Жапондар мен қазақтарды салыстыруға болмайды

Білім саласы реформадан көз ашпай келе жатқаны шындық. Сөйте тұра министр құтаймайды. 25 жылда 14 министрдің «шекпенінен шыққанымен», білім жүйесінің өркендеп кеткені шамалы. Өткен жиырма бес жылда талай бастама көтеріліп, мәреге жетпей «желкесі» қиылды. Бір ғана оқулықтардағы олқылықтар атан түйеге жүк болардай зіл батпан. «Көш жүре түзеледі» деуші еді бұрынғылар. Соның орайы келмей-ақ қойды. ҰБТ-ның өзі жан беріп, жан алысатын қып-қызыл майданды көз алдыңызға әкеледі. Цифрға арқа сүйеп, белгі соғуға әккіленіп алған оқушы біткен роботқа айналып шыға келді. Оған жаңа министр келгелі «бүйірі қампайып қалған» 12 жылдық білім беру мен «көптен сүйретіліп келе жатқан» үш тұғырлы тілдің жырын қосыңыз. Әйтеуір, бітпейтін реформа… Айтпақшы, білім және ғылым министрі таяуда дауылдатып жүретін бір сайтқа сұхбат беріпті. Сол сұхбатында қызды-қыздымен «ЭЫДҰ ұжымының зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда тек қазақ мектебінде оқыған жастардың сауаттылық деңгейі орыс мектебін бітірген құрдастарынан 1,5 жылға төмен» деп қойып қалыпты. Бұл сөзі бағы ашылмай келе жатқан қазақ мектептеріне жығылғанға жұдырық болмаса не қылсын! 25 сәуір күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ағынан жарылды. (Оның әр сөзінен жасалып жатқан жұмыстың бәрі халық үшін дегенді аңғармау мүмкін емес.) Ағынан жарылмай қайтсін, жаңа министрдің жаңа ұстанымына қарсылық ретінде көптеген ата-ана, зиялы қауым өкілдері «Дат» газеті арқылы Елбасының атына хат жолдап, елді шулатып жатса… Кішкентайында ата-әжесінің қолында өсіп, бастауыш сыныпқа қалаға келгенде бір ауыз орысша білмеген министр, бүгіндері орысшаң не тәйірі, ағылшыншаға төрт аяғын тең басқан жорға. Содан да болар, өзгелердің де үш тілде сайрауын қалап тұратыны.

Біз министрдің ұзын-сонар баяндамасын тізіп жатуды жөн көрмедік. Көкейге қонатын түйінді сөздер мен журналистердің қойған өзекті сауалдарына берілген жауаптарды ғана назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Көпшілікке өзіңіз бел шешіп кіріскен, қалайда жүзеге асыруға тырысып жатқан 12 жылдық білім берудің мақсатын түсіндіріп беріңізші.

— Сіздер мені түсініңіздер, 12 жылдық білім беруге көшудің мақсаты оқушыларды тағы бір жыл ұстап отыру емес. 18-19 жыл бойы оқыту деген мақсатымыз жоқ. Негізгі міндет — бірінші сыныпты 6 жастан бастау. Қазіргі уақытта 6 жастағы балалардың жартысы мектепте оқиды, ал қалған жартысы оқымайды. Алты жас — баланың ең маңызды жасы. Бұл — мидың максималдық синопсисі. Алты жастан кейін ол қысқара бастайды. Осыны тиімді пайдалануымыз керек. Осы ретте мынаны айта кетейін. ЖОО-дағы білім беру бағдарламасына өзгеріс енеді. Себебі бірінші курс — мектептегі білімді қайталау, яғни бірінші курсқа түскен студенттер бір жыл босқа отырады. Мұндай олқылықтың болмауы үшін ЖОО-ның жарты білім беру бағдарламасы мектепке енгізіледі. Міне, осы екі негізгі себептен 12 жылдық білім беру жүйесі енгізіліп жатыр.

— Мектептердің үштілді білім беруге көшетіні туралы көп айтылып жүр. Көптеген мамандар, сарапшылар, ата-аналар білім ордалары бұған әлі дайын емес деген көзқараста.

