Шындықты мойындамасақ – шыңырауға құлаймыз!
Ұлттар (өкілдері) бірлігі — ел тыныштығының сенімді бір кепілі
Қазақ халқы қашаннан да тәубашыл халық. Аллаға деген сенімі мен аманаты басым, ашкөздігінен де қанағаты басым халық. Өзінен бұрын өзгелердің қамын ойлағыш, жақсылыққа жаны құштар, дархан көңілі дархан даласындай әрдайым дастарханы жиылмаған, той думаны тиылмаған пейілі кең халық. Тар жол тайғақ кешу замандардың зулматтарында, қазақтың осы кең даласына кімдер келіп бас сауғаламады дерсіз! Өз ағамыз десетін Өзбек, Қырғыздан бастап, түбі бір десетін Түркі, Татар, Ноғайларды айтпағанда, сонау сұрапыл соғыс жылдары өзіне қарсы оқ боратқан қас дұшпаны Неміс халқының да басынан сыйпап, бауырына басқан осы қазақ елі, қазақ халқы болатын. Олармен барын бөлісіп жеп, оларға үй тұрағының төрін сыйлаған да осы қазақ! Қазақтың осы кең пейіліне кімдер разы хош болмады дерсіз. «Арқа жайлы болса Арқар ауып несі бар», -дегендей, жайлы жер мен жақсы ниетті халық кімге ұнамасын, ондай жұмақтың мекені кімдерге қоныс болмас дерсіз. Міне, бүгінгі Қазақстанның көпұлтты ел болуының бір сыры осында жатса керек. Әрине, «Бір жағадан бас — бір жеңнен қол шығарып» халық болып, ұлт болып ынтымағымызды жарастырып ұйыса білу, біздің Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін де, сол ынтымақ берекеміздің арқасында еш алаңсыз ілгерлеп дамуымыз үшін де аса маңызды екендігі белгілі. Олай болатыны ынтымық-бірлігі жарасқан жерде ғана, баянды бақыттың, сенімді болашақтың кепілі бар. Бүгінде біздің елдегі ұлттар өкілдерінің бірлігі күннен күнге нығайып, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болуда! Бұл, біздің Елбасымыздың көреген саясатының жемісі дер едім! Алайда…
Шындықты мойындамасақ- шыңырауға құлаймыз!
«Өзіне-өзі сын көзімен қарамайтын халық — болашағына көп үміт арта алмайды»,-деп бірде Елбасы Н. Н. Әбішұлының өзінің айтқаны барды. «Тұрымтай — тұсында» демекші, әрбір заманның өз талаптары баршылық. Сол талаптардан шығуға, сол замандардағы ұлттың, халықтың өзіндік межелі мақсат-мұраты болмақ қой. Бүгінге дейін көшпенді қазақ халқының басынан не өтпеді? Арғысын айтпағанда Ресейдің бодандығында болған уақыттағы, қазақ халқының басынан кешкен тарихи зұлматтардың өзі бір төбе! Әуелгі қазақтың малын тартып алып, оларды кәсіби күнкөрісінен айырды. Соның салдарынан туындаған ашаршылықтың кесепатынан қазақ халқы миллиондап қырылды. Алаштың бетке ұстар күллі арыстарын жаппай дерлік қырып салды. Қазақтың құнарлы жерлерін күштеп тартып алып, оларды құнарсыз өлкелерге ығыстырып тентіретті. Онан кейінгі сұрапыл соғыстың зардабы дегендей, айтып таусылмастай қасіретті қазақ халқы басынан кешті. Осылайша елдің іргесі сөгіліп, ердің жасы етегіне төгілген қиын-қыстау замандарды көздерімен көріп белімен көтерген, сол зұлматтардың тірі куәлері бүгінде армызда баршылық.
