Жақсы күйеу атану үшін – еңбектен! (әзіл-шыны аралас)

Ыдыс-аяғы сылдырламайтын отбасы болмайды. Бұрын айқай көрмеген ерке келіндер кейде мұндайда төркініне тұра қашады. Лаж жоқ, барып, алып қайтуың керек. Сондай кезде адуынды ененің ашуын қалай қайтаруға болады? Күйеу деген сүйкімді аттың қадірін қашырмас үшін не істеуге болады? Інілеріме аз-кем ақыл қосайын деп, осы жазбаны жолдап отырмын.

Бірде сөзімді көтере алмаған зайыбым екеуміз жанжалдасып қалып, төркініне кетіп қалды. Тағы да барып әкелу керек. Жалғыз тұратын енемнің беті қатты. Көнер түрі жоқ. Қызын қорлыққа беріп қоймайды маған. Қызына бай табылады екен де, қатынсыз қалған мен ішіп, азып-тозып кетеді екенмін.

Құдай сақтасын, өзім шошып кеттім. Басыма қонған бақытты ұшырып алыппын-ау. Үйіне барсам шытынаған қабақпен қарсы алды. Шай үстінде біраз сілкілеп алды. Үндемедім.

– Саған ұрғызып қоятын қызым жоқ, шырағым, – деп бастады ашуға мінген енем әңгімесін. Менде де намыс бар ғой, ерегіскенде тайып тұрайын дедім де, «біржолата алып кетейін, ел-жұрттан ұят болар» деп шыдап, өзімді ұстап отырдым. «Сабыр, Сәке, сабыр. Сабыр түбі – сары қатын».

Бірінші күні шкаф біткеннің есік, топса, тұтқаларын қатайтып, бұрап, түзеп бердім. Плотниктің баласы емеспін бе?! Балтасын саптап, пышақтарын қайрап, арасын егеп, бәрін реттеп қойдым. Түскі шайда енемнің сөзі кәдімгідей азайып қалды. Тек маған емес, арасында қызына да сөйлеп алды. Түстен кейін балшық езіп, сарайының құлаған жерлерін сыладым. Жалғыз өзім. Онымен қоймай, қорасының сетінеген қабырғасын таспен қайта қалап тастадым. Бұл енеме жағып кетсе керек, көже әкеп берді.

Екінші күні бақшасын тегістеп, басқа да жұмыстарды қопарып тастадым. Біраздан бері еркек қолын көрмеген үй кәдімгідей түлеп сала берді. Кешкі аста енемнің сөзі басқаша болды. «Ішпейтін бай болмайды, бір-біріңді түсініп өмір сүрсеңдерші» – деп ашудан гөрі ақылға салып, сабырлы сөйледі.

Ертесіне қисайып тұрған ағаш қорасын жөндедім. «Тағы не бар екен түзелмей тұрған?» деп жан-жағыма қарап жүрмін. Айтпақшы, менің шешемнің әуес ісі бар еді: қазандық сала беретін. Бір тайқазаны бар екен, әп-әдемі қылып қазандық салып, майлап, ақтап беріп едім, енем тіптен жайылып түсті.

Үшінші күнгі шай үстінде енемнің сөзі мынадай болды.

– Сен қыз бажақтап байыңның бетінен ала берме. Баяғыда біздің шалдарымыз таңға дейін карта ойнап, ішіп келсе де, ләм-мим демеуші едік. Қолынан дым келмейтін бай болғанда қайтер едің?! Шүкір ет. Бар ғой ондайлар, – деп қызына ұрысты.

Ауланың бір шетінде бірер жылғы қоқыс жататын еді. Мен соны ойлап: «Апа, көлік әкеліп, ана қоқысты шығарып берейін» деп едім, ыршып түсті. «Қой, ойбай, үш күннен бері тыным көрген жоқсың. Рақмет айналайындар, болды. Үйлеріңе барыңдар. Әй, сен қыз бажақтап…» деп қайта қызына сөйлеп кетті. Мейлі, ол қоқыс ешқайда қашпас. «Жан бар жерде жанжал бар». Ертең тағы осындай жағдай болса бірден соған кірісермін! Міне, тірліктің көзін тапқан, еңбекқорлығымның арқасында қайын жұртта қадірімді осылай көтеріп алдым.

Ал, інілерім! Келін төркінге кетіп қалып жатса, абыржымаңдар. Бірден қайын жұрттың құлаған қабырғасы болса – қалап бер. Оған болмаса, ауласындағы өсіп кеткен шөптерін жұлып, тегістеп бер. Оған болмаса, отынын жинап, кіргізіп бер. Тақа болмаса, қазандық салып бер. Ертеңіне екі нән сөмкесімен қызын саған қосып жібермесе, маған кел!

Самат НАРЕГЕЕВ,

журналист.