Жаңа министрдің жаңа платформасы қазақ тілін сақтаудың соңғы жолы ма, әлде…

Айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған қазақ тілінің тағдыры «Мен қазақпын!» деген жанашыр жанның барлығының үнемі бір бүйрегінде жүретін көкейтесті мәселе екендігінде дау жоқ. «Мемлекеттік тіл» деген мәртебені 1989 жылы алған кезде әлгі жанашыр деген азаматтар мен азаматшалардың барлығы қатты шаттанды. Ол кезде Кеңес үкіметі әлі де үстемдік етіп тұрған шақ. Тіл жанашырларының қаһары мен олардың өткір де батыл талабына Мәскеу шыдас бермей қазақ тілінің мемлекеттігін мойындауға мәжбүр болды. Ұлт патриоттары бұл жеңістерін өмірде баянды етуге жұмыла кірісті. Сол кезде тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына тікелей зор үлес қосқан лауазымды тұлғалардың бірі де бірегейі Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сонымен тоқсаныншы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. «Ана тілі» газеті ашылды. Қазақ мектептері, балабақшалар бірінен соң бірі ашыла бастады. Басқа этнос өкілдері, тіптен орыстар балаларын қазақша білгізу мақсатында қазақ мектептері мен балабақшаларына бергенін көріп, естіп жаттық.
Көп ұзамай тәуелсіздігімізді жарияладық. Қазақ тілінің біртін-бірге күш алып, ресми орыс тілінің аренадан кететініне бәріміз сенімді едік. Кім кедергі жасайды? Қазақ тәуелсіз мемлекетінің нағыз қожайынына айналып, ұлттың жаны тілімізді өркендетіп, ұрпағымызды, балаларымызды төл салт-дәстүрімізбен барынша сусындатып бабаларымыз армандаған ұлттық мемлекет құрамыз деген сенімде болдық. Әрине, ол арман орындалды. Өзіміздің теңгеміз, әнұранымыз, елтаңбамыз, Ата заңымыз дейсің бе, тәуелсіз мемлекетке тән барлық нәрселеріміз өмірге келді. Парламент те туын көтеріп жұмыс істеп жатты. Бір қуанатымыз президентімізден бастап барлық лауазымды креслоларға өз қазақтарымыз жайғасты. Ешқандай мін таға алмайсың. Әсіресе солтүстіктің төрінде жарқырап Астанамыздың орналасуы көңілге нық сенім ұялатты. Оның тұрғындарының тоқсан бес пайызы қазақ. Басқа да орысы көп саналатын солтүстік, шығыстағы облыс орталықтарында қазақ көбейді. Тұрғыны ең көп Алматы мегаполисі де қазақыланды. Шекарамыз берік, еліміз тыныш, қазақтың саны мемлекетімізде 67 пайызға толды.

Бірақ өкінішке орай мемлекеттік тіл, қазақ тілінің бағы жанбай қойды. 1997 жылы Тілдер туралы заң қайта шықты. Тіл комитеті құрылды. Әр облыста тіл басқармалары бар. «Қазақ тілі» қоғамы да бұрынғыдай әлеуетті болмаса да ол да жұмыс істеп жатыр. Елбасымыз «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің болашағы», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп мемлекеттік тілді өз бақылауында алып отыр. Енді не керек? Мемлекеттік тілді өзге ұлттар түгілі қазағымыздың өздері неге үйренбейді? Үлкенді-кішілі жиналыстар негізінен ресми тілде өтеді. Бұл қалай? Намыссыздық па, өресіздік пе, мұны қалай түсінеміз?

Бүкіл мемлекет, үкімет, зиялы қауым, тіл жанашырлары тығырыққа тіреліп тұр. Тіптен қырық айлалы патшамыз да қазақ тілін тұғырға қондырып, орыс тіліне «өз еліңе бар» деп айтуға дәргейі жоқ. Үш тұғырлы тіл дегенді шығардық. Бәлкім елбасымыздың талабы бойынша өмірге келген осы үш тұғырлы тілден суыртпақтап бірдеңе шығара алармыз. Осы мәселеде бір гәп бар тәрізді. Елбасының әріден ойлағаны бар-ау осында. Себебі орыс тілін ығыстырып тастайын десең екі миллионнан аса орыс шу ете қалады. Олар шу ете қалса Қырымды алып, Украинаның оңтүстігіне көз алартып тұрған Мәскеу біздің солтүстігімізге қол салса қайтеміз? Міне, Нұрекең дәп осы жерде данышпандық танытып тұрғандай көрінеді. Ол кісі қалың қазекеңнің мемлекеттік тілдің өркендемей жатқанын өзінен көретінін жақсы біледі. Патшаның аты патша. Табалдырықтың бержағын ғана көретін біз сияқты емес сабырмен сона-ау алысқа, мынау беймаза әлемге ойлана, толғана қарап тұр-ау, шамасы. Неде болса да ішінде. Бізге әзірге құпиясын ашып ештеңе айтпай тұр. Ал біз де қарап отырмауымыз керек. Жоғарыда айтқанымыздай бұлай жүрсек арба сынады, олай жүрсек өгізіміз өледі. Арбаны сындырмай, атты өлтірмей қазақ тілінің мәртебесін көтеретін, бағын жандыратын нақты жол бар ма?

Осындайда ойыма бір ертегі түсіп тұр. Кедейдің ағайынды үш баласы күнкөрістің қамымен сапарға шығады. Содан олардың жолы үш қара тасқа тіреледі. Бір таста «Мына жолға түссең бақытты боласың» деп, ал екінші таста «… бай боласың» деп жазылған. Үшінші тасқа «… оралмайсың, өлесің» деген жантүршігерлік сөздер қашалған. Екі ағасы үлкендігін пұлдап екі жақсы жолға түссе, ал кенжесі амал жоқ жаман жолға түсуге мәжбүр болады. Ертегі соңында небір қиындықтарды, өлімді де жеңіп кенже бала бақытты һәм бай болып оралады. Ал ана екеуі керісінше. Сондықтан амал жоқтықтан сіз бен біз осы кенже бала сынды үш тұғырлы тіл жолын амал жоқ таңдаймыз-ау. Себебі қанша туласақ та патшамыз осы жолды қалап отыр. Сіз ойлмаңыз тілін сатып жағымпаздық жасап отыр деп. Мен «Тілім құрыса өлемін» деуші нағыз патриоттардың бірімін.

Қазір байбаламның заманы емес. Қазір сарабдал ақыл мен сабырдың заманы. Қандай көкейтесті мәселені қолға алдың ба, жеті рет өлшеп барып кес. Айнала дүрбелеңдерге толы. Жер шары бейне жарылып кетейін деп тұрғандай. Әлемнің әр шалғайынан туған жерін, қасиетті елін тастап, бастарын алып қашқан миллиондаған босқындардың ащы тағдырлары кімге де болса сабақ.

Иә, сонымен біз ертегіні неге мысалға келтірдік. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында тілімізді тұғырына қондыру жайлы 25 тонна болатындай сөз айттық. Тонна-тонна ақшаны ана тіліміздің жолында шашу етіп шаштық. Әрқайсысы сала құлаш бағдарламалар жасадық. Бірақ «Баяғы жартас, бір жартас…» Қазақ тілінің «денсаулығы» қайта жыл санап нашарлап бара жатқандай бейне. Тоқсаныншы жылдары өзбектер, Балтық жағалауындағы елдер басқа этностарға: «Егер бізбен бірге өмір сүргілеріңіз келсе, онда біздің тілімізді үйреніңдер. Үйренбейсіңдер ме, жол әні! Шекарамыз ашық. Кейін оны жабамыз. Кететіндерің қазір кетіңдер» деп қатал түрде айтқанындай тоқсаныншы жылдары оны біз де айтуымыз қажет еді. Ол кезде айта алмадық. Айтылмаған ойымыз, сөзіміз өлді. Енді ертегідегідей ауыр жол жатыр алдымызда. Білім мен ғылымның жаңа министрі Ерлан Сағадиев сол жолды бірден алдымызға көлденең тартты. Елбасы да сол үш тұғырлы тілді таңдап отыр. Еліміздің тамыр-тамырына үшінші тіл ағылшын сыналап кіріп барады. Құй көн, көнбе, қазіргі жағдай осындай. Енді міне, болашағымызды жасайтын мектептерге де іс жүзінде дендеп кіретін түрі бар. Өзара айтыс жүріп жатыр. Бірақ зиялы қауымның, тіл жанашырларының үндері бұрынғыдай емес. Пәрменді емес, бәсең. Шаршаған, болдырған сияқты. Меніңше, олай етуге қақымыз жоқ. Сонымен біздің министр Е.Сағадиев не істемекші? Министр зиялы қауымды мәмлеге шақырып мәлімдеме жасады:

«Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – президент ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау. Қазіргі біздегі білім жүйесінде тепе-теңдік жоқ. Қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуы шектеулі. Орыс тілінде оқытатын мектептерде оқитын қазақ жастарының көбі өз ана тілін дұрыс білмейді, дұрыс түсінбейді. Біздің мақсатымыз осындай қиындықтарды жойып, жастарға, әсіресе ауылда жүрген жастарға, бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру, яғни болашақта үш тілде сапалы дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құру. Әр бала осы үш тілде еркін сөйлеп, әлем елдеріндегі озық білімді игере білуі қажет. Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау керек. Биылғы жылы осы реформалардың алғашқы қадамы жасалып отыр. Әзірше жалпы қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы бұрынғы қолданыстағы күйінде жалғастырылады. Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің сағаттарын көбейтіп, оның сапасын арттыру керек. Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр…»

Жаңа министр осылай деп отыр. Айтып қана қоймай ол өмірімізге батыл енетін сықылды. Байқап отырсаңыз тіл жанашырларын қуантатын тұстары баршылық. Біріншіден мұндағы оқыту, тілді үйрету бізге жат емес. Министр бұл бағдарламаны аспаннан алған жоқ. Өздеріңіз білесіздер тәуелсіздігімізбен бірге еліміздің оқу жүйесіне қазақ-түрік лицейлері келіп енді. Алғашқыда осы мектептерге үрке қарағанбыз. Бұл лицейлерге оқушылар 7 сыныптан бастап тартылады. Мұнда оқыту жүйесі тура Е.Сағадиевтің ұсынып отырған платформасынан айнымайды. Жаратылыстану пәндері түгел ағылшын тілінде оқытылады. Қазақ-түрік лицейлеріне қазір бүкіл ата-ана ғашық. Тіптен министрлер, облыс әкімдері балаларын құштарлықпен лицейлерге берді. Неге? Бірінші себебі оны бітірген балалар мұнда діни сабақтар жүргізілмесе де иманды, көркем мінезді, тәрбиелі болады. Екінші себебі білімді болумен қатар, үш-төрт тілді еркін меңгеріп шығады. Үшінші себебі қазақ тілінде еркін сөйлей алады. Ата-анаға да, мемлекетке де осы қажет емес пе? Лицейлердегі оқыту тәсілдері кейін Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданылды. Екіншіден министрдің платформасынан тағы бір көңіл аударатын ұтымды нәрсе орыс мектептерінде қазақ тілінде оқытылатын пәндердің көптігі. Мұнда да жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады. Яғни күндердің күнінде орыс, аралас мектептері өзінен-өзі жойылып, олар қазақ мектебі деген атауға ие болады деген жеке пікірім бар.

Үшіншіден Е.Сағадиев ұсынған платформаның алда көздеп отырған мына талабы да көңілге қонымды. Мәлімдемесінен үзінді келтірелік: «Бізде ана тілімізді жан-жақты, жедел, тиімді үйрететін әдістеме жоқ. Солардың жоқтығынан біздер мектепте қазақ тілін айлап, жылдап оқытсақ та тиісті нәтиже шығара алмай келеміз. Сондықтан қазақ тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауымыз керек. Осы мақсатқа тиісті қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл – өте маңызды мәселе. Бұл мектептерде қазақ тілін оқытудың маңызын тек оған бөлінген сағаттармен ғана өлшеп қоймай, берілетін білімнің сапасы арқылы бағалауға жол ашады. Сондықтан қазақ тілі пәнінің тәжірибелі ұстаздарын шетелдерге жіберіп, ондағы тілді үйретудің тиімді әдістемелерімен таныстыру көзделіп отыр. Осының арқасында тек қазақтарға ғана емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдеріне де қазақ тілін кеңінен тиімді әдістеме арқылы оқыту жүйесі ұсынылады. Сондай-ақ, қазақ тілінің жанашыр ғалымдарынан арнайы топ құрып, қаражат бөліп, осы ғылыми ізденістерді жүзеге асыру көзделіп отыр.»

Ниет дұрыс. Оның жүзеге асырылуы үшін тынбай ізденіс қажет. Әрине бұл платформа тек министрліктердің көзқарасымен жасалып отыр. Шіркін, оның жобасы халықтың арасына талқылауға жіберілсе нұр үстіне нұр болар еді. «Келісіп пішкен топ келте болмайды» дегендей талай тамаша ұсыныстар, пікірлер түсіп олар платформаны одан сайын байытып, толықтыратыны сөзсіз. Бізден бір ұсыныс осы оқу үдерісі қазақ-түрік лицейлерінің әдісімен жетінші сыныптан басталса, кәнеки. Зиялы қауым біздіңше қарсы емес. Тек осы әдіспен оқытса олардың да көңілдері жайланар еді. Себебі соңғы үш-төрт жылда бастауыш сыныптарда ағылшын тілі оқытылып жүр. Бірақ бүлдіршіндеріміздің жан дүниесі оны қабылдамай, бұл әдіс аса зор нәтиже көрсетпегенін жақсы білеміз.

Сонымен биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы болса да тіліміз еңсесін көтере алмай жатыр. Құдай қаласа ұлтымыздың пайыздық мөлшері 70-ке жететін күн де алыс емес. Министр айтқан мәселелер жүзеге асып қазақ тіліміздің мәртебесі биіктесе деген арман бар көкейде. Біз бұрын да армандап келдік. Арманмен алдандық. Бейне бір сағым қуып жүргендей болдық. Енді нақтылыққа көшетін күн келді. Ең бастысы елбасымыз айтқандай намысымызды оятып бір-бірімізбен қазақша сөйлесейікші.

Ертай Айғалиұлы