Жамбыл облысы: Шудың шырайын келтірер шаруа көп

Жамбыл облысында бұған дейін көмір жағып отырған 5 мектеп табиғи газға қосылды. Көгілдір отынның игілігін Шу ауданының қарапайым тұрғындары да көріп отыр. Соңғы жылдары бұл аймақта бірқатар әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Жол жөнделіп, үй салу үшін берілген жерлерге инфрақұрылым тарту жұмысы қарқын алған.

Асқар Ысқақов Шу қаласында ширек ғасырдан бері тұрады. Осы уақытта жолдың азабын талай тарттыпты. Сондықтан көшеге асфальт төселгенін көптен бері күтіп жүрген.

Асқар Ысқақов, Шу қаласының тұрғыны:
Мына асфальт салынып мына жерге жолымыз салынып қара жолымыз әдемі болды. Қуанып жатырмыз. Көшемізде газымыз бар, суымыз бар. Светіміз бар. Бәрі жақсарып келеді. Жетпей тұрғаны жол еді, ол да салынды.

Жалпы Шу ауданында 800 шақырым жол бар. Оның 80 пайызға жуығы жөндеуден өткен. Биыл тағы 23 шақырым көше жолдарына асфальт салынады. Бұдан бөлек, қыста көмір жағып отырған 5 мектеп пен 1 балабақшаның да мәселесі шешілді. Білім мекемелеріне де заманауи үлгідегі пеш орнатылып, табиғи газға қосылған.

Бағдат Есбергенов, Алға ауылдық округінің әкімі:
Бізде мынау бұрын көмір тасып өте бір әурешілік көп еді. Қазір енді әлеуметтік нысандарды табиғи газға қосқан жағдайда енді ешқандай қиыншылық болмайды.

Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бір ғана Төле би ауылында 20 мыңнан аса адам тұрады. Халық саны артқан соң баспана салу үшін 3000 жер телімі беріліп, инфрақұрылым тартылған.

Әлібек Нұрадинов, Шу ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
Мына біздің Шу ауданында жалпы 6000 адам кезекке тіркелген. Осы кезек мәселесін шешу барысында, әкімшілік тарапынан массив құрдық. Оның біріншісі Шу қаласы Батыс тұрғын үй аумағы 258 гектар, Төле би аулында 147 гектар және Алға ауылында 25 гектар жер бөлінген болатын.

Нұрдос Болатұлы

qazaqstan.tv