Жастар театрында жаңа қойылым

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Елорда көрермендерінің назарына жаңа қойылым ұсынбақ. Нақтырақ айтсақ, осы айдың  26-27 жұлдызында Сая Қасымбектің «Тексіздер» пьесасының негзінде қойылған «Лифт» психологиялық драмасының премьерасы өтеді. Драманың қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев болса, қоюшы суретшісі – Ерлан Тұяқов.

********************

Біздің заманда адамның құны қанша тұрады?  Түбі қайдан шыққанын білмейтін «тексіздер армиясын» ұлғайтып жатқандар кімдер?..

Бүгінгі қоғамның ең үлкен һәм аса қатерлі дерті – жетім бала, тастанды ұрпақ пен тамыр тексізденуінің негізгі түйткілдеріне психологиялық тұрғыдан терең талдау жасайтын қойылым  көрермен көкейіндегі кезек қүттірмейтін осындай өзекті мәселелерге жауап іздейді. Өмірдің ащы ақиқатын өнер арқылы жас ұрпақ санасына сіңіруге талпынады.

********************

Сондай-ақ, премьера алдында спектакльді таныстыру мақсатымен қойылымның шығармашылық тобы БАҚ өкілдерімен кездеседі. Жүздесуде қоюшы-режиссер Б.Құрманғожаев, пьеса авторы Сая Қасымбек, қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов, белгілі театр және кино актеры Әділ Ахметов пен актриса Айым Жүсіпбекова журналистер сұрағына жауап береді деп жоспарлануда.

«ЕлАна»