Біз, қазақ халқының ту-талапайын шығарған осынау қасіреттерден сабақ алмайынша, әрі соған лайықты саясат жүргізбейінше, жарқын болашақтың сенімді ірге-тасын қалап, біртұтас қазақ елі болып өркендеп дами алмаймыз. Дамып келеміз дейтіндер баршылық та шығар. Әрине, көрер көзге дамып, өркендеп келе жатқандығымыз шындық. Оны мен де жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ…
Бұл даму қазақ елінің, ұлтының ертеңгі болашағы үшін тым бұлыңғыр дер едім! Еліміздің дамуының бүгінгі жағдайын қалайынан ойласақ та, қайда жетері белгісіз көмескі жолдай сүреңсіз әсер қалдырады! Қазақ елі, қазақ жері қайсы десе, мынау деп қасқайып тұрып мақтанышпен көрсете аларлықтай бабаларымыздан мұраға қалған кең жазира даламсыз бар. Ал, шын мәнінде кез келген саналы адамға, сол Қазақ елінің, қазақ жерінің бүгінгі нақты қожайыны кім?, -деген сұрақ осы жерден туындайды. Әрине, оның қожайыны әзірге бізбіз! Ал, болашақта ше?! Сол елдің нақты иесі, яғни өз ұлты өз елінің қожайыны бола алмаса, одан асқан сорақылық бар ма?! «Өз ұлтын сыйламау сатқындықтың белгісі», -деп Бауыржан Момышұлы бабамыздың да ашына айтқаны бар! Міне, өз басым осы тұрғыдан қарап, өз саясаттарының дұрыстығын қызғыштай қорғап отырған бүгінгі билікке көңілім толмайды. Біз басқасын айтпағанда, қазіргі қазақ ұлтының тағдыры мен оның ертеңгі жарқын болашағының сенімді болуын, уақыт оздырмай ертерек ойлаудың қажеттігі, бүгінгі қоғамымыздың беталысынан туындап отырған ең өзекті мәселе екендігін айтқым келеді. Олай дейтінім, іргелі ел болудың ірге-тасы, бүгінгідей жалпақ шешейлік танытқан көп ұлтты, немесе көп дінді, сол сияқты билік пен халық, қара мен төре, бай мен кедей делінетін санатқа бөліну арқылы қаланбайды! Тек ғана ел иесі, жер иесі болып саналатын ұлттың жұдырықтай жұмылған бірлігі, әрі оның дәстүр-салтына негізделіп құрылған идеологиялық саясаттың жүзеге асуы арқылы ғана, еліміздің жарқын болашағының ірге-тасы сенімді қаланбақ! Біз тәуелсіз ұлттық мемлекет болған соң, бізде міндетті түрде ұлттық мақсат мұрат деген болуы керек қой. Ғасырлар бойы отаршылдықта болған біздің мемлекет өзінің құқықтарынан айырылып, өзгенің айтқанына көніп айдауымен жүріп келді. Енді өз теңдігін қолына алған тәуелсіз мемлекет ретінде, мынау кімнің елі, кімнің жері екендігін толық сезініп, соған лайық саясатпен жұмыс жасауы керек еді. Біз өзімізді көпұлтты мемлекетпіз деп жар салуға бейім тұрамыз, әрі жар салумен келеміз де! Шын мәнінде ұлт ретінде мойындалып саналу деген үлкен дәреже. Мысалы, бүгінгі таңда дүние жүзінде БҰҰ -ы деген үлкен дәрежелі ұйым бар. Оған мүшелікке кіретін ұлттардың өзінің мемлекеті, жері, тілі, ұстанатын діні бар ұлт ретінде танылған мемлекеттер ғана кіреді. Осы тұрғыдан ойлап қарасақ, қазақстанда қазақтан басқа бір де ұлт, ұлт ретінде мойындалуы мүмкін емес! Біздегі ұлттар деп жүргеніміз тек ғана сол ұлттардың құрамдас бөліктері ған. Егер біз мысалға Ұйғырды ұлт деп мойындасақ, күннің күнінде оның ұлт ретінде бөлек Автономиялық ел болып бөлініп шығу құқығын да мойындайтын боламыз. Мұның дүниежүзлік заңдық нормада солай көрсетілгендігін бүгінгі биліктің білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан бүгінде өз жерінің заңды иесі саналатын қазақтың, ұлттық барлық мүмкіндіктерінің құрдымға бет алуына толықтай жол беріліп отырғандығы, ашщы да болса шындық екендігін билік мойындауы керек. Өткен ғасырдың қолдан жасалынған зұлматтарынан қырылып қалған қазақ халқының, орынын толтыруға келген келімсектердің, бүгінгі таңда ел иесі қазақтан дәрежесі әлде қайда жоғары тұрғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Неге бұлай?-деген сұрақ ешкімді толғандырмайды деп ойлау әбестік болар еді. Бұл еліміздің көзі қарақты әр бір азаматының көкейіндегі сұрақ! Бүгінге дейін бұл мәселе айтылып та, жазылып та келген. Өкінішке орай билік тарапы бұған мән берудің орнына бұл мәселенің ушыға түсуіне жол беріп отыр! Қазіргі таңда елімізде, басы байлы мынау қазақтыкі дерлік нысанның өзі жоқтың қасына айналды. Еліміздегі мұнай және кен орындарын айтпағанда, барлық үлкен компаниялардан бастап ірі өндірістер, өнеркәсіп салаларының ірі құрылымдарына дейін шетелдің немесе өзге ұлт өкілдерінің толықтай қармағына көшті деуге болады. Осының салдарынан қазақ халқы нанын тауып жеу үшін, сол өзге ұлттардың алдына барып тізе бүгуге мәжбүр. Міне, бұл қазақтың өз елі, өз жерінде өгейліктің күйін кешіп, өктемдік жүргізіп отырған өзге ұлттардың құлына айналудың аз-ақ алдында тұрғандығын көрсетеді. Осы үшін де бұл мәселені уақыт оздырмай дұрыс жолға қою керек. «Уақыт қылыш, сен кеспесең ол кесіп түседі»-деген араб халқының мәтелі бар. Сол айтқандай біз бұл қателіктің дер кезінде алдын алмасақ, уақыт оза келе, қазақтың мойнына құлдықтың қамыты мықтап киіліп ұлы құлдың, қызы күңнің күйін кешетін күн тумасына кім кепіл?!
Досың жылатып айтады білсін деп…
«Досың жылатып айтады білсін деп, дұшпаның күлдіріп айтады «жүрсін!» деп», -деп бекерге айтпаған болса керек! Мәселе сын айтуда емес, сол айтылған сынды мойындай білуде! Біз өзіміздің, яғни Қазақ елінің қазақ халқының досы кім? дұшпаны кім? екендігін де айыра білуден қалғандаймыз. Біреулер жақсысың деп мақтаса оны досқа балаймыз, кемшіліктерімізді айтқан біреулері дұшпанға санаймыз. Бұл да біздің жетесіздігіміз деуге болады. Бүгінгі таңда әрине қазақтың досы көп. Неге? Оларды қазақ елімен достық қарым-қатынаста болуға мәжбүрлеп отырған, қазақтың кең жазира даласындағы, игерілмей жатқан кен байлықтары! Ғасырлар өтер, қазба байлықтар да таусылар. Сол кезде бүгінгі дүниелік достың бәрі сырт айланып, өзіңнің хас жауыңа айналмасына кім кепіл! Білген адамға қазақтың досы — тек ғана қазақ! Әр қазақ, бір қазақтың баласы. Қазақстан Әлемдегі барлық қазақтың киелі қара шаңырағы. Қазақтың кең жазира даласы, бүкіл қазақтың құт мекені, ата қонысы. Күллі қазаққа бабаларынан АМАНАТ-қа қалған мұрасы. Міне, осы кең даласына иелік етіп, оны қызғыштай қорғап елін, жерін гүлдендіріп, өркендетіп дамыту да күллі қазақтың міндеті, әрі парызы болмақ. Еліміздің осынау ұланғайыр даласының бір бөлігі бүгінге дейін