Жер мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек — Кәрім Көкрекбаев

Жамбыл облысының елді мекендерінде Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы 373 кездесу өткізді.  
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 мамыр күні облыс әкімдігінің ғимаратында аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен жер реформасына қатысты Қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиында Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев аймақ тұрғындарына Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына 18 адам кіргенін айтты.
Айта кетейік, жұмыс тобының құрамына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық мәслихаттың хатшысы, Қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, облыстық басқарма басшылары кірді.
– Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылында қол жеткізген еліміздің жетістіктерін, Жер мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды. Сондықтан, аймақ басшысы бұл бағыттағы шаралар кеңінен жалғасуы керек екендігін атап өтті, – деді облыс әкімі.
Жұмысшы топтың жұмысшы органы болып облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы болып белгіленді.
Облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топтың Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды облыс тұрғындарына түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бекітілген іс-шараға сәйкес ағымдағы жылдың 16 мамырынан бастап, жергілікті жерге шығу жолымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні елді мекендерде барлығы 373 кездесу өткізіліп, 35 мыңнан астам адам қамтылды.
Облыстың ақпарат құралдарында тиісінше мақалалар жарияланып, теле арналарда сұхбаттар берілді.
Сонымен қатар, 14 мамырдан бастап, облыс орталығында және Тараз қаласы мен аудандарда Жер реформасы мәселелерін түсіндіру бойынша Call-centrе орталықтары таңғы сағат 8.00 – ден кешкі 20.00 – ге дейін жұмыс жасауда.
                                                                                                                                                                                                                                                             Дерек көзі: ҚазАқпарат