«Вальс королі» жөнінде 10 дерек

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келді. Әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді.    Ұлт мақтанышы Шәмшінің әндері еліміздің қай өңірі болмасын жиі айтылып, ән сүйер қауым арасына барынша кең тараған. Оның әндерінсіз ешбір мереке де, ешбір той-думан да өтпейді. Оның әндерін еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткелі қашан..    Табиғат ерекше дарын иесі еткен дара тұлға Шәмші Қалдаяқовты қазақ баласы есінен ешқашан шығармас!    Ендеше, Ш. Қалдаяқовтың тағдыры мен ғұмыры жайлы 10 деректі ұсынғанды жөн көріп отырмыз.        

  1. Әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікпен әуестігі жоқ болады. Бұл қасиет Шәмші бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек.        
  2. Шәмші Қалдаяқов пианиноны да, домбыраны да жосылта тартқан.      
  3. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар.      
  4. Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», — деген екен.    
  5.  Шәмші «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихын «Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырады. Қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезеді. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні туады. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
  6.  1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Байқау талай таланттардың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді.    
  7. Шымкент қаласында облыстық филармония, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларында көше аттары, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған.
  8. 1991 жылы Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т. Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді.  
  9. Сазгердің әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, З. Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындары қалам тербеген.    
  10. Шәмшінің екі ұлы әкелерінің жолын қуып, бүгінде кәсіби музыкант ретінде еңбек етуде.