— Әуелі үш тілде білім беру көлемін түсініп алайықшы. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес, тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі тек 2019 жылдан оған керекті ұстаздар дайын болған соң басталады. Бұл — аптасына 8 сағат. Сөйтіп, бұл қазір емес, тек төртінші жылда басталатын жұмыс. Ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және басқа да пәндер қазақ тілінде өтеді. Барлығы 18 сағат.

— Мұғалімдердің жалақысы сізге белгілі. Үштілділікке өте қалған күнде мұғалімдердің жалақысы көтеріле ме?

— Жаңа талаптарға байланысты мұғалімдердің жалақысын өсіру керек екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен бізде қаржылық шектеулер бар. Сондықтан да қаржыландыру бойынша ішкі резервтер табуға тырысып жатырмыз. Онда бар мүмкіндікті пайдалануға болар еді.

— Жапон халқы баланың ақыл-ойы толысқанша өзге тілді оқытпайтынын білетін боларсыз?

— Жапония елінің бұл тәжірибесі бізге қажет-ақ. Бірақ біз мына мәселеге көңіл аударуымыз керек. Жапония — бір ұлтты ел, ал Қазақстан — көп ұлтты ел. Еуразия кеңістігінде 100-ден астам ұлт өкілдері өмір сүруде. Біздің балаларымыз туғаннан бастап осы көп ұлтты ортада өсіп өнеді. Сондықтан жан-жақты болғаны дұрыс. Бір сөзбен айтсақ, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасын Жапониядағы оқулықтар деңгейіне жеткізу — басты мақсатымыз.

— Ел ішінде сіздің бастамаларыңыз туралы түрлі пікірлер айтылып қалады. Соның ең негізгісі «қазақ тілін құртуға атсалысып жатыр» деген ауыр сөз…

— Білім ошақтарында үш тілде білім беру жүйесін енгізудің негізгі мәні қазақ тілінде болып отыр ғой. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бізден қазақ тілін шынайы, мемлекетте барлық деңгейде жаппай қолданатын тіл етіп, оқу жүйесін осыған бейімдеуді талап етті. Білім министрлігінің және министрдің осы талапты бұлжытпай орындауы — олардың басты міндеті. Қазіргі таңда орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқытылып жатыр дегенімізбен, орыс, қазақ және басқа ұлт өкілдерінің ешқайсысы да қазақша сөйлеп кеткен жоқ қой. Бұны жасырып қайтеміз?! Көбісі қазақ тілінде сөйлемек түгілі оны түсінбейтіні де шындық. Сол себепті біз міндеттеген бағдарламалардың жоспарында Қазақстан тарихы мен әдебиеті қазақ тілінде өтетін болады. Бұл Қазақстанның барлық мектептерінде тыңғылықты жүретін болды.

— Ел ағаларының, зиялы қауымның болашаққа алаңдап, сізге жазған ашық хатын оқыған боларсыз?

— Маған жазылған ашық хатты оқыдым. Айтқандарының бәрі таныс жайт. Айтайын дегенім, ол кісілердің көбін мен өмірде танимын. Олардың арасындағылардың кейбірінің балалары, немерелері шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген. Өз ұрпағы ағылшын тілінде оқығанда ләм-мим демей, енді сол жүйені елімізде енгіземіз дегенде қарсылық танытып отыр. Меніңше, ол кісілер мәселені дұрыс түсінбеген. Мені таң қалдырғаны ол кісілердің өз балалары шет тілін оқығанда үндемей, қалған жастардың тіл үйренуіне қарсы болғаны қызық?! Неге халықты алалауымыз керек? Мысалы, менің әкем малшының баласы болды. Соған қарамастан оны атам Алматыға, кейін Мәскеуге апарып оқытты. Кейін үмітті ақтап, ғылым жолына түсіп, белгілі ғалым болды. Сондықтан ешкімді де бөліп-жармай білім алуына мүмкіндік жасап, шет тілін оқытуымыз керек.

Нағашыбай Қабылбек