Жолы жарқын қайраткер

Мұхтар Әуезовтің талантына басын иген қазақ елі бұл күнде Мұрат Әуезовтің де атқарған еңбегін жоғары бағалайды. Жазушы, елімізге еңбегі сіңген қайраткер, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Мұрат Әуезовтің 80 жылдығына орай облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №2 арнайы «Болашақ» мектеп-интернатында «Заңғар жолдың жазушысы» атты әдеби-сазды кеш облыстық зағип және көздері нашар көретін арнайы кітапханамен бірлесіп ұйымдастырылды.

Әуелі үлкен экран арқылы «Дәуірдің дара тұлғасы» атты бейнеролик көрсетіліп, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің Меркі ауданында дүниеге келгені, Қазақстанның Қытай Халық республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті елші болғаны, «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысын құрғаны кеңінен қамтылды. Жазушының қаламынан туған «Ділім», «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол» атты шығармалары туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Кеште аталған мектеп-интернат оқушысы Асхат Байболов «Туған жер» әнін шырқап, көптің алғысына бөленді. Сондай-ақ мектеп оқушыларынан құралған «Шабыт» би ансамблінің қыздары мың бұрала билеп, кештің әрін кіргізді. Кітапханашы Лаура Самбетова Мұрат Мұхтарұлының шығармаларына арналған «Мәдениет серісі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Мұнан соң «Педагог тәлімі» журналының бас редакторы Гүлнәр Есмаханова асылдың сынығы – Мұрат Мұхтарұлының елімізге сіңірген еңбегі елеулі екеніне кеңінен тоқталды.

Тараздағы №8 гимназияның 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Құралбекұлы заңғар жазушының ұлына жазған хаттарынан үзінді оқыды.

Кеш барысында викториналық сұрақтар қойылып, белсенді оқушыларға сыйлықтар да берілді.

Іс-шара соңында аталған «Болашақ» мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова әдеби кештен балалардың үлкен әсер алғанын айтып, қонақтар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол