Жұлдыздардың телеарнаны жаулауы заңдылық па?

«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, Ахмет Байтұрсынов атамыз бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Дегенмен, бұл сөз бүгінде біршама өз күшін жойған. Неге десеңіз, бүгінгі журналистика халық мүддесін емес, жеке тұлғаның мүддесін қорғауға көшкен. Журналистер ақпаратты шындықтың құралы емес, «тауарға» айналдыруға көбірек бейім.

Бұл қазіргі журналистердің кәсібилігінің төмен екендігін және өз жұмыстарына адалдықтарының төмендігін көрсетеді. Осы себептен болуы керек, журналистердің «нанын» өзге мамандық иелері тартып жеуде. Газетке барсаң — тіл мамандары, теледидарда — өнер жұлдыздары, тіпті әлеуметтік сайт жүргізіп отырған — программистер, экономистер, саясаттанушылар. Идеясы бар, жаңалыққа құмар, жаңаша ойлай алатын өнер жұлдыздарының теледидарды «жаулауы» заңдылық па? Төрт жыл бойы оқып, арнайы диплом алған журналистер енді қайтпек? Оның жауабын азаматтық журналистикадан іздеген жөн. Соңғы уақытта елімізде енді қарқынға ие бола бастаған журналистиканың бір түрі көпшілікке мүмкіндік береді. Себебі белгілі бір холдингке тәуелді болмай, еркін ақпарат беру мүмкіндігі туындап отыр. Блогерлердің көбеюі осыдан. Блогерлердің көбеюі пікір алуандығын қалыптастырады. Оның бір кемшілігін айта кету керек, блогерлер жауапкершілікті толық сезінбейді. Әр сала өкілдері өз жұмысымен айналысса, мұндай жағдайға тап болмас едік. Бұл жағдайлар журналистердің кәсібиленуіне қамшы болғандай. Бәсекелестік болмай, сала дамымайды. Кім және қалай ақпарат берсе де, халыққа пайдалы әрі сапалы ақпарат беруден жалықпайық.

Венера Өтеп,

Сүлеймен Демирел университеті студенті