Жастарға қызмет ететін алып сарай

Шілденің жасыл желекті шуақты күні жетісулық жастар Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданында бой көтерген әсем ғимаратқа қарай ағыла бастады. Бұл күнді көптен күткен жетісулық жастардың қуанышты көтеріңкі көңілдерінің куәсі болдық. Жаңадан бой көтерген шағын ауданда елімізде теңдесі жоқ «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ғимараты пайдалануға беріліп, ашылу салтанатына жиналған қарасы мол жастар мен қала тұрғындарының жиынына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, сөз сөйледі.

— Биылғы жыл — мерекелі жыл, мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мейрам — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі қабілетті 50 елдің қатарына енді, — деді өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

— Тәуелсіз елімізді құрып, ұлы істі бастап берген алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғастыру — сіздер сияқты жастардың қасиетті міндеті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңыздар. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады, тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады» деп, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуін жас ұрпақпен тікелей байланыстырады. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының 522 мыңға жуығы 14 пен 29-дың арасындағы жастар. Мына жаңадан ашылғалы тұрған орталықта жастарға барлық жағдай жасалған. Бұл ерекше сәулеттік көркемдеумен салынған ғимарат жаңа үлгідегі құралжабдықпен жабдықталған.

originalОсындай басқа аймақта жоқ жастар орталығын салуды өңір басшысы Амандық Баталов қызметке кіріскен алғашқы сәттен-ақ жастардың өтінішіне құлақ түріп, уәде берген еді. Бұл ғимараттың жобасы жөнінде жас сәулетшілер арасында арнайы конкурс өткізіліп, оған жастар жетекшілері де көптеп қатыстырылып, ең таңдаулы деген жобаға тоқталған болатын. Екі жылға жуық ішінде жүрген әсем ғимарат құрылысы Астана мейрамы күні қарсаңында толық аяқталды. Айта кетсек, бұл орталықты «Ж-строй Инвест» ЖШС салған. Жобаның жалпы құны — 1006 млн. теңге. Ғимарат екі қабатты. Осындай қуанышты мереке салтанатына келген сексеннің сеңгіріне шыққан белгілі актер, «Тақиялы періште» көркем фильмінің басты кейіпкері Әлімғазы Райымбеков ақсақал өзінің ақ батасын беріп, облыс жастарының алдағы уақытта биіктерден көріне беруіне тілектестігін білдірді. Талдықорған жастарының атынан Нұрлыбек Қадырбекұлы, «Азияэнерго проектмонтаж» ЖШС басшысы Айдар Қиялбай сөз сөйлеп, шынайы тілектерін айтты. Одан кейін Алматы облысы жастар орталығының жетекшісі Айдын Нұрмұханбетов салтанатты жағдайда зәулім сарайдың кілтін қабылдап алды.

Жиналған жұртшылық жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. Бұл жастар орталығында ғаламтор, кітапхана, фитнес орталығы, ән жазатын студия, әртүрлі жиындар өткізетін кең зал және тағы басқа жастарға қажетті қызмет көрсету орталықтары жетерлік. Мұнда «Жасыл ел» мен студенттердің құрылыс жасағының облыстық штабтары орналасады. Бұл орталықта кез келген талапты, белсенді жастардың өз мүмкіншіліктерін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы жастар саясатына қатысты барлық бағдарламалар туралы толық мәліметтер жинақталған. Мұнда тегін оқыту, кеңес беру, жастар көтерген бастамаларды қолдау, шешуде сервистік көмек көрсетіледі. Облыс аумағында «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асырылып келеді.

Талдықорған қаласы жылданжылға көркеюде. Оның бір дәлелі — мына теңдесі жоқ жастарға қызмет көрсететін орталық. Енді облыс, қала жастарының бір жерге бас қосатын өз орталықтары бар. Зәулім ғимараттың іші де ерекше безендірілген. Біз бүгін ерекше қуаныш үстіндеміз. Облыс басшысына айтар алғысымыз шексіз, — дейді салтанатты жиынға қатысушы студент Әйгерім Қалиева.

Жастарға деген қамқорлықтың арқасында «Жасыл ел» тобы жылма-жыл республика бойынша ең үздік орындарға ие болып келеді. Біз сенімді ақтаймыз. Мына жаңадан бой көтерген орталық бізге күш-жігер, ертеңгі жарқын өмірімізге деген сенімді ұлғайтады. Тәуелсіздіктің 25 жыл мерейлі тойы аталып өтетін жылы Жетісу жастарына тартылған бұл құнды сыйлық деп білемін. Біз Елбасына, облыс басшысына шексіз ризамыз, — дейді жас маман Бейімбет Әріпов.

Сонымен, салтанатты жағдайда жастарға қызмет көрсету орталығы есігін айқара ашты. Жаңа талап-тілек тұрғысында салынған ғимаратты аралап көріп, қатты риза болдық. Бұл орталық 500 мыңнан астам жастарды біріктіретін, алдарына қойған мақсат, тілектері бар еңбексүйгіш, талапты, жігерлі, жарқын істерді жүзеге асырып, өмірден өз орындарын табатын қыз-жігіттерге зор мүмкіншілік беретініне сенімдіміз.

Нұрила Бектемірова