Торғайдың Шәкәрімі

Кешегі өткен ХХ ғасыр – қазақтың «ояну» ғасыры болған. Өз алдымызға ел болып, еуропалық үлгіде дамимыз, жаңғырамыз деген асқақ мұраты болған Алаш қайраткерлерін  тайғақ кешу, тар жолда рухани тұрғыдан қолдап, оларға тілектес болып,  Алаш қозғалысына  белсене араласқан ниеттес адамдар  болған. Олар – ғасыр басындағы діни ілімнің нәрін жиған дін қызметкерлері.  Рухани шамшырақ болған тарихи тұлғалар жайында әңгіме өрбітейік.

Қазақтың замануи үлгідегі тұңғыш үкіметін жасақтаған, ұлттық автономиялық мемлекетін құрған Алаш көсемдері мен  қайраткерлерінің барлығы ең алғаш рет молдадан қара танып, діни ілім алған. Олардың  оң қанаты – діни ілім, сол қанаты – дүниеауи ілім болған. Діни ілім арқылы Хақ Тағаланың құдіретін сезініп, оған шын иланған. Бүгінгі күні алаш қалам қайраткерлерінің әрбір мақаласынан  Хақ Тағалаға деген көзқарасты байқауға болады. Сөздерінің әлқиссасын  «Бісміллә» деп бастаған Алаш оқығандары өздерінің құдай берген таланттарын туған халқына сүйіспеншілігімен, зор махаббатымен тиімді жұмсай білген.

Алаш қайраткерлері бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басы-қасы қасында  ғұлама Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, діндар-ақын Ғұмар Қараш, Қосшығұлұлы Шаймерден, Науан Хазірет, Ахмет ишан Оразайұлы, Оразаев Мұстафа,  Файзолла ишан Сатыбалдыұлы, мұхтасиб Әлмұхамед Оспанұлы, Ғылмани Сәдуақас, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы сынды дін қызметкерлері болған.

Торғай өңірінде Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхаммед Оспанұлы есімді қос ақын әрі дін қайраткерлері өткен. Файзолла (1883-1959) мен Әлмұхаммед (1886-1966) Ахмет бастаған алаш арыстарымен тығыз рухани қарым-қатынаста болған және мұңдас, сырлас, ниеттес, дастархандастығы тағы бар. Көңілдері мен арман-мұраттары жарасқан жігіттердің арасына жеке басқа табынушылық кезінде үлкен сызат түсіп, әрқайсысы әр тараптағы түрмеге айдалып  кетсе де, баяғыша бір-біріне деген ықылас-құрметтері азаймай, репрессияның азабын шегіп, айдау көріп, темір торға қамалған қатарластарының хал-ахуалдарын бір-біріне хат жазып, хат арқылы да біліп отырғанын – бүгінгі таңда мұрағаттық құжаттар арқылы біліп, олардың  досқа адал, антқа берік екеніне көз жеткізіп, таңданып отырмыз. Таңдануымыздың себебі: әрбірінің басына қара бұлт төніп, тағдырлары таразыға тартылып, ұстараның жүзінде тұрса да, замандастарын (мақсаты мен мүдделері бір) түгендеуі. Ал, бүгінгі жалтақ, жасқаншақ ұрпақ өкілі осы тұлғалардай бола алар ма екен?! Әй, қайдам, сол қасіретті жылдан бері, міне, сексен жыл өтсе де, асылдарымыздың орнын толтыра алмай келеміз. Олар сүттің қаймағы, ұлттың ары мен ұяты болған екеніне көз жетті. Біз, бүгінгі ұрпақ көк сүт, намыссыз, жігерсіз екенімізді жемқорлық жайлаған қоғамдағы тірлігіміз бен іс-әрекеттерімізден байқаймыз. «Ей, тіріл! Қой!» деп жатқан бірде бір қазақ баласы жоқ!

Торғайдың «Шәкәрімі» атанған Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылы қыркүйектің 27 жұлдызында бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезіне қарасты Батпаққарада, есімі Кіндік Азияға белгілі дінбасы, әулие Сатыбалды ишанның (лақап аты – Қыпшақ  ишан) отбасында дүниеге келді. Файзолла – текті атадан, бабалы  әулеттен.  Ол 7 жасында ауыл молдасынан, 8 жасында өз әкесінен, 9 жасында Троицкідегі Ахон хазреттен (Сатыбалды ишанның Бұқара шәріпте бірге оқыған досы) оқып, 10 жасынан 17 жасқа дейін Бұхара шәріпте қарилық оқуда болады. Файзолла Сатыбалдыұлының нағашылары Қызбел, Қоңыраулы, Сарықопа бойындағы мадиярлар. Файзолла мадияр Қабақ қажы деген кісінің Әйін атты қызынан туады. Қабақ қажы елге сыйлы, дәулетті, беделді, ділмар кісі болған.

Файзолланың  ұстазы – қари Бахрам деген  ғалым. 17 жасында құранқарилық атақ алып, 6666 аятты жатқа білетін Файзолла ишан мен оның қияметтік досы болған мұхтасиб Әлмұхаммед Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды ақын, қайраткерлермен тізе қосып, иықтасып, келелі кеңестерде бас құрап, елдің келешегіне қатысты бірсыпыра мәселені шешуді қолға алған. Бірақ, 1928 жылдың желтоқсан айының басында Файзоллаға  «діншіл, зиянкес жат элемент» деген айып тағылып, Қостанайдың Ақ түрмесіне қамалған. Қостанай округтік соты оны 14 жылға темірторға қамауға үкім шығарады. Тұтқынға алынған ол 1929-1935 жылдар аралығында Іле, Алматы, Ақтеңіз-Балтық, Москва, Новосібір каналдарын қазу жұмыстарына қатынасқан. Айдауда болған жылдары Файзекең Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есполовтармен бірге болса, Мағжан Жұмабаевпен бірге екі жыл бес ай көлемінде бір бригадада болғанына ақынның мына өлеңі дәлел болмақ:

Екі жыл бес ай жолдас боп,

Сыры бірге сырлас боп.

Мұңы бірге – мұңдас боп

Жүрдік аз күн дәмдес боп?

Елім деген ер екен,

Жүрегі жалын жыр екен.

Еңбегі – еш, тұзы – сор болған,

Азаматтың бірі екен, — деп Мағжанның өмір жолы жайында мағлұмат беретін «Мағжан түсіме тіргенде» деген өлеңін жазып қалдырған. Мағжанның «Жәмилаға» деген өлеңіне еліктеп, «Кәмилаға» деген өлең жазып, оған жауап алғанын көрген Мағжан: «Аға, мен жауап алмап едім. Сіз бақыттысыз, жауап алдыңыз» деген.

Ай, заман-ай, заман-ай,

Замананың зауалы-ай.

Құбылып соққан құйындай

Айласы мен амалы-ай…

Бір қазақтың баласын,

Екіге бөліп арасын.

Қырқыстырып қойғаны-ай,

Ағызып көздің сорасын.

Міржақып пен Ахмет,

Нақақтан нақақ болды шет.

Бір уақыттар болғанда,

Ақталар, орнап әділет! – дейді Файзолла Міржақыпқа арнаған жоқтау өлеңінде. Осы өлеңнің екі шумағында да назар аударсақ, ата қазақтың баласын екіге бөліп, бір-біріне қарсы қою – сталинизм саясатының басты міндеті болғанын аңғарасыз. Қитұрқы солақай саясат деген қандай болған десеңізші!

Бір күні іздер бізді халық болып,

Алдымыз күн көзіндей жарық болып.

Ахмет, Міржақыптар танылар-ақ

Біртуар, қайталанбас алып болып, — деген ақынның өлең жолдарынан олардың болашаққа, түптің түбінде «Аққа Құдай жақ» болып, әділдік орнап, кешегі отар ел – тәуелсіз ел боларына деген сенімнің лебі байқалады. Алаш арыстары тәуелсіздік таңын көре алмаса да, олардың шығармашылығы, тәуелсіздік жолындағы жарқын бастамалары мен қызметтері – халық санасында, жүрегінде мәңгілікке берік орнап, өзінің өміршеңдігін көрсетті.

Файзолла да, Әлмұхаммед те Алаш қайраткерлерімен пікірлес болғаны үшін «халық жауы» болып, тағдырдың талайын тартқан. Файзолла 1943 жылы  «Абай жолы» романының алғашқы кітабын оқып, кітаптан алған әсерін:

Жазылған Абай жайлы бұл роман,

Себеп боп бір досымнан тиді маған.

Кітапты көрген жоқ ем көптен бері,

Дәл мұндай жүрегіме сөзі ұнаған.

Немесе:

Туады – адам қарап заманына,

Заман да – жол көрсетер адамына.

Әдемі кітап жазған жазушының,

Тәңірім бақыт берсін таланына, — деп өлең түрінде жазған екен. Бұл өлең жолдарынан ақынның М.Әуезов шығармашылығымен де хабардар болғанын байқаймыз. Және ол да болашақ ұлы жазушының Ахмет ағасы секілді қауіп-қатерден аман қалып, зорлық-зомбылыққа ұшырамауын Тәңірінен тілеп, оның болашағына сенген. Ақиқаты сол – Мұхтар Әуезов  «Алашорданың» аман қалған жалғыз мүшесі еді. Егер, Мұхтар Омарханұлы да саясат құрбаны болғанда, онда атақты «Абай жолы» да, басқа әдеби-ғылыми мұралары да жазылмас еді. Құдай сақтаған екен!

Файзолла жерленген қорым

Ахмет ағасының аманатына қиянат жасамай, оның арман-мақсатын келешек ұрпаққа жеткізіп, оның шығармашылығын ел арасында кеңінен насихаттаған Файзолла 1959 жылы Аманкелді ауданында дүние салады. Ақын әкесі Сатыбалды ишанның қорымында жерленген. Дегдар ағасына «Алаштың қамын жеген азамат ең, сүйреген алға қарай қазақ көшін» деп үлкен баға берген еді.

Елдос Тоқтарбай