ҰЛТТЫҚ САНА СЫНҒА ТҮСЕР СӘТ КЕЛДІ

Айналайын ағайын! Ардақты бауырлар!
Бүкіл адамзаттың басына үлкен сынақ түсіп тұр. Тәж тажал дүниенің төрт бұрышын шарлап, 190 елге тарады. Кәрі құрлықтың халқы қынадай қырылуда. Италияда соңғы бір тәуліктің ішінде коронавирустан 969 адам қайтыс болды. Мұндай қырғын соғыс кезінде де болмаған шығар. Медицинасы озық саналатын, дамыған Еуропа елдері (Германия, Испания) күн сайын күңіреніп отыр. АҚШ індетті жұқтыру жағынан жаһан жұртының алдына шықты. Көресінің көкесі әлі алда сияқты.
Сондықтан, соғыстан да қиын болып тұрған дәл осы тұрлаусыз сәтте ұлт болып ұйысып, ел болып ойланбасақ болмайды. Бұл індет – біздің қандай ұлт, қандай ел екенімізді көрсететін шешуші сынақ екенін санамызбен терең түйсінуіміз керек.
Біз салыстырмалы түрде аз халықпыз. Еліміздегі қазақтардың саны 12 миллион. Бұл Қытай халқының 0.8, Үндістан халқының 0.9, Америка халқының 4 пайызын ғана құрайды. Қаншалықты аз екенімізді осыдан аңғаруға болады. Біз үшін ұлтымыздың әр азаматы алтыннан да қымбат. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөздің терең мағынасын жүрекпен ұғынуымыз керек. Еуропадағыдай қырғынға қиятын адамымыз жоқ. Италияда 61 миллион адам тұрады. Бүгінге дейін 9 мыңнан астам адамы өлді. Жан тапсыру жағынан оған Испания да ілесіп келеді. Індетті көп жұқтырған Германияның үрейі ұшып отыр. Бізге Алла жар болсын!
Тарихты сараласақ, біз көп қырылған халықпыз. Бағзы замандарды айтпағанда, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақты қыру үшін мақсатты түрде арнайы ұйымдастырылған түрлі саяси науқандар мен ашаршылықтың кесірінен 4 миллион (66 пайыз) адамымыздан айырылдық. Олай болмағанда бүгінгі таңда қазақтың саны 40-50 миллионның маңайында болар еді. Тағдырдың ісіне амал не? Енді қазіргі барымызды Құдай сақтасын!
Біз генетикалық тұрғыдан алғанда жер бетіндегі ең сапалы ұлттардың біріміз. Ең басты ерекшелігіміз – қанымыздың тазалығы, рухымыз бен ұлттық санамыздың биіктігі. Бұл – ежелгі баһадүр бабалардан жалғасып келе жатқан асыл қасиеттеріміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің әр бауырымыз онға татиды. Демек, жүз қазақ өлсе – мың адам өлгенмен бірдей болмақ. Сондықтан адам шығынына жол беруге біздің хақымыз жоқ.
Жаман індетке қарсы күресте әр адамның ұлт алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі – ең басты мәселе. Ол жауапкершілік біздің әрқайсымызды ортақ тәртіпке бір кісідей бағынуға міндеттейді. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Міндеттің үлкені – індетті өзіңе жұқтырмау, өзгеге таратпау. Жұқтырмаудың бірден бір жолы – оқшаулану, үйден шықпау. Қандай қиын болса да үйде отырайық, ағайын! Ұлтымыздың амандығы үшін! Халқымыздың болашағы үшін!

Темірғали Көпбайдың

фейсбук парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған