келін әлсіз ғана:
— Болар-болмас екі шапалақ қой, әже, мен ұмытып та кеттім уже, -деп күйеуін ақтап алмақшы болды.
— Оның дұрыс, қарағым, кекшіл болма. Разымын мына сүмелекке араша түсіп отырғаныңа! Ал сен, -деп Жақанды өзіне қаратып алып,— сүмелек болма! Ертең мен де кетем шалымның артынан, мына әке-шешең де мәңгілік емес, сол кезде мына әйелің — өмірлік серігің қасыңда қалатын. Сол кезде бала-келінің ит пен мысықтай болып ырылдасып, үйіңнің берекетін алсын демесең, мына балаларың сенің қисаңдап жүргеніңді көрмесін! Отбасы деген — арба, сол арбаның алдыңғы аяғы қалай жүрсе, соңғы аяғы да солай жүреді. Осыны ұмытпаң!- деді де, Қалима келініне қарап: — Аңыраймай, шәйіңді құй. Ал мен өледі дегенге келсек, мен мыналардың,- деп шөберелерін көрсетіп,- бір-жарын үйлендіріп, үй қылмай кетпеймін. Сендерді әбден дұрыс жолға қоймай, шалымның бетіне қалай қараймын, не деп барамын?!. Міне, солай!— деп сөзін аяқтап жатыр еді, ту сыртында көз жасын майлыққа сүртіп тұрған жас келін келіп құшақтай алды да:
—Кетпейсіз, әже, бәрінің тойында боласыз. Сіз болмасаңыз, ол тойда не сән болады?- деп бетінен, көзінен сүйіп-сүйіп алды. Немересі Жақан да келіп, қолтығының астынан орын тауып:
-Әже, кешірші! Еркектік сөзім — енді арақ ішпеймін!-десе, Қалима да көз жасын бір сығып тастап:
—Алтын басты енем-ау, мың жасаңызшы! Сіз келгеннен, үйіміздің сәні кіріп, берекетіміз көбейгендей болды ғой,- деп, алғысын жаудырып жатты. Бала-келіннен босаған шешесіне қарай еркелей қисайған Тұрапбай:
—Апа-уу, кейде осы сенің ұрғаныңды сағынам. Арқам қышып, жыбырлап тұрады. Ақшасын төлеп тұрайын, арасында келіп, осылай ұрып тұрсаңшы,- деп басын сүйіп, еміреніп жатыр еді. Қызданай кемпір:
—Тәйт әрі, енесін емген ботадай болмай! Осыны да біреу «ата», біреу «құда» деп жүр-ау. Шәйіңді ішіп болсаң, бар да, мал-жайыңа қара. Босат мына жерді! Ал менің мына екеуіне айтарым көп әлі,—деп зілсіз күлді. Бағанадан әжесінің алдында отырған немересі ғана әлі таң-тамаша болып отыр. «Осы кемпірдің не құдіреті бар екен?!» деп…
Ия, біреу сенер, біреу сенбес, алайда елуге келіп, ата-ене атанып отырғандарға ақыл беретін, ақыл қонбаса, қолындағы таяқпен салып жіберетін, өмірдің ащы-тұщысын тең татқан аналарымыздың бары рас.
Ал ата болып отырған баласын жонарқадан ұрғаны дұрыс па, бұрыс па — оны оқырманның билігіне қалдырам.
Ең бастысы, Қызданай әже дұрысын айтты. «Құда деген — атақ төрде отырып бас мүжу ғана емес, бала-келінге берер тәрбиеңе де байланысты. Одан қате жіберсең, қартайғанда азабын тартасың..»
(әңгімедегі адам аттары өзгертілген, сәйкес кеп жатса кездейсоқтық деп есептелсін)
М. Кенжебаев. Бейнеу.