Зәуреш Батталова: Мен Жер комиссиясынан неге кеттім?

Қазір жер мәселесі — ең өзекті тақырыптардың бірі. Осы төңіректе құрылған комиссияның жұмыс тобына экс-сенатор Зәуреш Батталова да шақырылған болатын. Алайда соңғы кездері Зәуреш ханымның комиссия құрамынан шеттеп кеткені туралы ақпарат көпшіліктің назарын аударды. Осы сауалдың жауабын «Қазақстандағы парламентшілдікті дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті, танымал саясаткер Зәуреш ханымнан сұрап көрген едік, өтінішімізді жылы қабылдады.

— Зәуреш ханым, комиссия құрамынан кетуіңізге не себеп болды? Жұрт сіздерден зор үміт күткен еді…

— Мен комиссиядан кеткенмен, жер мәселесін назардан тыс қалдырған жоқпын. Қазір ауылдық жерлердегі шаруа адамдарымен, кәсіпкерлермен кездесіп, осы төңіректегі мәселелерді талқылап жүрмін. Ал комиссия жұмысына араласпауыма бірнеше себеп бар. Халықтың наразылығынан соң,  жер кодексіндегі даулы тармақтарды талқылап, шешу үшін Елбасының бастамасымен комиссия құрылып, жұмыс тобына шақырылған кезімде «халыққа тиімді жұмыс істейтін болдық» деп қуанған едім. Алайда ол ұзаққа барған жоқ. Алғаш жұмыс тобының тізімі жарияланған кезде-ақ ойланып қалдым. 72 адамның басым көпшілігі билік органдарының өкілдері, ауыл шаруашылығы секторларында жұмыс жасайтын компаниялардың басшылары, одан қалса халықтан гөрі билікке жақын жүретін қоғамдық ұйымдардың жетекшілері екен. Жалпы құрамның ішінде халықтың ұсыныстарын жақтап, тәуелсіз пікірде тұратын 5-6 адам ғана бар болып көрінді. Екінші себеп, алғашқы отырыс өтпес бұрын Алматыдан келген және осында тұратын белсенді азаматтар бас қосып, алдағы комиссия жиналыстарының жұмыс тәртібі туралы талқылап, мынадай шешімге келгенбіз. Егер комиссия талқысына түскен даулы мәселелер дауыс беру арқылы мақұлданатын болса, онда халықтың талабы орындалмай, Үкіметтің мақұлдаған тармақтары бекітіліп кетуі мүмкін, сондықтан консенсус арқылы жұмыс жасалатын болсын деген байламға келдік.

— «Консенсус» сөзінің мағынасын түсіндіре кетіңізші…

— Консенсус талқыланып отырған мәселені қатысушы адамдардың дауысқа салуына жол бермейді. Ол бойынша қарсы пікірдегі ең соңғы адамның талаптілегі толық шешілмейінше соңғы нүкте қойылмайды. Алғашқы отырыс басталған күні мен осы мәселені комиссияның жұмыс жүргізу қағидасы етіп алайық деген ұсынысты ортаға қойдым. Өкініштісі, Жанұзақ Әкімнен басқа бірде-бір адам мені қолдаған жоқ. Талқыға қатысқан азаматтар өз пікірлерін айтып жатты. Басым бөлігі осы реткі үкіметтің ұстанымын жақтап шықты. Міне, көрдіңіз бе? «Тұтас комиссияның консенсусқа келуі қиын» деген сыңай танытқандар да шықты арамыздан. Айналдырған 72 адам консенсусқа келмесе, бүкіл халықтың ұсыныс-пікірлерін шетінен жіпке тізіп отырып шешу қайдан мүмкін болсын? Айдос Сарымның ұсынысы бойынша комиссияның ішінен төрт топқа бөлініп, әрқайсысы 3-4 мәселені қарайтын болды. Мен артынан осы топтардың қарастырған мәселелері жайлы қағаздарымен танысып шықтым. Сонда ортаға тасталған мәселелер «халыққа ұнамайтын заң жобасынан» тысқары, адам құқықтары төңірегінде, мемлекеттік органдардың таза-мөлдір жұмыс жасауы туралы деген секілді мәселелер екен. Бұл комиссия өзге тақырыптарды емес, тек дау тудырып отырған бірнеше тармақтарды ғана талқылауы керек емес пе еді? Ал осылардың өзі топ ішінде дауысқа салу формасымен мақұлданып отырыпты. Тағы бір топ «халыққа түсіндіру тобы» деп аталады екен. Олар нені түсіндірмек? Халықтың наразы болып отырған тармақтарын өзгертіп, көпшілікке тиімді түрде қайта қарап, соңғы нүктесін қойғаннан кейін барып түсіндірсе жөн емес пе еді? Үкімет ұсынған тармақтарды боямалап, халықты алдаусыратып қайтпақшы ма сонда? Комиссиядан көңілім суи бастағанының екінші себебі осы еді. Аймақтарға шыққан комиссия мүшелері халықпен кездесуінің толық барысын БАҚ-тарда ашық айтқан жоқ, тек «халық біздің шешімдерімізді қолдап отыр» дегеннен асқан жоқ. Ал адамдардан түсіп жатқан ұсыныс-пікірлерді Ауыл шаруашылығы министрлігі жанына құрылған топ қарап, сараптап отыр. Халықтың пікірі комиссияның назарына толық ұсынылып жатқан жоқ. Мен осыдан сескеніп отырмын. Үшінші себеп: комиссияның екінші кезекті отырысы болатын 21 мамыр күні таңертең менімен көптен бері жұмыс жасасып келе жатқан белсенді азаматтарды полиция тұтқындай бастады. Қояндыдағы жер дауының жоғын жоқтап, халықтың сөзін сөйлеп жүрген Бақыт Алуайды таңертең сақшылар алып кетіпті. Сол күні бірталай азаматтар менімен ілесіп комиссияның отырысына тыңдаушы болып қатыспақшы еді. Мен Бақыт Алуайды неліктен ұстап кеткендігін білмекші болып Малиновкаға баруға дайындалып жатқанымда бірнеше журналист қоңырау шалып, «Бәйтеректің» жанындағы алаңға барған, бейбіт шеруге емес, өз қызметтерін атқарып жүрген журналистерді полиция ұстап алғанын айтты. Арада біраз уақыт өткен соң «Бәйтеректің» қасына мен де барып едім, арнайы жасақтың адамдары мені де тұтқындап, бөлімшеге апарып сұрақтың астына алып қайтарды ғой. Осыдан кейінгі жерде бұл комиссияның жұмыс тобына қатысудан бас тарттым. Себебі халық наразы болып отырған мәселелер күні ертең сәл ғана «косметикалық өзгерістермен» комиссияның мақұлдауынан өтіп шығуы ғажап емес. Олай болып жатса, халыққа не бетімізді айтамыз? «Сіздер осы топта болдыңыздар, неліктен көпшіліктің пікірін жауапсыз қалдырдыңыздар» десе не деймін? Сондықтан халық мені дұрыс түсінсін.

зәуреш

— Жерді сату туралы мәселе осыдан бұрын да заң шеңберінде қарастырылды ғой, сол тұста өзіңіз де депутат едіңіз, заңдағы жолыққан кейбір олқылықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жіберуге мүмкіндіктеріңіз болмады ма?

 — Иә, бұл тақырып 2003 жылдары Парламент талқысына түскен болатын. «Жерді сатуға шығару» туралы тармақтар енгізілген заң жобасын сол тұстағы Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов басқаратын Үкімет ортаға қойды. Сол кезде Парламент мәжілісінің төрағасы Жармақан Тұяқбай еді. Депутаттардың көпшілігі бұған қарсы шықты. Үкімет басшысы «бұл заң жобасы мақұлдануы тиіс, болмаса мен қызметтен кетемін» деген сыңайда Президентке хат жолдады. Мемлекет басшысы ол ұсынысты Парламентке жіберді, ақыры депутаттар дауыс бере отырып, Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтың отставкаға кетуін ұйғарды. Заң жобасы үкіметке кері қайтарылды, алайда ол тармақтарға 8 түрлі толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, қайта талқыға салынғанда бірнеше адам батыл қарсы болғанымызға қарамастан, мақұлданып кетті. Ол тармақтардың арасында «ҚР азаматтары тұрғын үй салуға 10 сотық жер алуға мүмкіндігі бар» деген  тұстары бар еді.

 — Зәуреш Қабылбекқызы, халық тегін жерге ие болып отырған жоқ қой, керісінше тұрғын үйге арналған жерлерді жеке адамдардың қолынан сатып алып жатыр. Бұл жерде де көтеретін мәселе көп секілді?

