З.Қабылдинов: Қазақ жастары «Мен қазағыма не беремін?» деп өсуі керек!

Бүгін Астанадағы №80 мектеп-гимназиясында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, белгілі тарихшы-ғалым Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновпен кездесу өтті. Аталмыш білім ордасында өтіп жатқан тарих бірлестігінің апталығына орай өткен ғалыммен жүздесу кеші оқушыларға ой салып, олардың армандарына қанат бітірді  деп нық сеніммен айта аламыз.

1

Өйткені, Алаш арыстарының білім алған, бүгінгі таңда Ресей Федерациясының құрамына кіретін Омбы өңірінде дүниеге келіп, ғұмырының тең жартысын ұлтының тарихын түгендеуге сарп еткен Зиябек Қабылдиновтың аузынан шыққан әрбір сөз оқушылардың жүрегіне жетті. Жәй ғана ақыл айтып қана қоймай, саналы ғұмырынан мысалдар келтірді. Бала күнінде математик болғысы келген З.Ермұханұлының көпшілік біле бермейтін қырларына сырлы сұхбат барысында көз жеткіздік. Елбасының өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғаламның түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған бауырларды атамекенге шақырғанда қуанышпен жеткен керуеннің бірінде осы ғалым да бар-тын.

5

-Қазақстанға алғаш Ресей атынан «Жігіт сұлтаны» сайысына келген едім. Мен самбодан спорт шебері болғандықтан күресем деп келсем, бұл сайыста белдесіп қана қоймай, теңге ілу секілді ұлттық ойын түрлерінен, басқа да сайыстардан сынға түседі екен. Содан Қазақстан «ұнап» қалды. Кейін 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударып, еліміздің өркендеуіне аз да болса үлес қоссам деген арманым болды.

2

Танымал айтыскер ақын Айбек Қаливетың шәкірті, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоба Өтепбаев қонаққа айтқан арнауын:

«…Омбыда орыстардың ортасында

Жұртымның жыртылмаған жағасы ғой.

Ел намысын соларға бермей келген

Қазақтың қарапайым баласы ғой!»,-деп аяқтаған-ды. Шынтуайтында, шетте жүрсе де елін аңсап жүрегі елжіреп, тарихи отанына асыққан айбыны асқақ азаматтың бірі – Зиябек Қабылдинов. Мектеп оқушыларына 8-сыныптың тарих пәнінің авторы ретінде етене таныс ғалым жас өрендерге «Мен қазағыма не беремін?» деген сұрақты өздеріне жиі қоюға кеңес берді. «Сол арқылы ілімдеріңді шыңдап, ел тарихын, тілін, жерін сақтап қалу барлығымыз да міндеттіміз!»,-дейді ол.

6

Жиын соңында оқу ордасының басшысы, педагокика ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Гүлмира Жарменова алтын уақытын бөліп, оқушыларға сырлы сұхбат жүргізгені үшін тарихшы-ғалым З.Ермұханұлына алғысын білдіріп, мектеп ұжымы атынан сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, тәлімі мол жұмадағы жүздесуді ұйымдастырған мектеп директорының бейіндік оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақылжан Ауғымбаев, сондай-ақ, зор үлес қосқан тарих пәні бірлестігінің жетекшісі Гүлімжан Молдраймова мен Жәмилә Нұрматқызының есімін ерекше атай кеткен жөн. Зиябек Қабылдиновтың жаңа білім ошағына алғаш келген қонақ екені жүздесу барысында көп айтылды. Кездесу соңында қазақтың зиялы ғалымы мектептің тілек кітабына қолтаңбасын қалдырды.

«ЕлАна»