Жұмыстары – жүректі қорғау

Соңғы жылдары Атырау облысы бойынша жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққандар саны арта түскен.  Өткен жылы облыстық қардиологиялық орталықта жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққан 370 адамға ота жасалды.Биылғы бес  айдың өзінде жүзден аса жүрек иесі ота арқылы денсаулықтарын қалпына келтірді. Атырау облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Марат Нұрышұлы  Қонысов жүрек қан тамырлары аурулары дертінің алдын алуға болатынын айтады. Ол үшін, әр адам өз денсаулығын ұмытпай, тән саулығы сауаттылығына ұмтылғаны абзал. 40 пен 68 жас аралығындағылар 2 жылда бір рет скринингтік тексеруден өтулері керек. Денсаулықты сақтаудың басты кепілі салауатты өмір салтын ұстану екенін ата-бабамыздың өзі дәлелдеп кеткен.

Қазіргі таңда елімізде медицина саласына зор маңыз берілуде, оның бір көрінісі кардиология және кардиохирургия саласының әр облыс орталықтарында жедел дамытылуы. Тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткізген медицина жетістіктерінің арқасында Қазақстан жүрекке бірегей ота жасайтын алдыңғы қатардағы 20 елдің қатарына көтерілді. Бұл жетістікте атыраулық оташылардың да мол үлесі бар. Облысымыздағы осы саланың білікті мамандарының арқасында кардиология әлеуеті жоғары көрсеткіштерімен танылуда. Облыс кардиохирургтары ЭКС, радиожиілікті аблация, аорта-коронарлы шунттау, жүрек бұлшық етінде пайда болған аневризмалар мен туа және жүре біткен жүрек ақауларының тесіктерін тігу, аорталды, митральды қақпақшаларға протез қою сынды күрделі операцияларды жетік меңгерген.Атырау кардиология орталығында 2 медицина ғылымдарының докторы , 1медицина ғылымдарының кандидаты, 11 жоғары дәрежелі дәрігер, 4 бірінші дәрежелі дәрігер, 3 екінші дәрежелі дәрігер- мамандар өз мамандықтарын кәсіби шеберлікпен, асқан жауапкершілікпен атқаруда. Сондай-ақ жоғары дәрежелі 40, бірінші дәрежелі 11, екінші дәрежелі 3 мейірбике дімкәс жандардың сауығып кетуіне аяқтарынан тік жүріп қызмет көрсетеді.

ота құрылғылармен жасалуда

Жүрек-қан тамырлары ауруларына ұшыраған науқастардың барлығы орталықта тегін емделеді. Бұл үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханада медициналық сараптаудан өтіп, жолдама қағазын алады. Осы анализдері бойынша  кардиология орталығының дәрігерлері сырқаттың клиникалық белгілеріне, ауру және өмір тарихына қарап, лабораторлы, инструментальды тексерулер жасап, қорытынды береді. Жедел жәрдемді қажет ететін науқастар күн сайын тәулік бойы шұғыл түрде қабылдау бөліміне жеткізіліп, сол бойда көмек көрсетіледі.

— Заманауи медицина құрылғылар технологиясының даму жетістігі мен дәрігерлер біліктілігінің арқасында адам жүрегін 45 минутқа дейін тоқтатып қойып, ота жасауға болады,- дейді бас дәрігер Марат Нұрышұлы. Ота жасалу кезінде жүректің қызметін арнайы аппарат атқарады екен. Сондай-ақ, аталмыш орталықта жүрек қағысын емдеу жұмыстары да жүзеге асырылуда. Онда науқасқа арнайы ота арқылы жүрекке электрокардиостимулятор тігіледі. Өткен жылы орталық дәрігерлері жүрекширатқыш аппаратын орнату арқылы 47 адамның өмірін ұзартса, биылдың өзінде 10- нан аса науқас орталықтың осы көмегіне жүгінген. Мұнда мидың артерияларының зақымдануынан болатын инсультке де күрделі ота жасалады.

— Адам инфаркт-миокардқа ұшыраған уақыттан бес сағат өткенге дейін дәрігерге тез жеткізіліп, ем алса, дертінен айығуына кепілдік береміз. Ал одан асып кетсе, арашалап қалу қиынға соғады, ем алуы ұзақ мерзімге созылады. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен дәрігер көмегіне жүгінген жөн,-дейді рентген-хирург Еспаев Серік Аллабергенұлы.
Рентген-хирург жаңа мамандық. Ота жасау тәсілі рентген техникасымен атқарылады. Бұрын инфаркт дәрімен емделсе, қазір осы рентгенхирургия тәсілі қолданылуының арқасында науқастардың шетінеуі 10% азайған. Серік Аллабергенұлы осы мамандығында 2012 жылдан бері машықтанып, тәжірибе жинаған, білікті маман. Облыстық кардиология орталығында тәжірибелі 3 рентген-хирург бар. Осындай бір ғана ота жасау процессінің өзіне 450 мың  теңгенің медициналық материалдары жұмсалады екен. Қажет жағдайда санавиация көмегі де әзір. Пышақсыз ота тәсілі орталықта жақсы көрсеткіштерімен нәтижелі.

ота жасаудан көрініс

Жүрек-қан тамырлары аурулары – тіпті экономикалық дамуы жоғары елдердің өзінде өзекті. Соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы кең таралуымен бірінші орында. Холестериннің жиналуы нәтижесінде артериялардың ішкі саңылауы тарылып, миокарданың қанмен қамтамасыз етілуі нашарлайды.  Адамға физикалық күш түскен кезде жүрек жиі соғып, оған жеткізілетін ауа мен қан мөлшері азаяды, сөйтіп, жүрек аймағында ауру белгілері пайда болады (жүрек талмасы).
Коронарлы артериялар тарылған сайын болмашы жағдайдың өзінде-ақ, мысалы, сөйлесу кезінде, тамақ ішкен соң, суықтың әсерінен, жүйкеге салмақ түскенде ауру белгілері байқалады. Жүректің ишемиялық ауруы – жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз етіп отыратын қан тасымалдаушы тамырлардың зақымдалуы;

– Бас қан тамырларының ауруы – миға қан тасымалдайтын тамырдың зақымдалуы; Перифериялық артерия ауруы – аяқ пен қолға қан тасымалдайтын қан тасымалдаушы тамырлардың ауруы; Ревмокардит – стрептококк бактерияларының ревматикалық шабуылының нәтижесінде жүрек бұлшық еті мен жүрек қақпақшаларының зақымдалуы; Туа біткен жүрек ақауы – баланың дүниеге келген шағынан жүрегінің деформациялануы; Терең тамырлардың тромбозы және өкпе эмболиясы – жүрек пен өкпеге жететін қанды тасымалдайтын аяқ қан тамырларында қанның ұйып қалуы; Инфаркт пен инсульт — жүрек пен миға баратын тамырлардың бітеліп, қан айналымының бұзылуынан болады. Қазіргідей озық ой ғасырында адамдар мұндай қарапайым медициналық ақпараттарды біліп, өз денсаулығына маңызбен қарағаны жөн-ау дейді дәрігерлер.

дәрігер- хирургтер, ортада отырған бас дәрігер Марат Қонысов

Қазіргі заманғы құрылғы-аппараттар технологиясымен  жабдықталған кардиологиялық орталық жүрек ауруларының диагностикасы (оның ішінде жүктілік кезеңіндегі шарананың өсіп-жетілуін бақылау), сырқаттың даму деңгейін айқындау, ем қолданудың бағыт-бағдарын анықтау, хирургиялық ем қолдану, жүректің туа біткен ақаулары, жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүректің коронарлық ақаулары, кіші инвазивті шаралар (жүрекке косметикалық ықпал ету), соңғы үлгідегі мультиспиральді  компьютерлік томографпен қан айналымы жүйесінің ауруларын скринингті (профилактикалық) тексеру секілді медициналық қызметтің сан түрі бойынша сапалы қызмет көрсетеді.