 — Сол Жер кодексі мақұлданған 13 жыл ішінде біз мораторийдан көз ашқан жоқпыз. Заңда белгіленген тармақтардың іске аспағаны да осыдан. Ал жер жасырын түрде сатылып жатыр. Тұрғын үйлерге арналған жерлер болсын, ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлер болсын, жергілікті билік органдары жерді астыртын сатып келеді. Мұны халық көріп отыр. Сенбесеңіздер, Алматы, Астана секілді ірі қалалардың төңірегіндегі жылдам бой көтеріп жатқан қалың ауылдар қайдан пайда болды? Жол тартылмаған, ауызсу мен жарық апарылмаған, мектептері жетіспейтін, балабақшасы мен ауруханалары жоқ ауылдар қайдан пайда болып жатыр? Ауылдық жерлерде қалталылардың иелігіндегі ірі көлемді егіс алқаптары қалай жекешелендіріліп кетті? Мысалы, бүгінгі күнде Атбасар ауданындағы Бейіс қазірет, Адыр, Мариновка сияқты ауылдардың адамдары жерлерінен тұтастай айрылып отыр. Осы реткі Көкшетаудағы комиссияның отырысына ауылдан сайланып шыққан адамдарды апара жатқан көлік жолда «бұзылып», жете алмай қалыпты. Ал олар туралы комиссия ештеңе білген жоқ. Жер кодексі қайта қаралғаннан кейінгі 13 жылда халықтың жерге деген талабын қанағаттандыра алмаған билік енді аяқ астына «жерді шетелдіктерге жалға беру, бәс саудамен сату» дегенді «дүңк» еткізді.

— Үкімет неліктен халыққа ұнамайтын «қазақ жерін шетелдіктерге жалға беру» деген секілді заңдарды қайта-қайта ортаға сала береді? Сонда Қазақстан билігі халыққа қарсы ма, әлде біз білмейтін басқа бір себебі болуы мүмкін бе?

— Билік халыққа қарсы деп айта алмаймын, халыққа тиімді қаншама нәрселер істеліп, заңмен белгіленіп жатыр, оны қолдаймыз, әрине. Алайда олар өздерінің сәтсіз реформалары мен қателіктерін мойындап, халықпен ортақ пікірге келуі керек еді. Керісінше ортайып кеткен бюджетті осындай «жерді сату, жалға беру, мемлекеттік компанияларды сату» секілді тәсілдермен толтырғысы келеді. Тұтас елдің экономикасын тек қана мұнай-газ, жер асты байлықтарын сатумен ұстап тұру деген қатерлі ғой, соңғы кезде халықаралық нарықта мұнай арзандап кетті. Осыған байланысты Үкімет теңгені еркін айналымға жіберіп қойды. Былай қарасаң, экономикалық қағидаларға сай келетіндей көрінгенімен, халыққа тиімсіз тұстары да көрініп жатыр. Сосын барлық салада жемқорлық жайлап, елді дамытпай отыр. Жоғарыда айтылған сатылып жатқан жерлер осы сыбайлас жемқорлықтың кесірі. Билік осындай тұстарды ретке келтіре алмағандықтан, кей тұстарда халық көңілінен шыға алмай отыр.

— Бұлар ауқымды мәселелер ғой, әңгіменің өзегі болып отырған жер мәселесіне оралайықшы, сіз ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді шетелдік инвесторларға беруге қалай қарайсыз? Біздің басшылар «жерді дұрыс пайдалана алатындарға беру керек» дегенде шетелдік инвесторларды меңзеп отырған секілді?..

 — Шетелдік инвесторларды егін егуге емес, өнім өңдеу саласын дамытуға шақыруға болады деп ойлаймын. Ал қазақтар егін еге алмайды деген бекер сөз. Кеңес Одағы кезінде біз бүкіл одақты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп тұрдық қой, қаншама «Еңбек ерлері» шықты. Халықтың арасында ондай тұлғалар әлі де көптеп кездеседі. Сондықтан жер мәселесінде ең алдымен Қазақстан халқының мәселесін шешіп алып барып, артылған, игерілмей жатқан жерлер болса, оны ойластырса болады. Оның өзінде де тек қана Қазақстан экономикасына пайда әкелу шартымен игеруге беру керек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен — Ерқазы Сейтқали