Жамбылдық шаруалардың жиын-терім жұмыстары қызу жалғасуда

Биыл Жамбыл облысында 756,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылды. Атап айтқанда, 390,2 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 72,4 мың гектарға майлы дақылдар, 5,5 мың гектарға қант қызылшасы, 11,6 мың гектарға картоп, 61,1 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары, 215,2 мың гектарға мал азығы дақылдары егілді.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Момынқұлов Шәкір айтты. Оның мәліметінше, бүгінгі күні 371,1 мың гектар масақты дәнді дақылдар толығымен орылып, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 ц/га құрады. 633,4 мың тонна астық бастырылды.
✅«Сонымен қатар, қазіргі уақытта картоп дақылының — 75,3%, бақша дақылдарының — 98,1%, көкөніс дақылдарының — 83,5%, дәндік жүгерінің — 20,7%, майлы дақылдардың 69,3% жиналып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», — деді спикер.
Шәкір Мадиярбекұлы 2022-2023 жылдың мал қыстау науқанына облыс бойынша 341,4 мың га пішен орылғанын атап өтті. Жалпы биылға 1,7 млн. тонна пішен, 63,0 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60,0 мың тонна сүрлем дайындау көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 1,8 млн. тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494,0 мың тонна сабан және 40,8 мың тонна сүрлем дайындалып, мал азығын әзірлеу жұмыстары қалыпты жағдайда өтуде.

Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі