Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті

АСТАНА. Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды 24.kzтелеарнасы.

Өңірде қазірдің өзінде 145 мың  гектарға жуық жер жыртылып, 110 мыңнан астам аумаққа жаздық масақты дақылдар егілген. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл егіс көлемі айтарлықтай өзгермеген. Тек майлы дақылдар мен қант қызылшасына басымдық беріледі.

«жергілікті диқандар биыл судан таршылық көрмейді», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.

Өңірдегі егіс алқаптарын суаруға қажетті тіршілік нәрінің 80%-ы қырғыз елінен келеді. Осыған байланысты алдағы күндері көрші ел үкіметінің үш облысындағы уәкілетті өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, меморандумға қол қойылмақ.

Оның үстіне биыл облыста тамшылатып және жаңбырлату әдісімен суарылатын егістік көлемі артқан. Айта кету керек, биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 6,5 млрд теңге бөлініп отыр.

«Былтыр бізде 8 100 гектар тамшылатып суару алқабы болды. Биылғы жылы тағы  3 125 гектарға қосымша жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін енгізейін деп отырмыз. Сонымен, осы жүйе облыс бойынша 11 мың гектардан астам жерге енгізіледі. Су қоймаларында су жеткілікті», деп атап өтті ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

http://inform.kz/