Жаһандық мәселені арқау еткен роман

Әділбек Ыбырайымұлының «Зауқайыр» роман-триллері туралы

Академик, теоретик ғалым Зейнолла Қабдолов: «Жазушы шығармашылығы оның ғұмырнамасымен тығыз байланысты» – деген екен. Иә, жазушы қандай тақырыпты жазса да, қандай мәселені сөз етсе де, кейіпкері арқылы субьектісін жан-жақты бейнелейді. Автор – өзі обьекті болады. Бұны қаламгердің шеберлігіне байланысты дегеннен гөрі, экспериментке балаған жөн болар. Себеп: автор өзі арқылы өзі өмір сүріп жатқан қоғамды көркем шығармаға айналдырады. Мысалы, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» деген туындыларындағы кейіпкерлер – біздің замандастарымыз, біз күнде көріп жүрген, өзіміз қолдан жасап жатқан қоғам. Қазіргі таңда бұндай шығармаларды жазатын қаламгерлер аз. Бірақ, тәуелсіздік алғалы Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева секілді батыс еуропа стиліндегі қаламгерлер әдеби ортаға қосылып, өзгеше, ерен формадағы дүниелерді ұсынып жүр. Сондай ерекше стильде, ерекше формда жазылған шығарма – «Зауқайыр» роман-триллері. Авторы – Әділбек Ыбырайымұлы. Жоғары да айтып өткен академиктің пікірінен алшақтамай, бүгінгі қоғамды суреттеген жазушының ғұмырнамасын бастайық:

Роман-триллерге тоқсаныншы жылдардағы кезең нысана болған. (Бәлкім, бұл әлі де бар) Романның сюжетінде бір ғана Дүйімбаевтар отбасының тағдыр-талайы – бүкіл шығарманың өзегі, мәні. (Бұл роман – жай бір ғана отбасының трагедиясы емес, бүкіл Қазақстандағы Құдайсыздық, яғни адамгершілікті жоғалту қауіпі бейнеленген)  Шығармадағы әрбір кейіпкердің өз тағдыры бар. Мысалы, Зибаштың кешегі 1917-1919  жылдары болған ақ пен қызыл арпалысқан кезеңде ата-анасынан айырылып, балалар үйінде болуы, төрт жасынан бастап сол үйде тәрбиеленуі, жалқы болып өсуі, 7 сыныптық білім алғаннан кейін Алматыдан жарты жыл медициналық курста оқып, Бішкекке санитарлық жұмысқа барып, одан Ленинградка өтуі, сол жерде жүріп, Санжар деген медициналық аспирантураға қабылданған жігітке тұрмысқа шығуы, Ыдыхан есімді қыз баланы дүниеге әкеліп, бақыттың бесігінде тербеліп тұрған шағында, бақыт таңы көпке ұзамай, Ұлы Отан соғысының басталуы, Санжардың Кеңес армиясының қатарына қабылданып, майданға кетуі, ай өтер-өтпесте Санжардың дүниеден өтуі, жесір қалуы, қызының үш жасында жетім қалуы, «Сұрапыл соғыстың өрті күн сайын өршіп, басқыншылардың қарулы қолы Ленинградтың қызыл өңешіне таянған» шақта  Ыдыханды Алматыдағы балалар үйіне жіберіп, өзі Ленинград маңындағы ұрысқа медицина саласының маманы ретінде қалуы, Ыдыханын 1946 жылға дейін көрмеуі – өмірінің ең ащы кезеңі болса, Ыдыханды да тағдыр маңдайынан сипай қоймаған, бала кезінде қатты қорыққаннан жүрек қабы ауруына шалдығуы, Алматыдан жоғары білім алып, Құсан деген азаматпен шаңырақ көтеруі, тәуекелге бас тігіп, дүниеге үшем (Эльмира, Нұрмира, Гүлмира) әкелуі, бір ат ұстар мұрагерге зар болуы, Эльмирасының дүниеден өтуі, қызының азапты өлімін көтере алмай, қызының қырқы жақындап қалғанда, өзінің дәм-тұзы таусылады. Құсан мен оның шешесі Пәрзананың тағдыр сынағынан морт сынуы неден басталды? Құдай Тағала неге осы әулетке бар қайғы қасіретті үйіп берді? Үшемдер неге бақытсыздықтың қамытын киді? Гүлжан өзінің туғандарынан неге теріс айналды? Айандардың (Серік пен Әбдірахман) көздегені не? Қаңтарбай неге қатыгез? Жауапты көркем шығармадан іздейік…

Жауап беру – өте қиын. Себебі: шым-шытырық оқиға кейіпкерді тұрмақ, оқып отырған Сіздің де басыңызды айналдырып жібереді. Бұл – романшының шеберлігі. Бар бәле – ауыраяқ Гүлжанның айуандармен ойда-жоқта танысуынан, құбыжықтармен достық әрекет орнатуынан, айуан  (Серік)  қосып берген дәріні (ескірткіні) ішіп, онымен төсектік қарым-қатынасқа түсуінен басталады.

