Жастардың патриоттық рухын көтерді  

   Биыл Жамбыл облысында Жастар жылына орай толайым тірліктер атқарылды.  Оны көзі қарақты бұқара көріп отыр. Жуырда «Жастар» аллеясында тағы бір алқалы шара өтіп, жастарға үлкен серпін сыйлады.

    Атап айтсақ, «Жастар» аллеясында  облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен жастардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында жастарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шығарып салуға арналған «Ел тірегі – 2019» атты патриоттық акция өткізілді.

Акцияға облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Е.Жабықбаев қатысып, жастарға ұранды үндеуін жолдады.

– Жастар еліміздің тірегі. Отанымыздың қорғаны. Мемлекетіміздің мызғымасы үшін ертеңге үлкен сеніммен қарайтын, болашақтың ізін салатын жастар қажет. Олармен әскеріміздің қатарын толықтырып, шекарамызды шегендегеніміз абзал. Осы орайда бүгінгі акцияның алар орны ерек. Барлықтарығызға Отан алдындағы борыштарыңызды адал орындауға сәттілік тілеймін, -деді департамент басшысы.

Шараға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Берікқожа, Жамбыл облысы бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Тартықов, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Жамбыл облысы бойынша төрағасы Д.Абдисамат та  арнайы қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды.

Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жауынгерлік қойылымдар көрсетілді.

Жастарға үлкен серпін беріп, жауынгерлік рухты оятатын айтулы жиында Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылған жастарға ұйымдастырушылар тарапынан қажетті заттар табысталып,                        45 сарбазды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды.

Бұл әрине бас бармақпен бағалауға тұрарлық шара. Себебі жастардың рухын көтеріп, жігерлендіру олардың қайсарлығын қайрайтыны анық. Осы тұста акцияның ұтқан тұсы көп болғаны даусыз. Біз де әскерге аттанған сарбаздарға сәт сарап тілей отырып, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруына ниеттестік білдірдік.

 

Дедек Төлен