«Жасұлан-Флора»-ның гүлдері өзге облыстарда да жайқалып тұр

Жамбыл ооблысы Байзақ ауданының басты ерекшеліктерінің тағы бірі – гүл бизнесінің дамығаны.  Мұнда қазір облысымызда баламасы жоқ «Жасұлан-Флора» гүл фабрикасы жұмыс жасауда. Аталмыш  кәсіп түрін ашқан серіктестік директоры Жұмакүл Омароваға мұндай идея шет мемлекеттерде  жүрген кезінде туған  екен. Содан 2007 жылы бұл бизнесті қолға алып, аясын кеңейткен.

Қазір кәсіпорында Голландия мен Германиядан алдырылған гүл тұқымдары өсіріліп жатыр. Және бұл гүлдермен  серіктестік  қаланың негізгі бөлігін көріктендіруде.

-Бүгінде жалпы саны 60 жылыжайымызда 10 миллионға жуық гүл өсіріліп жатыр.  Олар бірмаусымдық және көпмаусымдық болып бөлінеді. Қазір тендер бойынша осы гүлдермен Тараз қаласымен қоса, өзге өңірлердің де гүлзарлары мен саябақтарын гүлдендірудеміз. Әрине ел көлемінде бәсекелестік орта көп болғандықтан гүлдерімізді қолжетімді, әрі сапалы қылуға тырысып жатырмыз. Десе де, маман тапшылығы көп байқалуда. Мәселен, бізде биологтар, гүл өсіруші  мамандар аз. Егер осы жағын реттей алсақ, гүлімізді алыс-жақын шет мемлекетке де шығаруға болар еді,- дейді серіктестік директорының орынбасары Балтабек Өмірбаев.

Иә, маманның сөзін орынсыз дей алмаспыз. Өйткені елімізде бұл саладағы мамандар тапшы екені айтапаса да белгілі. Десе де, «Жасұлан-Флора» алдағы уақытта  мамандарын  шетелге оқуға жіберуді жоспарлап отыр екен. Осы қырынан қарағанда, гүл зауытында мамандар  мәселесі бірер жылда  өз шешімін тауып қалатын секілді.  Мүмкін сол кезде Жамбыл облысының гүлдері шет мемлекеттердің де гүлзарларында  жайқалып тұратын күн туар.

Саятхан Сатылған