Романда көрініс тапқан монолог пен диалог – кейіпкер бейнесін ашуға лайықты тілдік бірліктермен өрілген, экспрессивті-эмотивті интонацияға ие коммуникативтік-функционалдық тұтастық.  Мұндағы диалог-монологтік кірігу, автор мен кейіпкердің жарыспалы көрінуі қазақ прозасындағы соңғы жылдары көрініс бере бастаған полифониялық сипатты танытады (Қ.Алпысбаев) дегендей, аталмыш романдағы диалог пен монологтың берілуі осы пікірге саяды.

Романға арқау болған проблема – нашақорлық, жезөкшелік. Романда  құқық қорғау органдарының қауқарсыздығы, әкімқаралардың көңілдестерімен жүруі, бандиттердің асығы алшысынан түсіп тұрғандығы кеңінен сөз болады.

Әділбек Ыбырайымұлының «Зауқайыр» триллер-романы – постмодернистік  («канондық ойын»)  элементтерін ұлттық  стильмен ұштастырып, мистикалық тәсіл мен ұлттық наным-сенімдерге тән мифтік танымды сәтті қолдан шығарма. Шығармадағы мифтік желі – айна. Кәдімгі айнаға деген қазақы түсінікті медицина саласынан хабары жоқ кемпірдің ауызына салып, әдемі шешім шығарған.

Романның идеясы – өркениеттің күйреуі, қайырымсыз қоғамның қалыптасуы, адам баласына Құдай Тағала тарапынан берілген асыл қасиеттердің (имандылық, парасаттылық және т.б.) жойылып, шайтанның боқ-сідігіне малынған (арсыздық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық) жаман қасиеттерге бойы үйреніп, адамгершіліктің деңгейінен мақұлық дәрежесіне түсіп, айуаннан бетер адамауи қылықтарды әшкерелеу. Романның негізгі идеясын қалай байқаймыз? Хронотоп (уақыт пен кеңістік) арқылы. Яғни, шығармадағы уақыт пен кеңістіктің қатар берілуінен көресіз.

Мысалы, «Айналдырып отырған: озбырлар – адамдар – айуандар. Әлде, атом ғасырына қадам басқан сайын түйсік төмендеп, парасаттылық түгесіле ме? Сөйтетін тәрізді. Өйткені, улы, аса зиянды химикаттар әлемдік деңгеймен алғанда құмырсқадай ғана адам тұрмақ, планеталардың өзін жарымжан етеді. Оған жердің өзі нақты дәлел. Атом дәуірі у зәрін көң итерген қоңыздай домалатып, сәт сайын межесіне жақындайтындай. Адам өркениеттің шыңырауына жетіп қалған сияқты. Себебі, өзі ойлап тапқан заһар – өзін жұтуға әзір. Ең бірінші, ибалы қоғам – имансыздыққа айналып барады. Адами мінез-құлық – айуандықпен алмасқандай» (96 бет)  Бұл – тұтас қоғамның бет-пердесі. Шынайы. Автормен келісесіз. Келіспеске, шараңыз жоқ! Ешқандай өтірік емес, мына біз өмір сүріп жатқан, өзіміз жасап отырған қоғамның сиқы.

Нашақорлыққа тәуелді, адами қасиеттен жұрдай, имансыз қаһармандардың портреті:

«… мына қапталындағы жігіттің кеудесіндегі тордағы өрмекшінің мағынасы – құмарпаздар құжырасынан, құмарпаздар қатарынан мәңгі кетпеймін деген сертті білдіреді. Егер, бұлардың ішінен біреусі қызығушылықпен үсті-басына татуировка салдырып, сосын істі боп, сотталдандардың арасына түссе – әлгі суреттің нені меңзейтінін айтып бере алмаса, онда қрығаны. Алда-жалда қаны бұзылғандар бостандықта жолығысса, танысқанда аты-жөнін, қайдан екенін сұрауы мүмкін, бірақ, не үшін, қандай баппен, қанша жыл отырғанын сұрамайды. Денесіндегі шимайлардан, саусақтардағы сақина-айшықтардан-ақ арғы-бергіні екшей береді. Оларда жөнсіз ештеме бедерленбейді» (183 бет) немесе «Күндіз құбыжықтардың қотаны өлік шыққандай тымтырыс. Шаңырағы желп-желп етіп аруағы асатыны – түн баласы. Өздері түнде ғана пайда болып, күндіз онша көзге түсе қоймайтын жынды көбелек сияқты. Жынды көбелек таң атқанша талмай бозамық нұрға құныға, тірмізіктіне ұмтылады да, жер әлемді жарық сәуле жайлағанда сол құштарлықтарынан ада-күйде айырылады. Апиынкештер де дәл солай қараңғылықтың қойынан рахат іздеп, түні бойы өздері ғана сезініп, ұғна алатын шұғылаға алыстан қол созады. Ал ертеңгілік кәдуескі шапақ шырағын төккенде, әлгінің бәрі су сепкендей басылады. Сосын қарапайым адам кейпіне енеді де, ымырт үйіріле қайтадан ыбылысқа айналады»

Романистің авторлық ойы – Әйел – қоғамның айнасы. Әйел қауымы тәрбиелі, көргенді, ибалы болғанда ғана, кез келген қоғам парасаттылыққа бет түзейді. «Сұлулық – әлемді сақтап қалады» деген сөздің төркіні осыны меңзесе керек. Бұл жерде сұлулық сыртқы сүдінде ғана емес, жан мен ардың тазалығында… иманда…

Әрбір шеше өз баласына ие болса, әлеумет жаманшылықтан аласталады. Өйткені, орта сол балалардан түзіледі. Әсіресе, қыздың тәрбиесі қайта-қайта қадағалауды қажетсінеді. Себебі, маңындағы жігіттерді батырлыққа да, жауыздыққа да итермелейтін оның қылығы: еркелігі, назы, ақылдылығы. Көп жағдайда қыздың бойынан тектілік табылып жатса, тентектілікке жол жоқ. Қалай айтқанда да әйел – адамзаттың ғана емес, әлемнің анасы. Уақыт өткен сайын қоғамымызбен тұтас азып бара жатқанымыз, шешеміздің тектіліктен, адамилықтан ауытқығанын білдірмес пе екен?.. (366 бет). Осы жолдарды оқып отырып, кешегі  өткен ХХ ғасырда  «Адамдықтың негізі – әйел»  (1917) деген мақаласының,  ХХ ғасырдың бас кезіндегі  «Бақытсыз Жамал» (М.Дулатов), «Ақбілек»  (Ж.Аймауытов) секілді тағы романдардың өзектілігі, маңызы әлі де өзінің мәнін жоймағандығын байқаймыз. Бұл роман – қазақты ұлт ретінде жойылып кетпеуге рухани (моральдық) тұрғыдан көмектеседі. Ол үшін – оқуымыз керек.

Роман кейіпкерлерінің жағымдысы мен жағымсызы, естісі мен ессізі де – барлық нәрсенің жайын ұғуға, тануға, оны ақылға салуға тырысады (А.Ісімақова) дегендей, Гүлжанның кейбір әрекетіне сүйсінсеңіз, кейбірінен жейіркенесіз. Жасарал, Асығат, Алау, Ілияс, Айна, Мұқатай, Жанат, Бітім  секілді жағымды кейіпкерлердің ойы, сөзі, бағыты сүйсіндіреді. Әбдірахман, Серік, Дайрабай, Сұлтан – жағымсыз кейіпкерлер. Адам емес, құбыжық, айуандар. Бұлар қаншама бейкүнә адамдардың обалына қалды. Қаншама адамдарды «тасқын» деген пароль арқылы келетін нашаға тәуелді етті.

          «Зауқайыр» романы – пендешілік ойлардан өріс алған, құдайсыз іс-әрекеттерге толы оқиғалар жүйесін құрайтын роман. Романда діни, тарихи, саяси көптеген мысалдар келтіріледі. Бәрі – орынды, өзінің ретімен берілген.

Романист  Әділбек  өзінің о баста жоспарлаған «Озбырлар – адамдар – айуандар» жүйесіндегі күрделі мәселені әшкереледі. Нашаға тәуелді құбыжықтың (адамның) адамгершілік пен айуандық арасындағы шекарадан алшақтағанын эстетикалық аспектілер арқылы жоғары дәрежеде суреттейді. Романист – экспериментшіл. Неге десеңіз, автор медицина, криминалистика саласына зерттеу жүргізіп, батыл қадам жасаған. Автордың бұл аяқалысы – қуантарлық жайт. Бұл роман – бүгінгі қазақ прозасындағы (әдебиетіндегі) соны жаңалық. Енді гәрі Әділбек Ыбырайымұлын  Ф.М.Достаевскиий, Н.Гоголь, Т.Әбдік  секілді  адам жанының «археологы» атанған жазушылардың қатарынан көргіміз келеді. Іске сәт!

«Бүгінгі қазақ әдебиетінің жаңа өкілдерінде тіл жоқ !» деген пікірді жиі естиміз. Осы пікірді айтпас бұрын, жастардың шығармашылығына зер салу керек. Міне, Әділбектің мына романында тіл де, шеберлік те, эксперимент те, ұлттық колоридке тән ерекшелік те бар.

Енді  Сіз де оқыңыз! (Шығарма тілі жатық. Жеңіл оқылады. Баяндауда ауыз екі сөйлеу тілі, ауызша әңгіме айту үрдісі сақталған)

Сөз соңында айтарымыз,  Әділбекті мақтамау керек, оны («Зауқайыр» романын немесе поэзиялық-прозалық шығармаларын) тек қана оқу керек. Оқу керек!

Елдос ТОҚТАРБАЙ