ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «БАСПАНА САПАСЫ СҰРАНЫСҚА САЙ БОЛУЫ ТИІС»

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың ш.м. асатын 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Әкімшілік-іскерлік орталығындағы» көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі мен құрылыс жұмыстары туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.

Тұрғын үй құрылысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Мәлімдеуінше, 10 айдың ішінде жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Яғни, жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни, тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.

— Пайдалануға берілген үйлер халықтың барлық талабы мен сұранысына сай болуы тиіс. Бұл – өте маңызды. Үйлердің айналасың абаттандыруға да баса мән берілген жөн. Балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда. Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына қала әкімінің және тиісті басқармалардың тікелей жауапты, — деді Дархан Сатыбалды.

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды пайдалануға беріліп жатқан үйлерді тексеріп, анықталған кемшіліктер бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және санитариялық жұмыстарды қолға алып, жандандыруды жүктеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі