Жақсылықта жүздесейік.

(Қаз қалпында)

Құдамның ауылы күре жолдың бойынан қиыстау еді, арнайы ат басын бұрмасаң соға бермейсің. «Әссәлем, әлекісәлем!» десіп, талайдан бері көріспеген жекжаттар мәре-сәре боп қалдық. Хал-жай сұрасып болған соң, еразаматтық әңгімеге ойыстық.

  • Иә, құда… шаруаңыз қалай дөңгелеп жатыр?
  • Осы әзірде ғана поле жақтан келдім. Жер жыртып болдық. Арпа мен

жоңышқаны сіңіріп тастадық.

  • Жараған екенсіздер! Биыл қандай дақылдар егуді көздеп отырсыз?
  • Жаңағы екеуінен басқа қант қызылшасы, соя және жүгері…
  • Ана жылғыға қарағанда техикалық паркіңіз әдеуір өсіп, мүлдем

жаңаланыпты. Табыстарыңыз артты ма әлде үкімет тарапынан сырт көмек бар ма?

  • Лизингтік компаниялар арқылы өзіміз аламыз. Ешқандай сырт көмек

жоқ. Ондай көмек көрсететін арнайы агробанк ашса, ешқайда жалтақтамай сонда барып, қажет ақшаңды алып тұрса деген арман бар. Қазіргі таңда не түрлі бағдарламалар қаптап кетті. Жылқы өсір, апорт алмасын өсір, қой өсір… Нарықтық экономиканың өз заңдылығы бар емес пе? Өтімді тауарды шығару үшін қаражат іздесең, жаңағыдай бағдарламаның талаптарына сай келмей жатасың…

  • Оныңыз рас, құда. Жуырда Беларус мемлекетіне барғам. Қазақта

«Біреудің әйелі – біреуге қыздай көрінеді» деген мақал бар ғой, тура соның керін көріп қайттым. Олардың «Батялары» екінші деңгейдегі банктерге: «Егер сендер менің шаруаларыма жағдай жасап, белі көтеретін пайызда несие бермесеңдер, сендердің маған керектерің жоқ!» дегендей әңгіме айтыпты-мыс…

  • О тоба! Ал мен болсам «Сыбаға» бағдарламасына ілігіп, оның

құжаттары мен дәлелдеулеріне қыруар қаржы шығарып енді жеме-жемге келгенде: «Сен өткен жолы просрочка жасағансың!» деп банк қыртиды да қалды. Иә, науқан кезіндегі аласапыранда бір-екі айдың ақшасын аударуды ұмытып кетіппін. Онысын екі есе қайтардым, кейін. Амал не, «сенімсіз клиент» болып, қара тізімге іліндім. Болымсыз нәрсе үшін ісім тоқтап қалды. Бюрократиялық көзқарасты жоймай ауыл шаруагерінің тасы өрге домаламас…

  • Әкімдік тарапынан қолдау бар ма?
  • Олардың қолында не бар дейсің… Жоғарыға жіберетін цифырларымен

әлек те… Менің ойымша олар біздің шығарған өнімімізді өткізу жолын қалыптастыратын делдал сияқты болуы керек. «Сен ананы сал, мынаны сал» дейтін болса, оны қайда және қалай өткізетінін де ойлауы тиіс қой. Әйтпесе жоғары жаққа есебін беріп алған соң: «Судан өткенше қызыңды алайын, судан өткен соң қызыңды ұрайын!»…

  • Кейде қайран қаламын… Заңдарымызды қабылдап жатыр, қайта түзетіп

жатыр, әйтеуір «қайнаған еңбек». Түзету дегеніміз – қазіргі өмірге қайшылықтан туындайды ғой. Неге «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ауыл төңірегіндегі шаруагерлердің пікірі мен тілектеріне алдын-ала құлақ аспас қа? Бөтен елдің заңдарын калькамен аударып ала салғандай. Сосын жүргеніміз, әжік-бүжік деп…

  • Е құда, сіз мынадай сұмдықты білесіз бе?!
  • Опырмай, тағы не?
  • Біздің ауылдан он жыл бұрын қалаға көшіп кеткен бір қасқа маған

келіп: «Елу де елу» деп жерін ұсынады.

  • Онысы несі?
  • Кезінде елдің пайын жинап өзіне аударып алған. Екеуміз сияқты жерде

еңбектемей-ақ, жалға беріп пайда тауып келеді екен.

  • Мынауың «Жер кодексін» бұзушылық қой! Әкімдер қайда қарап отыр?
  • Ешкімге жала жапқым келмейді, тек олардың да аузын бүркеп, заңды

да ұйықтатып тастаған. «Бірігіп шаруа жүргізу» деген қағаз жасап алып, бір сормаңдайды сорлатып, өзі қалада қарнын сипап май шелпектің үстінде отыр…

Әлі талай әңгіме айтылар еді, құдағи дастархан дайын болды деп шақырған соң, амалсыз түрегелдік. Құдай бұйыртса, тағы бір жолығармыз. Жалпы заман – жаман емес, «Заман түзелсе – жаман да түзеледі» деген ғой аталарымыз. Жақсылықта жүздесейік.

Заман Төлеуов,

Алматы облысы Сарқан ауданы