ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА БАЙЗАҚТЫҚТАР

Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ғұлама-ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында «Абай оқулары» атты облыстық байқау өткен еді. Аталмыш шара қатысушылар арасынан Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының ағылшын пәні мұғалімі Ғайни Тыныштықова үздіктер қатарынан көрінді. 10 үміткер арасынан топ жарған ол жүлделі үшінші орынды иеленіп, мәртебемізді биіктетті.
Биыл халқымыздың біртуар перзенті А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі- «Тәуелсіздік — тұғырым» атты жас ақындар арасындағы өткен облыстық жыр мүшәйрасы.
Жыр додасына Тараз қаласы және аудандардан 13 ақын қатысып, бақ сынасты. Дүбірлі додада Түймекент ауылының тұрғыны, Ғазиз Байтасов атындағы тірек-мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Абдикаримова бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз арнайы Дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты-мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру.
Байқауға облысымыздан қатысқан 8 үміткердің ішінен Түймекент ауылының дәрігерлік амбулаториясының жалпы практика дәрігері Мурад Асланов қатысып, үшінші орынға ие болып, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқарма сының басшысы Рахия Тұрмаханбетова арнайы Дипломды табыс етті.
Сонымен қатар өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жандандыруға ықпал ету, сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру, жастарға мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік меңгерудің мерейлі мәртебе екендігін ұғындыру, Отаны – Қазақстанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – мерейім!» атты облыстық байқауда Бурыл орта мектебі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тензила Бешлиева Алғыс хатпен марапатталды.