Жемқорлықтың желкесін қияр күш қайда?

Қоғамды тірі организмге теңеп, жемқорлықты сырқатқа баласақ, біздің қоғам «күрк-күрк» жөтеліп тұр. Себебі жемқорлық асқынып барады. Мемлекет тарапынан аурудың алдын алу үшін қаншама миллиардтар бөлінгенімен, нәтиже аз. Керісінше, «ұрлап кетіпті, жеп кетіпті, алып кетіпті» деген үрейлі сөздер көп айтылып жүр. Өкінішке орай, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер тыйылар емес. Жыл сайын «Нұр Отан» партиясы жемқорлықпен «жаға жыртысып» келеді. Атағынан ат үркетін талайларды «нысанаға алып», топшысын қайырып, тоңқалаң асырғаны да бар. Заңға мойынсұнбай талтаңдағандардың кейбірін тезге салып, «ішкенжегенін құстырып», заң аясында зәре-құтын ұшырып, тәубесіне келтіргенін де көзіміз көрді. Бірақ «сырқаттың» диагнозы дұрыс қойылмай ма, әйтеуір, ем қонбай-ақ келеді. Көпшілік арасында «шортандар құтылып, шабақтар тұтылып» жатыр деген қауесет өршіп тұр. Мұның қаншалықты рас-өтірігін уақыт төрешінің құзырына қалдыралық.

ДЖАРАСОВ-2Өткен бейсенбі күні (16 маусым) Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Жанат Жарасовтың төрағалық етуімен партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Қостанай облысында атқарылған жұмыстардың жай-жапсары талқыланды. Жиынға Кеңес мүшелері мен Мәжіліс депутаттары, партияның Орталық аппаратының жауапты қызметкерлері және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында аймақтағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша іс-шаралар туралы «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады. Аймақ басшысы өз баяндамасында жергілікті атқарушы органдар әкімдік қызметкерлері ел игілігі үшін белсенді әрекеттер жасап жатқандығын көтеріңкі көңіл күймен әңгімеледі. «Оның бір парасына тоқталсам, осы кезге дейін іске асырылған шаруаларымыз едәуір. Жалпы, жұмыстың қорытындысы ретінде мынадай деректер келтіре аламын. Мәселен, күні бүгінге дейін облыс аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-архимеднасихат пен түсіндіру жұмыстары ретінде 403 шара ұйымдастырылса, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар, жастар орталықтары, қоғамдық кеңестер арасында өзара ынтымақтастықты тереңдететін 11 әріптестік меморандумы бекітілді. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысандардағы жұмыс үдерістерін қадағалау үшін қостанайлық «нұротандықтар» бастамасымен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып 6 рет рейдтік бақылау шарасы ұйымдастырылды. Ал «Өзіңнен баста» акциясына орай, 411 адам (оның ішінде лауазымды мемлекеттік қызметкер мен аудан әкімдері сынды шенеуніктер және олардың орынбасарлары да бар) өз аттарына тіркелген мүліктері мен табыс көлемдерін ашық жариялауға белсенді қатысты»,—деді Архимед Бекежанұлы. Кемшіліктерді де жасырмады, олармен күрес жүріп жатқанын да тізіп шықты. Оның айтуынша, қазіргі кезде өңірдегі мемлекеттік сатып алу қызметінің проблемалары баршылық екен. Әсіресе «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағы түйткілді мәселелер мен облыстағы проблемалы құрылыс нысандары және жолдардың сапасыз жөнделуіне қатысты қоғам тарапынан айтылған сындардың шешімін табу жайы шұғыл қолға алынғандығын тілге тиек етті.

Жалпы, Қостанай облысында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ағымдағы жылдың І тоқсанында сыбайлас жемқорлық қылмысы 54%-ға азайған. Сондай-ақ, 2016 жылдың І тоқсанындағы мәлімет бойынша, өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәртіптік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар болмаған. Көңілді көтеріп, мерейді өсірген Қостанай облысы әкімі баяндамасынан кейін сөз алған аймақтағы сыбайлас жемқорлық туралы Сараптама тобының жетекшісі, Кеңес төрағасының Бірінші орынбасары оралбайОралбай Әбдікәрімов әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды. Сөзінде зіл бар. «Жергілікті атқарушы органдар үшін мемлекет тарапынан мейлінше жағдай жасалып, зор мүмкіндіктер берілгендігін білеміз. Арнайы бағдарламалар түзіліп, бюджеттен қаражаттар да бөлінуде. Бірақ жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте партия тарапынан бақылауды күшейту керек. Әсіресе аймақтардағы құрылыстар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жобаларға жіті көңіл бөлген жөн. Біздің қоғамда соңғы кездері жалаң ұран, құрғақ уәде көбейіп кетті. Мұндай көрініс билік пен бұқараның арасындағы сенімге селкеу түсіруі мүмкін екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды», — деді ол қатқыл дауыспен. Осыдан-ақ жемқорлық мәселесінің әлі күнге өз биігінен түспей тұрғанын аңғармау мүмкін емес. Бұл сөзді бала емес, шаға емес, Оралбай ақсақал айтып тұрса, қалай сенбессің? Талқылау барысында оң пікірлермен қатар облыстық партия ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі заман талаптарына сай келмей отырғандығы айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, облыстық партия ұйымына, облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, отырыста сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен өтініштерді қараудың қорытындылары (соның ішінде жедел желінің тиімділігі), әлеуметтік және сараптамалық зерттеулер бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың жай-күйінің мәселелері де қаралды. Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының қамшысы қай облысқа қарай сілтенері белгісіз. Кімге сілтенсе де оңайға түспейтін түрі бар. Өйткені екпіндері қатты. Қалайда жемқорларды анықтап, жазаға тартуға бар күш-жігерлерін сарп еткелі отырғаны байқалады.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК