Жеңгем

Қас қарайып қалған шақ. Көршінің есігінің алдындағы сəкіде өткен, кеткенге қарап төрт – бес бала әңгіме соғып отырмыз. Арамызда бүгін, ертең әскерге кетуге дайындалып жүрген соқталдай сотқар Сапар да бар. Қалғанымыз он – он бір жастың төңірегіндегі «шыбыштармыз». Бұл Сапардың бізге қойып берген лақап аты. Жасы үлкен болған соң ба, әңгімені көбіне Сапар айтады. Біз тыңдаймыз. Көбіне қыздар жайында бөскенді ұнатады. Оның сөзіне сенсек, ауылда ол бармаған қыз жоқ. Есігінің алдына ысқырып барса болды, қыз біткеннің бәрі жүгіріп шыға береді өзі.
– Ех, мына әскер деген міндетті атқарып қайтсам, солардың біріне маңдайынан шертіп жүріп үйленемін, – деп көзін сығырайтып, шырт түкіріп қоятыны бар өзінің. Кейде тым бөсіп бара жатқанын сезсек те, үндемей тыңдай береміз. Бәлесінен аулақ, сабап тастаудан тайынбайды бұл неме. Қазір де кезекті қызы жайында майын тамыза әңгімелеп отыр. Бір кезде көше жаққа қарай беріп, сөзін тоқтата қойды.
– Пах, шіркін! Неткен сұлулық! Бұрымын қара! Аяқтары оқтаудай ғой, шіркіннің!
Сапарымыз тамсанғаннан тіпті ысқырып та жіберді. Бәріміз жапа тармағай жалт қарағанбыз. Өкшесі тық – тық етіп бір ғажап бейне жақындап келеді екен. Батып бара жатқан күннің сәулесі ақша бетіне қызара түсіп тіпті нұрландырып жібергендей. Тық – тық дыбыс жақындап қалды. Енді таныдым.
Жеңгем. Менің сұлу жеңгем! Біздің үйге келін болып түскеніне бір айдай ғана уақыт болған. Ағам мектеп бітіре салысымен ай – шайға қаратпастан алып қашып келген. Мына ит Сапар өтірік танымаған болып тұр-ау!
– Абоу, кеш болды, үйге жүр! Бүгін тағы кітап алдым саған. Кешегіні өткіздім, – деді жеңгем жымиып келіп,
Кітап оқығанды, жинағанды жақсы көреді менің жеңгем. Мен де сондаймын. Бұл мәселеде екеуміз бірден тіл табысып кеткенбіз.
– Қазір барамын, жеңге. Кішкене отыра тұрайын.
Тық, тық… жеңгем кетіп барады. Оңбаған Сапар тесіле қарап отыр. Бір қызғаныш кеудемді тырнап өткендей болды. Қарасының жаманын-ай!
– Ех! – деді Сапар бір кезде сығырайып маған қарап.
Көзім түсіп жүр еді, сенің ағаң қағып кетті. Әскерден келгенше күйеуден аман жүрсе, сөзсіз менікі болар еді. Былай ниче өзі…
Одан әрі шыдай алмадым. Жасының үлкендігіне, «сотқар Сапар» деген атына қараған жоқпын. Жерден қолыма ілінген тасты аттым да жібердім. Бір қарасам Сапар мені төпештеп жатыр. Менің қолым оның жағасында. Қарысып қалған. Таяқ жеп жатсам да, жібермеймін. Әке-шешесін де түгін қалдырмадым-ау деймін. Өңкиген Сапар қашып құтылды, бір кезде. Ерін ісіп, мұрын қанап кіріп барған мені көріп жеңгемнің жаны шығып кете жаздады. Қанша қинаса да кімнен, не үшін таяқ жегенімді айтпадым. Өзі де сезген сияқты. Әрі қарай қазбаламады. Басымнан сипап отырып «Махаббат қызық мол жылдарды» ұсына берген. Сол жеңгем есейгенше менің «кітапханашым» болды. Ауылға келген кітап алдымен менің жеңгемнің сөресінен орын алатын. Кейде Алматыдан тапсырыспен алдырады. Тіпті студент кезімде кей кітаптарды ауылдағы жеңгемнен тауып оқып жүрдім ғой. Ағам екеуінің махаббатын айтсаңшы! Әсіресе, ағамның. Той-томалақ, құдалық дегенге жұттары жазылмай бірге барған екеуінің басқа біреудің үйіне қонар кезде көңілдері түсіп қалатын. Ондайда үй тар, қонақтарды еркектерін бөлек, әйелдерін бөлек жатқыза салмаушы ма еді. Ағамның түн ортасында әйелдердің арасынан жеңгемді тауып алып, құшақтап жатып ұйқыға кететінін құрдастары әлі күнге күліп айтады.
Жеңгем өмірден тым ерте кетті. «Жаман ауру» жалмап тынды. Күңірендік те қалдық. Ұл-қыздары қалада еді. Қырқын өткізген соң үйлеріне қайтқан. Ағам ешқайсымен барғысы келмеді. Ауылда қалды. Өткенде ауылға барып, ағамның үйіне түстім. Кітап оқып отыр екен. Бұрын ондайы жоқ еді. Мұқабасына қарағанмын. «Махаббат қызық мол жылдар»! Баяғы жеңгемнің кітабы…
– Әй, сен қалай бұл кітапты бесінші класта оқып жүрсің? Қып-қызыл махаббат қой мынауың! – дейді ағам.
– Мен емес қой. Жеңгем әкеліп…
Екеуміз де үнсіз қалдық. Қабырға толы кітаптардың арасынан жеңгемнің жымиып түскен суреті бізге қарап тұр екен…
Арман Сқабылұлының “Егіз жүрек” кітапшасынан