«Удың қандай емі болушы еді»

Бала кезімізде ара шағып алса ата-анамыз «Қоя бер, ешетеңе етпейді. Керісінше шаққаны ем болады» дейтін. Біз болсақ «Удың қандай емі болушы еді»-деп, аса мән бере қоймайтынбыз. Бертін келе сол аралардың балының ғана емес, өзінің шаққан шағысы мен уының да шипасы бар екенін білдік. Мұндай емдеу тәсілі медицина ғылымында «Апитерапия» деп аталады екен.

Апитерапия — бұл араның тірі уын адам денсаулығын жақсарту үшін қолданылатын, арамен емдудің жаңа бағыты. Ара уының құрамында адам ағзасы үшін пайдалы түрлі ферменттер мен аминқышқылдары және митилин бар. Медия — биологиялық зерттеулер бойынша, ара адам денесін шаққан кезде оның уымен бірге адам ағзасына 50-ге жуық күрделі химиялық қосылыстар түседі. Оның құрамына минералды заттар (фосфор, кальций, магний), қышқылдар (тұз, фосфор), майлар, нәруыз, аминқышқылы, ацетилхолин және гистамин кіреді. Сондай-ақ, арамен емдеуге бал, прополис, ара уы және гүл тозаңы жатады. Апитерапия арқылы ревматикалық полиартрит, артрит, ревматизм, жүйке аурулары, остехондроз, псориаз, ішкі құрылыс, буын, көз, жүрек аурулары, колит, асқазан жарасы және тағы басқа көптеген ауруларды емдеуге болатыны дәлелденген.

Бала кезімізде үйіміздің маңына салынған ара ұяларын ағашпен шұқып немесе ыстық су шашып бұзатынымыз қандай надандық іс еді десеңізші. Және сол ұяшықтарды жасауда асқан шеберлік пен көп еңбек жатқанын байқамағанымыз қандай өкінішті.

Аралар ұяларын алты бұрышты геометриялық пішінде жасайды. Өйткені, бұлай жасауға материял аз жұмсалады және ішіне көп бал сыйады. Сондай ақ, ұя жасағанда аралар бірден екі-үш жерден бастап кетеді. Алайда, әр қайсысы бірдей өлшемде жасап, бір жерде біріктіреді де, барлығы бір жерден шығады. Есеп пен дәлдік. Сондықтан, мұндай ұя оңайлықша бұзылмайды, тез жөнделеді. Бұдан бөлек аралардың бал жинау процесі де ерекше ұйымшылдықпен жүретінін айтып өткен жөн болар. Жалпы өзіміз көріп жүретін гүлден-гүлге қонып «қоржынына» гүл шірнелерін жинайтын «жұмысшы» аралар. Олар гүл іздеп ондаған шақырымға дейін ұшып кете береді. Кейін өзгелеріне хабар беріп, адаспай кері қайтады. Жинағандарын ұядағы жас араларға жеткізеді. Жас аралар шірнені тор көзшелерге салады. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп балға айналдырады. Көзшелер толғаннан кейін балауыз қақпақшамен жабады. Бір гүлден жиналған бал «бір шырынды», ал, бірнешеуінен жиналғандар «көп шырынды» деп аталады. Бұл әсіресе көктем мезгіліне сәйкес келеді. Сол үшін көктемде жиналған әселдің сапасы жоғары болады.

         Жоғарыдағы көптеген еңбектердің нәтижесінде дайын болған балдың тиісінше адам денсаулығы үшін пайдасы көп болады. Оның құрамы жоғарыда айтып өткеніміздей өсімдіктің түріне, топырағына, ауа райының, мезгілдің кезеңіне қарай өзгереді. Және тойымды болса да тез қорытылады. Керісінеше асқазан жараларына ем ретінде пайдаланады. Сонымен қатар, мидың жұмысын жақсартады, иммунитетті арттырады. Жүрек қан-тамырларына, бүйрекке, бауырға, ішек-қарыGrechishnyi-med-5нға, суық тиюге, тыныс алу мүшелеріне, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына және қан құрамын жақсартуға кеңінен қолданады.

Қызық дерек

Қасиетті Құранда «Бал ара» деген мағынаны білдіретін «Нахыл» сүресінің 68 және 69-аяттарында бал арасы мен бал туралы былай делінген: «Раббың бал арасына шабыт берді: таулардан, ағаштардан, адамдардың құрған омарталарынан өздеріңе үй жасаңдар. Сонан соң әртүрлі өсімдіктер же де, Раббыңның қолайластырған жолына түс! Араның ішінен түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында ойлайтын қауым үшін мұнда әлбетте ғибрат бар». Дүние жүзіне даңқты философ әрі ғалым Әбу Әли Ибн Сина: «Егер ұзақ өмір сүргің келсе, ұнтақталған грек жаңғағы аралас балды үзбей жей бер», — деген.

Аты аңызға айналған ежелгі грек ақыны Гомер «Илиада» атты эпикалық поэмасында Агомеданың грек жауынгерлеріне кикеон деп аталатын балдан жасалған сергітетін сусын дайындағанын әңгімелеп, балдың ғажайып қасиеттерін адамзатқа паш еткен. Математика ғылымында терең із қалдырған ежелгі грек ғалымы Пифагор кезінде өзінің тоқсанның төріне шыққандығын балды үздіксіз қолданғанымен байланыстырған. Медицинаның атасы болып тарихта қалған атақты грек философы Гиппократ табиғаттың тамаша сыйы – балды тағам ретінде де, көптеген ауруларды емдеуде де кең пайдаланған. Ежелгі Рим ақыны Овидий, атақты грек философтары Демокрит пен Аристотель де әселдің адамзат денсаулығын нығайтуға және өмір жасын ұзартуға игі әсерін тигізетінін жақсы білген. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадисінде «Бал шәрбатынан асатын ем жоқ» деген.

Сапарғали Қанат