Жерді тиімді пайдаланудың талаптары қандай?

Астана. 4 мамыр. Baq.kz – Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ерболат Базылханов жерді тиімді пайдаланудың негізгі талаптары жайында айтып берді, деп хабарлайды Baq.kzтілшісі.

Айта кетейік, «Жер туралы» кодекстің жаңа нұсқасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға аукцион арқылы сатылса, шетелдіктерге конкурспен жалға беріледі. Алайда екі жағдайда да жерді ұтымды пайдаланбау әрекеттері, яғни ауыл шаруашылығы жерлері тиімді игерілмесе, әкімшілік шаралар қолға алынады, тіпті жерді сот арқылы мемлекет меншігіне қайтару шарасы қолданылуы әбден мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің агрохимиялық қызметі тек егістік алқаптарын ғана бақылайды. Оған 24 миллион гектар жер кіреді. Соның барлығы топырақтың құнарлығын анықтайтын шарттар бойынша бақыланбақ. «Ережеге сәйкес, егістік жерлеріндегі гумус, яғни топырақтың негізгі органикалық заты 5 пайыздан (топырақтағы гумустың жалпы көлемі 80-90 пайызды құрайды – Википедия), ал жеңіл гидролизделетін азот, жылжымалы фосфор мен ауыспалы калийдің орташа құрамы 20 пайыздан артық азаймауы тиіс. Осындай көрсеткіштері бар егістік алқаптарының жалпы көлемі 10 пайыздан аспауы шарт», – дейді Е.Базылханов. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды тексеру үшін агрохимиялық қызметтің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. «Адам факторына жол берілмейді. Озық технологиялардың арқасында нақты өлшемдер жасалады», – деп атап көрсетті орталық басшысы.

Егістік жерлерінің құнарлығын тексеру жұмыстары 5-7 жылда бір рет жүргізіледі. «Себебі осы уақыттың ішінде топырақтың қаншалықты өзгергенін анық байқауға болады», – дейді Е.Базылханов.

Айта кетейік, бүгінде республика бойынша 101 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар.

Фото comune-info.net