ЖАҒЫМПАЗДЫҢ ЕКІ МОНОЛОГЫ

1.ТІРІ КЕЗІНДЕ
Сіз кетпеңіз!
Сіз кетсеңіз—
Мына дүние
Қақ жарылады ғой.
Сіз кетпеңіз—
Солтүстік Мұзды Мұхит
Жер шарына
Топан боп жайылады ғой.
Құдай басқа бермесін
Тынық мұхит
Тыныштығынан айрылады ғой.
Бүкіл Африка,
Бүкіл Америка,
Бүкіл Азия,
Бүкіл Еуропа
Қара жамылады ғой.
Сіз кетпеңіз!
Жер жүзі дәл қазір
Күнді емес,
Сізді айналып тұр ғой.
Сіз қазір
Аспан астындағы
Темірқазықсыз!
Сол қазыққа
Дүние байланып тұр ғой!
Сіз кетпеңіз!
2. ӨЛГЕННЕН СОҢ
Атаңа ғана лағынет!
Ақыры кеттің бе!—
Бәрін бүлдіріп,
Бәрін тындырып
Өттің бе!
Бүге- бүге
Екі тізем
Күс болды ғой.
Қайтадан тіктеп тұруым
Күш болды ғой.
Күйіне- күйіне
Мына дүние
Бұзылып кете жаздады ғой.
Иіле- иіле
Бел омыртқам
Үзіліп кете жаздады ғой.
Енді сен
О дүниеде
Пейіштің нұрын емес
Құрт пен құмрысқаны
Іріңдей былжыратып
Сорып жатасың!
Аптапты күнде де
Көріңнің ішінде—
Қалшылдап!—
Тоңып жатасың.
Енді мен
Жағынуды аңсап
Басқаша адам,
Басқаша атырап табам!
Мен саған енді
Топырақ салсам да
Доңыз сарыған
Топырақ салам!
Атаңа ғана лағынет!
СЕН ОНЫ СЕЗЕСІҢ БЕ?
Елестей ербеңдеген
Әне бір жүргендер
Жанымды
Аязды күндей
Қатырғалы тұр.
Ерең- серең еткен
Әне біреулер
Тұнық көлдерімді
Итаяқтағы жуындыдай
Сапырғалы тұр.
Сен оны сезесің бе?!
Тағы да әне біреулер
Желді күнгі дауылдай—
Өз елін!—
Қамыстай құлатып,
Қоғадай жапырғалы тұр.
Ең сұмдығы!—
Кеудесін күнде тоқпақтап
Мақтанып жатқан
Бейшара Қазақстанға
Болат азулы,
Жез тырнақты біреулер
Атылғалы тұр.
Сен оны сезесің бе?!
АЗҒАН ЗАМАН
… Азған заманда
Шындық дегенің—
Үзіліп кетердей
Жіптей жіңішкеріп,
Өтірік дегенің
Қорсылдаған
Доңыздай семіреді.
Қыраның қырын ұшып,
Итің кері үреді.
(Үргенде де,
Темірді темірге соққандай—
Шақылдап!—
Миыңды кеміреді.)
Қулық дегенің
Жезөкшеден бетер
Қырық құбылып
Жымың қағады.
Сұмдық дегенің
Сұр жыланнан бетер
Сумаң қағады.
Түсінер, ұғар деп
Іс айтқан адамың
Тоғыз күн шіреніп,
Он күн керіледі…
Әділдікке—
Тозақтың есігіндей—
Түрменің
Есігі ашылып,
Қылмыскер қарақшыға
Салтанатты залдарда
Орден беріледі…
ӨТКЕН МЕН БҮГІНГІ КҮН
Сонау бір
Қиыр алыстағы
Өткен заманда—
“Май болса,
Бауырсақ пісірер ем,
Көрші ауылдан
Қазан әкеп,
Апыр- ай, ұн да жоқ,
Дым да жоқ”—деп,
Күңдей күйініп,
Түндей түйіліп
Отырған
Шарасыз әйелдей
Бүгінгі Күн де
Не істерін білмей—
Дал болып!—
Есін жия алар емес,
Жасын тия алар емес…
ДАҒДАРУ
Асау арманың
Қылша мойнына
Қыл шылбырлы
Тұзақпен
Асау аттай құрықтаулы.
Шығар есігің де,
Кірер тесігің де
Құлыптаулы.
Күн- тұні
Есітіп жатасың—
Құлақты сарсылтқан!—
Толассыз сандырақ бір…
Үстіне албасты
Мініп алғандай
Мына тірліктің
Иіні салбырап тұр.
Алдың да қараңғы,
Артың да қараңғы…
(Таба алмай амалды
Сол бір түнекке
Дүние қамалды.)
Әйтеуір ,
Жан- жаққа,
Қарасаң,
Аңғарып бір:
Жұрт біткен—
Бәрін жоғалтқан!—
Түрмеден шыққан адамдай
Қай жаққа
Жүрерін білмей
Дағдарып тұр!
ӘЙ, ОПАСЫЗ УАҚЫТ- АЙ!
Күні еше ғана—
Басына таңертең
Өрмелеп кеткен адам
Кешке бір- ақ түсетін—
Сөйтіп—сусынын!—
Қаталап ішетін,–
Алып бәйтеректің
Ұшар басына салған
Ұядағы
Отаудай- отаудай
Самұрықтың балапандарын
Жұтамын деген,
Мүлде құртамын деген,–
Жуандығы атан түйедей,
Ұзындығы—
Екі арқан бойы—
Айдаһарды,–оғының басы
Бір пұт келетін
Садақпен атып құлататын
Ақыры елін де, жерін де жұбататын
Батырлар туралы
Ертегілерді оқып
Өсіп едім,
Соларға еліктеп
Не бір қиял- ғажайыптарды
Басымнан кешіп едім…
Содан ба,
Мына бір
Күйкі тірлікті
Көре алар емеспін.
Мына бір
Күйкі тірлікке
Көне алар емеспін!
Әй, опасыз уақыт- ай!
ҚАЛАЙ ?
Тұлпарларым
Кермелерде
Тықыршып тұра алмайтын;
Сұңқарларым
Саңқылдап ұрандайтын;
Бір жағында—Саққұлақ,
Бір жағында—Таусоғар,
Алдында—Желаяқ,
Соңында—
Көлтауысар тұратын
Тұтас елім бар еді!
Сол елімнің,
Құдай- ау—
Жарылып!—
Бара жатқаны қалай?
Қыранның өзі
Бір шетінен
Екінші шетіне
Апталап жете алмайтын;
Аспандағы бұлттың өзі
Бір тауынан
Екінші тауына
Өте алмайтын
Шетсіз- шексіз
Жерім бар еді.
Сол жерімнің
Әркімге қолды боп
Тарылып
Бара жатқаны қалай?
Қалай?
АПАЛАРЫМ ДӘМЕШ ПЕН ҰЛПАШҚА
Біріңді бірің
Жетелегендей болып,
Біріңнен соң бірің
Кетіп қалғандарың- ай!
Қай бір күнде де
Қай бір кезде де
Мені іздеп
Мені күтіп
Өзегі талғандарым- ай!
Енді сендер жоқсыңдар!
Кішкентай кезімде
Қара суықтарда
Ықтасын болып
Қалқалап бағатын едіңдер.
Жер лайсаң,
Аласапыраңдарда
Мектепке дейін
Арқалап баратын едіңдер.
Енді сендер жоқсыңдар!
Қандай бір
Қатты болсам да
Сендердің құшақтарыңда
От тиген
Қорғасындай болып
Балқып кететін едім.
Қаншама
Жадап жүрсем де
Сендерді көріп
Шалқып кететін едім .
Енді сендер жоқсыңдар!
Біздерді
Қу тірлікке тастап
Қара жерге
Мәңгілік жайланғандарың- ай.
Әр көрген сайын
Жүрегі елжіреп,
Бауыры езіліп
Айналып- толғанатын,
Айналайындарым- ай.
Енді сендер жоқсыңдар!
ЖИІРКЕНІШТІ
Ақыл айтатын
Ақсақалдарының
Милары
Шалап боп кеткен;
Табағы итаяқ,
Итаяғы
Табақ боп кеткен
Заман бұл.
Азамат деп жүргенің
Азалы үйде отырып
Қарқылдап күлетін;
Ит жоқта емес,
Ит барда да—
Шошқасы үретін
Заман бұл.
Құласаң—
Досың да бұрылмайтын;
Аппақ шашты
Қайнағалары
Келіндеріне қырындайтын
Заман бұл.
Жиіркенішті!
ОСЫЛАЙ КЕТЕ БЕРСЕК…
Осылай кете берсек—
Жіңішкеміз ұзіліп,
Жуанымыз қылдай болады;
Қызымыз күңдей,
Ұлымыз құлдай болады.
Осылай кете берсек…
Ойласам;
Өзегім өртеніп,
Жаным тұншығып,
Демім алқынады.
Осылай кете берсек—
Ойдағы суат тартылып,
Бойдағы қуат сарқылады…
Осылай кете берсек—
Түптің түбінде
Не болып,
Не қоярын—
Кәміл білеміз:
Киім таңдамайтын
Диуанадай,
Тиын талғамайтын
Қайыршыдай
Өмір сүреміз.
Осылай кете берсек…
САРЫАРҚАДАҒЫ САҚЫЛДАҒАН САРЫ АЯЗ
Мына сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын- ай.
(Апыр- ай,
Осындай суықта да—
Тамағыңа тас тығылғыр!—
Әне бір қақсауық
Идеолог- шенеуніктің
Қарғадан бетер
Қарқылдауын- ай.)
Ұстарадан да өткір
Мына сары аяз
Тіліп тұр бетіңді.
Ауыздарынан
Будақ- будақ
Бу атқылаған
Адамдардың әр қайсысы
Қайнап бара жатқан
Самаурын секілді.
Осы бір аяздан
Бағандардағы шамдардың
Қып- қызыл құлағы.
Аяз сорып
Кептіріп жіберген
Аппақ қар—
Басып қалсаң!—
Шыны сияқты
Күтір- күтір сынады.
Неткен суық бұл!
Солтүстік Мұзды Мұқхитың
Бізге де жеткендей.
Мына суықтан
Жын- шайтан,
Ібіліс, диюларға дейін
Жылу қазандықтарының
Алып мұржаларына
Кіріп кеткендей.
Осы бір суықтан
Онсыз да жаны жаралы
Мына жұрт—
Тұтқынға түскендей
Бүгежең- бүгежең етіп
Тартып барады…
Сарыарқадағы
Сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын- ай.
(Осындай суықта да,–
Тамағына тас тығылғыр!—
Қақсауық идеологтың
Қарғадан бетер
Қарқылдауын- ай!)
ТАМБУРДАҒЫ ӘН
“Отырар” поезының
Тамбурында—
Басқа жер
Құрып қалғандай!—
Есмұхан Обаев пен
Әшірбек Сығай
Ән салды.
(Вагоннан
Вагонға өткендер
Алайып қарайды
Көргендей!—
Әумесер, аусарды.)
Екеуі әндерді
Көсіліп айтты,
Шешіліп айтты.
Әнде бір өші кеткендей
Көмейлерін
Көріктей керіп,
Өңештерін
Кернейдей созып
Өшігіп айтты.
Онсыз да екеуі
Қайбір “оңған”
Көздері қанталап,
Тамырлары
Білеудей ісініп
Жын ұрғандай
Есіріп айтты.
Айтты,
Айтты,
Айтты.
(Сол бір кездерде
Дүниеге біреулер келіп,
Дүниеден
Біреулер қайтты.)
… Көкжиекте
Күннің жалқыны
Өшіп бара жатты;
Аспандағы бұлттар
Алау- далау боп
Көшіп бара жатты;
Заулаған пойыз
Екі кеш арасын
Кешіп бара жатты…
Сол бір әндерден
Аспандағы бұлттар—
Не күннің жалқынынан,
Не әннің жалқынынан,–
Өртеніп кетті…
Сол бір әндерден
Мен де теңселіп кеттім.
Пойыз да теңселіп кетті.
Сол бір әндерден—
Жанымда!—
Өшпестей боп
Мұң қалғанын- ай:
Шетсіз- шексіз
Далада туған
Сол бір әндердің
Тар қапас—
Тамбурда!—
Құрыққа түскен асаудай
Бұлқынып шырқалғанын- ай.
МАРҚАЮ
…Жемтік іздеген
Қара құс—
Тас төбемде
Шүйіліп жүр…
Әне бір бұлт
Қарынға жабысқан
Қара талақтай боп
Түйіліп тұр.
Жан- жағынан салбыраған
Ұзын- ұзын
Түкті сирақтарымен
Мені бүріп
Алып кетердей;
Не болмаса
Бойына жасырған
Жай оқтарымен
Қақ айырып
Жарып кетердей…
… Кенет,
Бір кезде
Қап- қара бүлт
Іріп кеткендей
Өліп бара жатты.
Бүкіл
Қаһарынан айырылып
Семіп бара жатты.
… Өкпек жел шығып
Әлгі бұлтты
Ит тартқан
Тулақтай етіп
Сүйрегенін- ай.
Көз алдымда
Әлгі бұлттың
Күл- паршасы шығып
Күйрегенін- ай…
Соны көрген мен
Алдыма
Сарыарқаны жайып
Марқайдым.
Арқамды
Алатауға тіреп
Шалқайдым…
САҚИДЫҢ ТІЛЕГІ
Сол бір жан
Маңдай тер,
Табан ақысымен тапқан
Ақшасын—
Көшеде—
Жоғалтып алды.
Өзі тас кедей еді,
Сорына
Сор артып алды.
Бірақ ол
Өкінген жоқ.
Ақшамды
Қайтара гөр деп
Аллатағалаға жалбарынып
Өтінген жоқ.
Ол жанның
Жаны жайсаң,
Санасы өткір еді…
Бар болғаны,
Ақшамды,
Ақшаға қақалған
Әлдекім емес,
Ақшаға зәру
Бір бейшара
Тауып алса екен
Деп тіледі.
АСТАПЫРАЛЛА!
Қазанның күйесіндей
Қап- қара түн.
Бір кезде
Бүйірімнен біреу
Шаншудан бес бетер
Бір түртті.
Сонысымен
Денемді
Аяздай қарып
Жан- дүниемді
Үркітті.
Шап беріп
Ұстай алдым.
Үп- үшкір темір екен.
… Жарқ еткен жанарынан
Найзағай
Байқап қалдым:
Шаштары
Қырық жыланды
Өрім екен.
Алыса кеттік.
Денесі
Су сияқты
Сұйық боп шықты.
Апыр- ай,
Ұстағанмен
Жұлып ала алмайсың.
Соққанмен
Ұрып ала алмайсың.
Басындағы
Қырық жыланы
Тілдерін сумаңдатып
Ысқырып тұр.
Сонысымен- ақ мені
Жайпап жіберердей
Тықсырып тұр.
Басында
Қырық жылан шулаған
Сол бір сұйық бәлеге
Сіңіп кеткендей болдым;
Тұла бойым жидіп
Іріп кеткендей болдым.
Жұлқындым,
Бұлқындым.
Жағаласып
Алысып бақтым,
Табандасып
Қарысып бақтым.
Таудың бөктері болатын.
Сатұр- сұтыр етіп
Тастар шашылды.
Бір кезде жұлдыз көрініп
Аспан ашылды.
Мен алысқан
Сұйық денеңіз
Су құсап
Қара жерге
Сіңіп кетті.
Ысқырып түрған
Қырық жыланың
Тозған шүберектей
Іріп кетті.
Қарасам:
Астымдағы атым
Қан сиіп
Жер табандап қапты.
Келе жатқан соқпағым
Шекараның ар жағындағы
Айдаһардың құйрығындай
Ширатылып
Жер сабалап жатты.
Астапыралла!
ЕРТЕГІСІЗ ШЫНДЫҚ
Мына біреу келді де
Тып- тыныш күнімді
Ұмар да жұмар қылды.
Жарқырап тұрған күнімді
Түртсе көргісіз
Тұман қылды.
Сол- сол екен
Оңға жүрсем
Солға кеттім,
Солға жүрсем
Оңға кеттім…
Бүгініме
Зорға жеттім.
Жер астынан шыққандай
Қасыма келген
Ербиген біреу
Мені бір
Жансыз зат сияқты
Олай- бұлай
Қарап алды.
Сонан кейін
Өз- өзінен ашылған
Қара жер астынан
Қару- жарақ алды.
Далама ілінген
Айна сияқты
Атырауым мен
Балқашымның,
Аралым мен
Алакөлімнің беттерін
Бір- бірден ұрып
Быт- шытын шығарды.
Ербиген сол жанның
Түр- түсін
Анықтап!—
Біле алмай қалдым.
Дүние тұман- ды.
Сонан соң ол
Алдаспанымен
Тауларымның
Сүбелі жерлерін
Жонып алды.
Жерімнің
Түпсіз тереңіне
Түтіктерін жіберіп
Бар қанын
Сорып алды.
Бұл ісіне ол
Асып- саспады.
Шыдай алмастан
Айқай сап жүгіріп ем,
Басымды—
Доптай домалатып!—
Шауып тастады.
ӨЗГЕРІС
Бір кезде көз көрген
Бәрі де өзгерген.
Бір пәле келген сияқты
Ұрланып бір:
Бүгінде
Қызылқұмымның
Қып- қызыл беті—
Теміреткі түскендей!—
Сұрланып тұр.
Алатауымның,
Алтай тауларымның
Аппақ сақалдарынан
Тарам- тарам
Жас ағуын- ай.
(Әне бір оңбағанның
Соны да
Шырын деп ойлап,
Таңдайы тақылдап
Тамсануын- ай!)
Өзендерім
Домбыра мен
Қобыздың
Шектеріндей болып
Жіңішкерген.
Үзіліп кетер ме екен?!
(Бұл жылы да
Қайтқан құстар—
Төбемнен
Тізіліп өтер ме екен?!)
Қайран , дүние- ай!
СОҢЫМА ТҮСКЕН БҰЛТ
Өгем тауының басында
Құрттап кеткен
Қар көрдім.
Сол бір
Құжынаған құрттарды
Бұл бір ем ғой деп
Теріп жеген жан көрдім…

Темірхан Медетбеков