Тараздықтардың тілегі тасада қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес қала әкімі Бақытжан Орынбеков No1 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Әуелі аумақтық округтің бас инспекторы Сағын Үсіпбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндады. Бұдан кейін шаһар басшысы тұрғындар тілегіне құлақ түрді. Аталған округ тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселенің бірі – Рысбек батыр көшесіндегі No6А, Төле би даңғылындағы No116 үйлердің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Мәселені шешу үшін Рысбек батыр көшесі No6А мекенжайдағы үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бірнеше мәрте жиналыс өткізілген. Алайда тұрғындар жиналыстың барлығында жөндеу жұмыстарынан бас тартқан. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасына сәйкес тұрғындардың 3/2 келісімі болуы шарт. Аталған үйдегі меншік иелері басқару органын құруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім бермегендіктен жөндеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілік жоқ. Төле би даңғылы, No116 тұрғын үй бойынша да дәл осындай жиын өтіп, түсініктеме берілген. Нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында тіркелген. Кондоминиум мүшелерінің құқығы мен міндеті, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп ұстау мен басқару Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының нормаларымен реттеледі. Тұрғындар «Төрткүл» тұрғын алқабына балалар ойын алаңшасын салып беруді сұрады. Бұл жөнінде Бақытжан Әмірбекұлы: «Бірінші кезекте көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесі қаралған. Жеке тұрғын үй алқаптарына бюджеттен қаржының бөлінуіне қарай, кезең-кезеңімен балалар ойын алаңшалары соғылатын болады. Аталған алқапқа балалар ойын алаңшасын соғу 2025 жылға жоспарға қойылған. Қаржы бөлінген жағдайда балалар ойын алаңшасы соғылатын болады», – деді. Сонымен қатар округ тұрғындары Рысбек батыр көшесі мен Рахимов көшесінің қиылысына әлеуметтік дүкен салу, «Үміт» кафесінің маңындағы 2 аялдаманы жаңарту, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» монументін күрделі жөндеуден өткізу, Крупская көшесіне түнгі жарықтандыру орнату және Ниетқалиев көшесі мен Қ. Жалайыр көшесінің қиылысындағы су өткелдерін ауыстыру сынды өзекті мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде қала әкімі көтерілген мәселелердің барлығы орынды екенін және олар жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Жиыннан кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Тараз қаласы