Темірден түйін түйген Төлепов

Қазіргідей жұмысшы мамандығы қат болып тұрған шақта қарапайым еңбек адамының орны бөлек. Өйткені олар қара жұмыстан қашқақтап, бірден орынтаққа топ ете қалғысы келетін талай жастарға үлгі. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбекпен тауып жүрген сондай жанның бірі – Әмірбек Төлепов. 1975 жылы Сыр елінде дүниеге келген ол мектеп жасында-ақ әкесі Өтептің жанына еріп, техниканың тілін меңгерген. Әкеден балаға берілген қасиет оның ерекше қырына айналды.
Болашақта техниканың құлағында ойнауды армандаған Әмірбек 7-сынып оқып жүргенінде-ақ «Восход» маркалы мотоциклді шашып, қайта жинап шығарған. «Мұны тәжірибе жинау үшін жасадым» дейді. Бұдан кейін әке жолын қуған жігіт «Т16» маркалы тракторды еш қиындықсыз тізгіндейді. Осылайша, бала күнінен кәсібіне адалдық танытып, ел ішінде абыройға бөлене бастайды. 2005 жылы Жамбыл жеріне қоныс аударған ол еңбегінің арқасында мұнда да жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болады.

Бүгінде Байзақ ауданы, Үлгілі ауылының тұрғыны атанған оның жұмысқа деген құлшынысына өзгелер тамсанады. Қызығушылығымен техника тілін жақсы меңгерген «самородок» қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсетуде. Мәселен, шаруалар лизинг арқылы алған қаншама техниканы қайта жасап шыққаны үшін 400-450 мың теңге көлемінде ғана ақы алады. Ал несиеге берілетін техниканың нарықтағы бағасы 2 миллионның үстінде. Тірлігі тап-тұйнақтай, шаруаны иіріп алып кетер еңбекқор Әмірбек осылайша елдің алғысын алып жүр. Енді өз отбасының адал бизнесіне айналған істің көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр.

– Бала күнімнен темір-терсекке бүйрегім бұрып тұрады. Әкем де техникаға жақын болған соң, оның жанынан табылуға тырысатынмын. Оқушы кезімде-ақ түрлі техниканың тілін меңгердім. Кейін оларды шашып, қайта жинап шығардым. Таңнан қара кешке дейін сүйікті ісіммен айналысу үшін барымды салатынмын. Бұл күнде ауыл шаруашылығы саласына аса қажетті жер жыртып, өңдейтін соқаларды жасап шығарып жатырмыз. Бұдан бөлек, арық-атыздың ұлтанын тазалап, алқап басындағы басқа да шаруаларды бір өзі атқаратын техниканы да жасаймыз. Ең алғашқы бұйымды туған жерім – Қызылордаға жібердім. Кейінірек өзге де облыстардан тапсырыс қабылдай бастадық. Қазіргі таңда өзіммен бірге қолынан іс келетін 6-7 жігіт жұмыс істейді. Олардың еңбекақысын күнделікті беремін. Жалпы, бүгінгі техникалардың іші заманға сай жабдықталғанымен, тез бұзылады. Жердің қаттылығы ол техникалардың шын мәніндегі күш-қуатын анықтап жатыр. Себебі дала жұмыстарына әлсіз техникалар шыдас бере алмайды. Ал біз сол техниканың өзгеше түрін жасап шығарамыз. Өзгеше деп тұрғаным, бір техника бірнеше жұмысты атқаруға қауқарлы. Мәселен, жер жыртады, арық-атызды тазалайды, түбін қопсытады, – дейді өзі.

Әмірбек күні бүгінге дейін тұтынушылар тарапынан жұмысына қатысты сын-ескертпе естіп көрмепті. Алғаны – алғыс, естігені – мақтау ғана. Өйткені кейіпкеріміз өз ісінің нағыз шебері. «Тапсырыс дайын болған соң, 3 күн ішінде сынақтан өткізіледі. Егер, ұнамаған жағдайда кері алып кетеміз. Десе де, мұндай әлі болған жоқ. Былайша айтқанда, «мінсіз» тірлік істеп жатырмыз. Шын мәнінде, олай болуы мүмкін емес қой. Сыннан тиісті қорытынды шығарып, дамитын едік. Ал енді сол техникаларды өзім сынақтан өткізейін десем, арнайы жер керек. Жергілікті басшыларға бұл туралы айтқанмын. Әзірге өтінішім қанағаттандырылмай отыр. Егер маған 3 гектар жер телімін берсе, сонда сынақтан өткізіп, кем-кетігін табар едім. Осы жағы оңынан шешілсе екен» деген ол алдағы уақытта қоқыс жинайтын әрі сол қоқысты өңдеп, жарамды өнім шығаратын арнайы техника жасап шығаруды ойлап жүргенін айтты.

Негізі бұл жұмыстарды жан-тәнімен берілетін адам ғана істей алады. Бұл да адамның ынта-жігерін, ой-қиялын қажет етеді. «Ынта-жігерің жоқ болса, кәсіби мамандар жасайтын дүниеден кем түспейтін техникаларды жасап шығара алмайсың. Мәселен, мен қасымдағы жігіттерді осыны істесең, күн сайын 15-20 мың теңге көлемінде ақы төлеймін деп ынталандырып отырамын. Әйтсе де, шын ниеті жоқ па, әйтеуір бұл тілегімді орындағандар жоқтың қасы. Осыдан-ақ, бұл істе қызыққандар, осы жұмыстан демалатын адамдар ғана қалатынын ұғуға болады», – дейді Әмірбек.

Әрине, әр адамның өзі қызығып, бар ынтасымен істейтін ісі болады. Кейіпкеріміз техника саласын таңдап, еңбек етіп жүргеніне еш өкінбейді. Адал табысымен отбасын асырап отыр. Қыстың қатал суығында, жаздың аптап ыстығында темірден түйін түйетін Әмірбекке ақ жағалылар қол ұшын соза қойса, құба-құп. Жұмыс талғамайтын еңбек адамына одан артық қолдаудың да қажеті жоқ-ау, сірә!

Есен ӨТЕУЛІ Тараз қаласы.