құлазып иен жатыр. Иен жатқан өлкеге, ондағы тегін жатқан байлыққа кімдер қызықпасын, кімдер сұқтанып, кімдер көз алартпасын. Кешегі Ресейдің Украйнаға қақтығысынан кейін, ел үкіметі сол иен өлкелерді иелі етуге аз да болса қадам жасағаны қуантады. Алайда, бұл шараның ауқымы әлі де болса жеткіліксіз. Бүгінде шетелдерде тұрып жатқан, әрі ата-жұртына жетуге зәру бір неше миллиндаған қандастарымыз баршылық. Солардың келуіне, орналасуына ел үкіметі сараңдық танытпай барлық мүмкіншіліктерді қарастырып, әрекетке көшуі керек. Тақауда көші-қон мәселесі шешілгендігі хабарланды. Оқыдық, таныстық. Халықтың ынталанып жаппай үдере көшіп келуіне себеп боларлықтай маңызды шаралардың қарастырылғанын көре алмадық деуге болады. Айталық, мысалы сонау иен жатқан солтүстікке көшіп келген отбасына қызметтік пәтерді бес жылға береді екен. Бес жылдан соң барып оны жекеменшігіне өткізіп алуға құқылы делінген. Міне, «Байдың асын байғұс қызғанадының» кері. Өмір бақи жиған тергенін сатып жолына жұмсап әзер жеткен ағайынға басы байлы бір баспананы да толығымен қия алмаймыз. Бұрынғыдай квота берілетін жағдайда болса, әрине оның жөні бір бөлек. Сонда ата-жұртына келемін деген ағайындар, сонау солтүстікке барып бес жылдан соң бір баспаналы болу үшін келмек пе? Күні кешегі Қояндыда болып жатқан жер дауын, баспана дауын, сол оралман ағайындарға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықты бүгінгі шетелдегі қандастарымыз толықтай көріп біліп отыр. Білген адамға бұл мәселе тек оралмандарды ғана емес, күллі қазақ елін, қазақ ұлтын қорлау! Қазаққа үстемдігін жүргізе бастаудың бір көрінісі! Ал бұған (екі бір депутаттарымызды) айтпағанда, ел үкіметі әлі күнге түк білмегендей сыңай танытып үнсіз отыр. Қазақтың қазаққа жаны ашымаса, қазақ халқы өзара ынтымақ бірлігінен айырылса, сонда Қазақ елінің ертеңгі күні не болмақ, ағайын?
«Түгел сөздің түбі бір — түп атасы Майқы би», -деген ескінің сөзі бар. Әйгілі Шыңғысханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы болған сол Майқы би бабамыз, өз заманында халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған екен. Бүгінгі біздер ұрандатып айтып жүрген «Бірліксіз тірлік жоқ», -деген аталы сөз де, кезінде осы Майқы би бабамыздың ауызынан шыққан сөз екендігін біреулер білсе де, біреулер білмес. Сол Майқы би: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді…»-деп өсиет қалдырған екен! Міне, бұл ел бірлігі үшін айтылып, өз құндылығымен бүгінге жеткен асыл өсиеттердің бірі. Сондықтан да жоғарыдағы айтылған жағдайларға бүгінгі биліктегі отырған азаматтарымыз сын көзбен қарап, әркім қазақ еліне, ұлтына деген жанашырлығын өз іс әрекеттерімен дәлелдей жатар деген үміттеміз! Ең бастысы өзіміз ынтымақ бірлігігімізден айырылмайық! Еліміздің ұланғайыр кең байтақ даласын шеттегі қандас бауырларымызбен толтырып, көбейейік, көркейейік, ағайын! Алла бізді бірлігімізден жазбасын! Ұрпағымыздың санасы уланып, өзге ұлттың бұғауында кетуден сақтасын, -деп тілейік!
БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі