ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МҮМКІН БЕ?

Сарапшылар «биыл дүниежүзілік экономикалық дағдарыс болуы мүмкін» деп жылдың басында дабыл қаққан болатын. Мұнай бағасы түсіп, онсыз да шатқаяқтап тұрған теңгенің бағамы күрт өзгеруде. Күн өткен сайын доллардың құны қымбаттап, онымен бірге тұтыну тауарларынан бастап, азық түліктің бағаларына дейін өсуде. Яғни дағдарыстың екпінін бастап сезініп те жатырмыз. Осы орайда дағдарыстың салдарын жеңілдету үшін не істеуіміз керек? Мамандар пікірін сарапқа салып көрген едік.

Мақсат Халық, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:

  • Рас, жылдың басында-ақ сарапшылар «биыл дүниежүзілік экономикалық дағдарыс болады» деп болжаған болатын. Қазір соны бастап сезініп те жатырмыз. Дағдарыстың шығу себептері өте тереңде жатыр. Бірқатарын атап өтетін болсақ, қазір жаппай жүздеген елге тарап, адам шығынының орын алуына әсер етіп, пандемиялық сипат алып жатқан коронавирустың таралуы. Әлемдік ауқымдағы жаңа аурудың таралуы салдарынан елдер арасындағы шекара жабылып, қарым қатынас азайып, барлық елдің экономикасына елеулі түрде әсер етіп жатыр. Қытайдан бөлек, Италия, Оңтүстік Корея, Иранда өте қатты таралып, Еуропа елдерінде де кең етек жая бастады. Сондықтан көптеген мемлекеттер арнайы режим қабылдап, осы бағытта жұмыс жасауда. Короновирустың экономикалық салдары қазір әлем бойынша маңызды болып тұр.

Қытайдың өзінде қазір өндірістің құлдырағаны байқалады. Өндірістің шикізатты минералды ресурстармен, энергетикалық заттармен жүзеге асатыны белгілі. Тиісінше бұл мұнайға да өз әсерін тигізіп отыр. Жылдың басынан-ақ мұнай бағасы түсе бастады. Мұнайын пайдаланып отырған елдердің барлығына бұл кері әсер етіп отыр. Яғни короновирустың әсері өндіріске тиіп, өндіріс арқылы мұнай бағасына әсер етіп, енді экономикасы мұнайға байланған ел ретінде дағдарыстың салқынын біз де сезінуге мәжбүр болып отырмыз. Мұнайдың баррелі төмендеген жағдайда да бюджеттік шығындарды есептей отырып, біз алдын ала барлығына дайын болуымыз керек. Әр нәрсені оптимистік, реал және писсимистік жағдайда есептеп, құрылған жоспарымыз алдын ала дайын тұрса дағдарыстың алдын алмасақ та салдарын азайтуға септігі тиер еді. Бірақ кешегі Ұлттық Банк пен  Үкіметтің дағдарыстың алдын алуға қатысты мәлімдемелерінен аңғарғаным нақты дағдарысқа қатысты қадамдар жоқ, тек осы қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын ғана айтып жатыр.

Ал дәл қазір бізге дағдарысқа қарсы бағдарлама керек. Үкімет қазір бағаны тұрақтандарымыз, әлеуметтік шығындарды азайтамыз деген уәж айтып отыр. Ұлттық банк теңгенің құнын нығайтуға уәде беріп отыр. Бірақ Үкімет бағаны тұрақтандары алмайды. Ол қысқа мерзімдік шара. Қадағалау, бақылау уақытша ғана. Одан гөрі Үкімет өндірісті дамытуға күш салуы керек. Импорттың орнын баса алатын біз не өндіре аламыз деген сұраққа жауап беріп, өндірісті жандандыруы керек. Соны қаржыландыруға тырысу керек. Жұмыссыздықты шешу жолдарын да нақты тетіктермен қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана дағдарыстың ел экономикасына тигізер зардабы азаяды.

Жанұзақ ӘКІМ, экономист:

  • Шыны керек, «түйені дауыл шайқаса, ешкіні аспаннан» көр дегендей, әлемдік деңгейдегі дағдарыс жүріп жатқанда біздің елімізге әсер етпей қоймасы анық. Сондықтан дағдарыстың алдын алудың нақты бағдарламасын бекітіп, соның аясында жұмыс істеуіміз керек. Жалпы дағдарыс деп халық көп үрейлене бермесе екен деймін. Дағдарыс 4-5 жылда бір айналып келіп тұр ғой онсыз да. Дағдарысқа бой да үйреніп қалды ау деймін кейде. Сондықтан үрейленіп, азық-түлік сатып алып, доллар сатып алып, дағдарысты дүрбелеңге айналдырып жібермесе екен деймін.

Әлемдік экономиканың құбылуы, Қытай экономикасының нашарлауы, коронавирустың шығуы барлығы жинала келе осындай жағдай тудырып отыр. Кейбір елдердің экономикасы әлсіресе, біздің тауарларымызға сұраныс азайып, экономикамызға кері әсер етеді. Тура сол сияқты Қытай да, АҚШ та, Ресей де біздің ірі серіктесіміз. Қазақстан экономикасы «микро» экономика саналады. Өйткені, Қазақстанда 18 миллион ғана халық тұрады. Тек 18 миллион адам тұтынатын тауар, азық-түлік, қаражат қажет. Бұл көп емес. Сондықтан, әлемде қандай да бір келеңсіз жағдайлар орын алса, біздің шағын экономикамызға салқыны тиіп кетеді. Сондықтан дүниежүзілік дағдарыс орын алса ең бірінші кезекте әсерін біз сезінеміз. 2007-2009 жылдары болған дүниежүзілік қаржы дағдарысы кезінде мемлекетіміз «Бес батыл қадам» деп аталатын бағдарлама әзірлеген болатын. Соның негізінде ұлттық қордан 10 млрд АҚШ долларын бөліп, қаражатты сол қаржылық дағдарыстан шығу мақсатында пайдаланды. «Бес батыл қадам» оң нәтижесін берді. Тағы да осындай бағдарлама арқылы жұмыс істеуіміз керек. Жалпы біздің экономикамыз әр сәтте дағдарысқа дайын болуы керек қой. Теңгені уақытша тұрақтандыруға тырысу, антикрезистік бағдарламалар уақытша шаралар. Ол ел экономикасын көтермейді. Сондықтан өндіріс орындарын іске қосып, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру керекпіз. Онсыз да айлығы шайлығына жетпейтін халық, дағдарыс десе одан сайын шошынады. Мен соған алаңдаймын. Өйткені халық күнделікті ішіп жемін әзер тауып отыр, жұмыссыздық мәселесі бар. Дағдарыс келсе тіпті қиналып қалудан қорқатын халыққа «балық емес қармақ беретін» кез жетті.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған