ТҮРМЕДЕ ОТЫРЫП ТІЛ ҮЙРЕНГЕН
1938 жылы репрессияның екінші легіне Мұхтар Әуезовтермен бірге жазушы Хамза Есенжанов та ілікті. Оған «халық жауы» деген жала жабылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылады.
Өздеріне дейін талай қазақтың зиялылары атылған камерада М.Қаратаев, Х.Өзденбаевпен бірге отырады.
Түрмеде жатып басқа ұлт өкілдері арасындағы тұтқындардан ФРАНЦУЗ ТІЛІН үйреніп, кейін бостандыққа шыққан соң француз қаламгерлерінің еңбектерін және М.Шолоховтың екі томдығын қазақ тіліне аударады. Ол туралы түрмеде бірге болған жазушы досы Хасен Өзденбаев «Слово о Хамзе» атты мақаласында: «Хамза француз шпионы деп саяси тұтқын есебінде қамалған В.Якиманскийден француз тілін меңгерді. Осы тілдің жіктеу, септеу грамматикасын да үйренді» дейді.
Түрмеде отырып, ұлттық рухы мұқалмаған Хамза Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов әлі ақталмағанына қарамастан 1951 жылы дүниеге келген екінші баласына ӘЛИХАН деп ат қояды.
Сайлау Сүлейменовтың «Хамза есімін ел танитын кез келді» мақаласынан алынды. «Астана Ақшамы» газеті, 14 Қазан, 2021 ж.