Жамбылда ерекше жандарға құрмет көрсетілді

Айналасынан мейірім күтетін ерекше жандардың қоғамнан қалыс қалып жататыны жасырын емес. Тек мүмкіндігі шектеулі жандардың күнінде ғана оларды елеп-ескеріп, үйме-үй сыйқалталар үлестірумен шектелу түсінген адамға шарттылық секілді көрінеді. Шын мәнінде ерекше жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгісі келеді. Алайда әркез олай бола бермейді. Оларға қамқорлық таныту, қуаныш сыйлау жүрегі кең әрі жанашыр азаматтарға ғана тән қасиет.
Бүгін Жамбыл ауданы Аса ауылындағы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында ерекше жандарға арналған аудандық іс-шара өткізілді. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жомарт Телеуовтің тікелей ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің қолдауымен өткен шарада аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынса, спорт бөлімі дойбы, шахмат, эстафета, дартс, қол күресінен жарыс ұйымдастырды. Ерекше жандар концерттік бағдарламаны тамашалап, өнерпаздарға қошемет білдіріп отырды. Спорттық жарыстарға да белсене қатысты. Ең бастысы, олар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алды. Олардың атынан сөз алған Бейсенбай Байтелиев Жомарт Тешебайұлына және шараға біркісідей атсалысқан жандарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.