Жетімдерімізді жатқа сатпайықшы, парламент!

Қамшыбасар – тұжырым

Шетелдерге сатылып кеткен 10 мың қазақ баласы!.. Аз ба, көп пе? Бұл сан тек қана өте көп болумен қатар, баға жетпес байлығымыз еді ғой, ағайын-ау. Өткен ғасырдағы ғаламат аштықтан және басқа да нәубеттерден қырылып-қырылып әбден азайған қазақты қазір көбейте алмай жатқанда сыртқа баламызды сатқанымыз қай жетіскендігіміз?! Қытай сияқты, тіптен өзбек тәрізді 30 миллионнан асып жығылып тұрсақ бірсәрі. Тіптен сол халықтардың өздері де баласын сатты деп естімеппін. Онсыз да жаны жоқ нәрселердің бәрін саттық қой. Ал адамды, оның ішінде өз қаныңнан жаралған сәбилерді, балаларды көздерін жәутеңдетіп шетелдерге асыру, одан пайда табуға кімнің ғана дәті барды екен? Мұны қадағаламақ түгілі сатуға жағдай жасап, заң шығарып қойған мемлекетіміз нені ойлады екен? Мейлі ол мүгедек болсын, бәрібір адам ғой олар.

Иә, баланы сатып жатқандар: «Мүгедек болған соң шетелдің адамына асырауға бердік» деп ақталады. Қарайсың, сатылған балаларымыздың бәрі қол-аяғы тоқпақтай, сап-сау сүйкімді балалар. Сонда кім өтірікші? Әлде олар тез арада әлгі мүгедек балаларды сауықтырып алды ма? Оған күмәндіміз. Себебі оларға да дені сау, ертең өздерін бағатын балалар керек емес пе? Сондықтан пайдакүнем шетелдік соншама ақша жұмсап тұрып, ондай саудаға барады деп ойламаймыз.

Әрине, бұл тақырып әбден жазыла-жазыла жауыр болған, көз жасымызды қайта-қайта төктірген өте нәзік тақырып. Бірақ қалай болғанда да, қолымыздан түк келмесе де, әйтеуір жаза берсек бірдеңе бола ма деген есек дәме ғой баяғы біздікі.

Бұл жолы амал жоқ қолыма қалам алдырған екі ойбайлаған мәселе мені байыз таптырмады. Біріншісі, американдық Девид Кемпбелл деген қанішердің бізден асырап алған екі баланы қатігездікпен өлтіруі. Әрине, қанішердің аты қанышер. Ол тіптен әйелін де, қанасын жарып шыққан баласын да аямаған. Жүрегіңді қан жылатқан бұл оқиғаны бүкіл әлем естіді. Мұндай оқиғалар жалқы емес, көп қой. Мысалға асырап алушы қыздарды сатып алып, зорлап, оларды жезөкшелік жолға салған оқиғаның болғанына да көп уақыт өткен жоқ. Мұндай көңілсіз оқиғаларды жаныңды жаралап жаза да бергің келмейді. Әлгі қанышердің өлтірген қос баламыздың бірі 18-да, біреуі 12-де. Өмірге ғашық сап-сау жандар. Аздап біреуінің көз мүкістігі болмаса шауып, асыр салып ойнап жүрген балалар.

Екінші оқиға, бұл көңілсіз жағдайларды естіген болу керек парламентіміз балаларды сату, асырау жөніндегі заңды қайта қарамақшы екен. Ойлары шетелге бала сатуды қиындату әрі нақтылау. Мәселен, Испания мемлекеті сатылған балаларының қайда жүргенін қатаң қадағалап, егер олар бір қасіретті жағдайға ұшыраса, мол ақшалай айып салады екен. Бізде ше? Мұндай жазалау деген атымен жоқ. Бірақ біздің білуімізше, тиісті орындар біршама қадағалау жұмыстарын жүргізеді екен. Мысалға, АҚШ осы күнге дейін бізден 6 909 баланы сатып алған. Оның 237-сін біздікілер шам алып іздеген тәрізді. Бірақ ізім-қайым жоқ. Оларды өлтіріп жоқ қылды ма, ешкім білмейді. Әнекей, біздің адам тағдырына қалай қарайтынымыз осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Қан, тек әрқашан да жібермейді. Сатылған жәутеңкөз балаларымыз өзінің туған жерін іздеп, соны білгісі келеді екен. Тіптен, іштерінде бауырсақты жақсы көретіндері де бар болып шықты. Әке-шешесін, тегін іздейді олар. Бірақ олар енді оралмайды. Түрі қазақ болғанмен жат адамдарға айналған. Сонымен Парламентте заң қайта қаралмақшы. Меніңше ол заңды қайта қараудың қажеті жоқ. Шетелге бала сатуды мүлдем тоқтату керек. Жетімдеріміз көп емес қой. Оларды өзіміз-ақ асырап алайық. Бізде бір балаға зар болып жүргендер көп. Кезекте жылдар бойына тұр. Олардың айтуынша баланы асырап алудың машақаты көп. Көпшілігі бала асырау арманын жүзеге асыра алмай өмірден өтеді екен. Су жаңа депутаттар  орындарына нық отырған соң, осы мәселеге бірден назар аударса. Ең бастысы, шетелге балаларымызды сатуды үзілді-кесілді тоқтатқан жөн. Екіншіден, өзімізде бала асырап алу жөніндегі заңды жеңілдету қажет. Біздің өтінішімізді депутаттар қанағаттандырады деп сенеміз. Жетімдерімізді өз туған балаңыздай қараңыздар. Сатпаңдаршы, жатқа балаларыңызды! Халайық, оған сіздер де үн қосыңыздар!

Ертай Айғалиұлы