Ұмытыла бастаған ұлттық таным :

ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАР
«Қазақ – ырымшыл халық». Бұл тіркес бізге тым таныс. Бірақ сол ырымдардың ар жағындағы ұлт болмысын, терең танымды, ұрпақ тәрбиесін көздейтін даналықты ұғып жүрміз бе? Қазіргі таңда көпшілік, әсіресе жастар ырым мен тыйымды «ескіліктің сарқыншағы» деп қабылдамай жатады. Алайда сол нанымдардың әрқайсысы – ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесінен, байқағыштығынан, өмір сүру салтынан туған ғажап кодекс.
Тұрмыстық ырымдар мен тыйымдар
Қазақтың тұрмысында көптеген ырымдар мен тыйымдар кездеседі. Мысалы, үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құйып шығару ырымы бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тілеудің, жақсылыққа жорудың символы. «Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды» – ырыс-несібе кемиді деп есептеледі.
«Түнде тырнақ алмайды, шаш қимайды» – Бұрын жарық жоқ кезде бұл әрекеттер жарақатқа алып келуі мүмкін. Сонымен бірге, шаш пен тырнақ адамның бойынан шыққан «киелі» дүние ретінде қаралған. Оны бейберекет уақытта кесу жын-шайтанға жем болуы мүмкін деп сенген.
«Түнде үй сыпырмайды, күл шығармайды» – Қараңғы түскенде үй сыпыру, күл төгу – үйдің ырысын сыртқа алып кетумен тең саналған. Әрі кешкі уақытта күл төгетін орынға барып, қауіпке ұшырау мүмкін еді. Бұл тәртіп пен қауіпсіздіктің, тазалықтың тыйымы. Бұрынғы кезде ауыл шетіндегі күл төгетін жерге қарақшы, қасқыр, ит шығады деген де сенім болған. Сондықтан түнде үй тірлігі тежеліп, тыныштық орнайды.
«Босағаны керме, босағаға сүйенбе» – Қазақ босағаны құрмет тұтып, оған сүйенуге, оған аяқ артуға қатаң тыйым салған. «Босағаға сүйенген қыз – босағада қалады» дейтін сөз осыдан шыққан. Ер адам да, әйел де босағаны кермейді – бұл қырсық шақырады деп есептелген. Анығында, босаға – өткел. Оның үстінде тұрсаң, адамның жүріс-тұрысына да бөгет келтіреді. Іргесі шайқалған үйден береке де, бақ та таяды деген түсінік осы ұғыммен сабақтас.
Балаларға қатысты ырымдар мен тыйымдар
Балалар тәрбиесінде де көптеген ырымдар мен тыйымдар қолданылады. Мысалы, сәби шалқасынан жатып, алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі деп ырымдаған. Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, қырсық болып өседі деп сенген. Сондай-ақ, баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді немесе қыздың орайы екеу болса, екінші рет тұрмысқа шығады деп жорамалдайды.
«Бейуақта баланың киімін далаға жаймайды» – Қазақ ұғымында бейуақ – күн батып, қараңғы түсе бастаған мезгілден бастап таң атқанға дейінгі уақыт. Бұл мезгіл жын-шайтан мен тылсым күштердің еркін жүретін уақыты деп есептеледі. Пайғамбарымыздың да бұл уақыттағы жер бетіндегі жындардың көптігінен ине шаншар орын қалмайтынын меңзеп айтатыны бар. Қазақтың ырым-тыйымының көбі де дәл осы бейуақпен байланысты болып келеді.
Ал бала – періште, әлсіз, тез әсерленгіш. Сондықтан баланың киімі далада ілініп тұрса, сол тылсым күштер «киім арқылы балаға зиян тигізеді» деген сенім бар. Екіншіден, түнде басқа адамдар киімді байқамай, не балаға арналуын біліп, ішінен бірдеме десе немесе қызығып қараса «көз өтеді» деп түсінген. Бұл да – қазақтың көз тию, тіл тию деген нанымымен байланысты. Ал үшіншіден, түнде жайылған киімге шаң, ылғал, жәндік, тіпті қараңғыда ұшатын жаратылыстар (түн көбелегі, маса, т.б.) келуі мүмкін. Бұл – тазалық жағынан да дұрыс емес. Баланың иммунитеті әлсіз болғандықтан, киімге жабысқан кір мен зиян баланың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан таза, құрғақ, күн көзінде кепкен киім ең дұрыс деп есептелген.
«Нәрестенің бетіне ай сәулесін түсірмейді» – Ай сәулесі баланың бетіне түссе, ол ауруға шалдығады деп білген. Қазақ халқы Айды тылсыммен, сырмен байланысты қараған. Түнде нәресте балбырап терең ұйқыда жатқан кезде бетіне ай сәулесі түссе «бесігіне жын жолайтынын», «бала шошып қалатынын», «селқос, мазасыз, тіл-көзге осал болады» деп сенген.
«Жаңа туған сәбиге айна қаратуға болмайды» – тілі әлі шықпаған баланы айнаға қаратса тілі шықпай қалады деп жатады. Қазақ дүниетанымында айнаға қараған адамға тылсым күштер тез әсер етуі мүмкін деген сенім болған. Ал жаңа туған нәресте ондай тылсым әсерге осал болатыны сөзсіз. Бұл тыйым арқылы сәбиді қорқыныштан, шошынудан қорғау көзделген.
«Балаға үлкен адамның киімін кигізбе» – Бұл жерде баланың энергетикалық әлсіздігі мен үлкен адамның өмірлік жүгі арасында байланыс бар деп сенген. Үлкен адамның киімінде оның аурасы, тіршілігінің ізі болады, ал оны кию балаға ауырлық, салмақ әкеледі деп есептелген. Сонымен қатар, бұл баланың киімін бөлек ұстап, тазалыққа мән беру дәстүрін де көрсетеді.
Қоршаған ортаға байланысты тыйымдар
Табиғатқа деген құрмет қазақ халқының басты құндылықтарының бірі. Сондықтан қоршаған ортаға қатысты да көптеген тыйымдар бар. Ырым-тыйымдар арқылы қазақ халқы экологияны, табиғат заңдылығын, адам мен орта арасындағы үйлесімділікті бұзбауға тырысқан. Бұл – бүгінгі экологиялық тәрбиеге де негіз боларлық өте құнды мәдени код.
«Құдыққа түкірме, суға дәрет сындырма» – Құдық суы немесе ағын суды былғау елге кесел келтіреді.
«Көк шөпті жұлма, жас талды сындырма» – Көк шөпті жұлу, жас шыбықты сындыру өмірдің бастамасын, бар тіршіліктің қайнар көзін жоғалтқанмен пара-пар деп біледі.
«Торғайдың жұмыртқасын шақпа, бетіңе шұбар қаптайды» – осы арқылы қандайда бір құстың жұмыртқасына беталды тиісуге болмайтынын, балапан басқан құсты үркітіп, қорқыту дұрыс еместігін түсіндірген.
«Отты баспайды, күлді бейберекет төкпейді» – От – шаңырақтың иесі, тіршіліктің негізі. Қазақ отты қасиетті, киелі санаған. «Отпен ойнама», «оттың басын баспа» деп тыйым салған. Күл де — сол оттан қалған нәрсе, сондықтан оны да оңды-солды төге бермейді. Әсіресе жолға, суға, егістікке төкпейді – бұл қасірет шақыру деп саналған. Ал шариғат бойынша күл жындардың мекенінің бірі. Сондықтан оны көрінген жерге төгу қауіпті болып саналады.
Қазақ «ырым қате кетпейді» деп бекер айтпаған. Сол ырымда — ұлттың тілі мен ділі, рухы мен болмысы жатыр. Сондықтан бұл ұлттық кодымызды сақтап қалу – тек этнографтардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.