Жылжымайтын мүлікті сенімхат бойынша қалай қауіпсіз сатып алуға болады

Сенімхат – үшінші тұлғаға сенім білдіруші атынан әрекет етуге құқық беретін құжат. Мұндай құжат кеңейтілген, мысалы, сенім білдірілген тұлға тұрғын үйді сата алады және ол үшін ақша ала алады, сонымен қатар шектеулі – жылжымайтын мүлікті көрсетілген сомадан төмен сатуға болмайтын өкілеттіктер береді.

Жылжымайтын мүлік бойынша Korter қызметімен бірге, сенімхат бойынша тұрғын үй мәмілесін жасау кезінде өзіңізді қорғауға мүмкіндік беретін бірқатар ережелерді дайындап қойдық.

Құжат құрылымы және заңдылығы

Сенімхат дұрыс жасалғанын тексеріңіз, онда келесі деректер болуы қажет:

  • сенім білдіруші және сенім білдірілген тұлғанын толық аты-жөні, сондай-ақ мекенжайы;
  • сенім білдірілген тұлғаға берілген өкілеттіктер;
  • берілген күні;
  • жарамдылық мерзімі.

Жылжымайтын мүлікті басқару және мәмілелер жасау құқығын беретін сенімхатты міндетті түрде нотариус арқылы куәландырыңыз.

Дегенмен, кейбір санаттағы тұлғалар үшін ерекше жағдайлар бар:

  • халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінде тұратын кәмелетке толған еңбекке қабілетті азаматтар;
  • әскери қызметкерлер, оның ішінде емделушілер және олардың отбасы мүшелері;
  • түрме немесе тергеу изоляторында жазасын өтеп жатқан тұлғалар.

Бұл жағдайларда сенімхатты аталған мекемелердің басшысы, орынбасары немесе жауапты тұлғасы куәландыра алады.

Әрі қарай, құжаттың заңдылығын оны берген нотариус арқылы тексеру қажет – мұны жеке түрде немесе Нотариалдық палата арқылы сұрау беру жолымен жүзеге асыруға болады.

Сондай-ақ, сенім білдірілген тұлғада келесі құжаттар болуы қажет:

  • тұрғын үйге құқық белгілеуші құжат;
  • техникалық төлқұжат;
  • ауыртпалық туралы анықтама;
  • сатушы жұбайының келісімі немесе некенің жоқтығы туралы анықтама;
  • пәтерақы түбіртегі.

ҚР Жоғарғы Сотының Сот кабинетінде тұрғын үйдің заңды тазалығын, сондай-ақ сатушыға қатысты сот дауларының бар-жоғын тексеру қажет.

Берілген күні және жарамдылық мерзімі

Заң бойынша сенімхат ұзағырақ мерзім көрсетілсе де, 3 жылға дейін жарамды. Егер құжатта жарамдылық мерзімі көрсетілмесе, онда сенімхат берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады. Бірақ құжатта берілген күні болмаса, ол жарамсыз болып саналады.

Сондай-ақ, келесі жағдайларды тексеру қажет:

  • жылжымайтын мүлікті сатуға рұқсаттың болуы;
  • сенім білдірушінің бас тартуы бар ма;
  • сенім білдірілген тұлғанын бас тартуы бар ма.

Сонымен қатар, сенім білдіруші немесе сенім білдірілген тұлғанын қайтыс болған, олар әрекетке қабілетсіз немесе хабарсыз жоғалған деп танылған жағдайда құжат жарамсыз деп саналады.

Сенім білдірілген тұлғанын өкілеттіктері

Құжат сенім білдірілген тұлғаға мәміле бойынша ақша алу құқығын әрқашан бере бермейді. Сенімхатта өкілетті тұлға мүлікті сатуға тиісті сома көрсетілуі мүмкін.

Меншік иесімен кездесу

Меншік иесімен жеке кездесіп, оның мүлікке иелік етуін растайтын бейне немесе аудио жазба жасаған жөн. Сенім білдірушімен тікелей байланыс орнату мүмкін болмаса, заңгерлер мәміледен бас тартуға кеңес береді.

Қайта сенім білдіруге қатысты абай болыңыз

Сенім білдірілген тұлға өз өкілеттіктерін басқа тұлғаға бере алады, бірақ тек келесі жағдайларда ғана:

  • мұндай құқық қолданыстағы құжатпен берілген;
  • сенім білдірілген тұлға қалыптасқан жағдайларға байланысты сенiм бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғауы тиiс;
  • қайта сенім білдіруге сенімхат түпнұсқасы немесе бірінші құжатта көрсетілген жеке өкілеттіктер берілген жағдайда көшірмесі қоса берілген;
  • сенім білдірілген тұлға қайта сенім білдіру туралы меншік иесін хабардар еткен және үшінші тұлға туралы ақпарат берген;
  • қайта сенім білдіру мерзімі бірінші құжаттың мерзімінен аспайды;
  • қайта сенім білдіру нотариус арқылы куәландырылған.

Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларында сатылатын пәтерлер нұсқаларын Korter сайтынан көре аласыз.