Ақ жайық өзені жағалауындағы осы аурухана мекемесі халық денсаулығын қорғауда 65 жыл бойы үзіліссіз қызмет көрсетуде. Ал 2008 жылы емдеу орны Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының «Атырау облыстық кардиология орталығы» ШЖҚ КМК деп аталып, жаңарды. Елбасы тапсырмасына орай, мемлекеттік бағдарлама аясында аймақ тұрғындарына  кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету тұрғысынан 100 төсектік емдеу орны ашылған кезеңінен бері халық саулығын қорғауда орасан зор қызметтер атқарды. Мұнда қазір кардиохирургия, қан тамырлары және эндоскопиялық хирургия, кардиология бөлімшелері бар. Клиника құрамында   ангиографиялық рентген («Филипс», 2008ж., «Сименс», 2013ж.) құрылғыларымен жабдықталған  жансақтау және анестезиология, шұғыл терапия блогі, рентгенхирургия зертханасы жұмыс жасайды. Зертханадағы компьютерлік томогафия сәулелендірудің сәл сәттік мөлшерінде бір көрініс арқылы ағзаны жан- жақты толық тәптіштеп, жүректің және басқа да мүшелердің жоғары сапалы көрінісін береді. Сөйтіп, 128 кескінді компьютерлік томограф құрылғысы ішкі ағзалардың табылуы күрделі, қабаттасқан ақауларын тез, дәл анықтайды. Тіпті өте ұсақ тамырлардың өткізгіштігін, тарылуын, ерекшеліктерін нақты айқындайды. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін кешенді диагностика жасауда жүрек, өкпе, асқазан, бауыр, бүйрек, жатыр, сүйек тіндерінің құрылымдық өзгерістері туралы өте дұрыс мәлімет алынады. Клиника жыл сайын озық елдердің заманауи құрал-жабдықтарымен жаңартылуда.

2013 жылдан бері кардиология орталығы облысымыздың қан тамырлары ауруларының алдын алу жұмыстары бойынша басты үйлестіруші орталық болып саналады. Сондықтан аудан, қала бойынша емханалардан жолдамамен келгендерді мұнда маман-дәрігерлер қабылдап,тегін кеңес беру, зерттеу жасайды.

рентгенхирургия осылай жасалады

Клиника жүрек қан тамырлары аурулары және соған қатысты өзге ағза мүшелерін диагностикалық тексеруден өткізуде жоғары мамандандырылған деңгейде қызмет көрсетеді. Клиникалық және биохимиялық зертхана, газды-электрлі анализатор, күре тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, артериялық қан қысымын тәуліктік бақылау, электрофизиологиялық диагностика, рентгенография, қалқанша без бен мойынды УЗИ-ге түсіру, қарын, құрсақты УЗИ-ге түсіру, бастағы қан тамырларының көшірмесін алу, кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдары ауруларын анықтау, ағзаға орнатылған бөгде қондырғылардың қызметін тексеру, өзге де көптеген дәрігерлік зерттеу түрлері бар.

Аталмыш орталық жұмысын жолға қойып, жетілдіруде қайрат-жігерін арнаған бас дәрігер Марат Нұрышұлы Қонысов 1985 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітірген. Сол жылдан бері хирург мамандығын мінсіз атқарып келеді. Балықшы ауданы (бұрынғы) орталық ауруханасында, Атырау қалалық ауруханасында, Атырау облыстық ауруханасында хирург, бөлім меңгеруші, бас дәрігер лауазымдарында еселі еңбек еткен. Ресей медициналық ғылыми академиясының хирургиялық орталығында клиникалық ординатурада, Ресейдің А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясының ғылыми орталығында клиникалық докторантурада оқып, кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. 60-тан астам ғылыми-зерттеу жұмыстардың, 2 әдістеме ұсыныстың авторы, 7 авторлық зерттеу тәсілдері куәлігінің иесі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ол Атырау облысында кардиология және кардиохирургия саласын алғаш ұйымдастырушы, дамытып зерттеуші ғалым. Жас кардиохирургтердің ұстазы, тәлімгері. Оның жеке ота жасауы арқылы сан жүздеген адамның өмірі сақталып, жер басып, тірлігін жалғастыруда. Жұмыстары жүректі қорғау болған осы жандардың кәсіби шеберліктеріне мың алғыс айтып, құрметпен ғана қарайсыз.

                                                                              Светлана Муньянова