Тар «Лифтідегі» тағдырлар тоғысы

Қылмыс үшін жаза барын барша адам жақсы біледі. Ал кінәлінің тағдырын шешетін құзырлы орынның бірегейі — сот. Сіз өміріңізде сот отырысына қатыспасаңыз да, қандай болатынын жақсы білесіз. Бірақ «лифтіде» өткен сотты көрмеген боларсыз.

Жуырда елордалық көрермен ерекше сот отырысының куәсі болды. Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Лифт» атты психологиялық драманың тұсауын кесіп, көрер көз бен естір құлаққа ерекше әсер сыйлады. Оңтүстік Қазақстан облысының Ж.Шанин атындағы театрының драматургі, ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбектің «Тексіздер» пьесасының негізінде қойылған «Лифт» психологиялық драмасы қоғамның жегі құртына айналған әрі заңмен де ауыздықталмай келе жатқан ауыр қылмыс жөнінде көрерменге баяндайды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі өнер майталманы Бекболат Құрманғожаев сахналаған қойылымда бар-жоғы бес адам ойнаса да, айтар ойы салмақты екенін көз көрді. Сондай-ақ, көрермен назарын аудартатын сахналық көріністі жасаған қоюшы-суретші Ерлан Тұяқовтың еңбегін ерекше айта кету керек. Өйткені лифтіде қандай оқиға болуы мүмкін деген сұраққа түнерген сахна көрінісі бірден жауап береді. Зәулім сот ғимаратының келушілер мен қызметкерлерге арналған, яғни «қарапайым» лифтіге мінген бес адам күтпеген жағдайға тап болады. Тарсыл-гүрсіл музыкамен берілген алғашқы он секундта лифт бір жамандыққа ұрындырар ма деп ойлағанбыз. Кілт тоқтады ма десек, төрт қабырғалы тар қапас лифт шахтасынан бір-ақ шығыпты. Сөйтіп, телефон байланысы үзілген сот ғимаратының жертөлесінде драманың негізгі мазмұны көкжиектен баяу шыққан күндей көріне бастады. Жетім қыз (Наурыз Сабағатова) бен жесір әйел (Айым Жүсіпбекова), айдауыл (Данияр Оразаев) мен алимент төлеуден бас сауғалап жүрген еркектің (Азамат Эсқұлов) жан дауысы шығып айғайға басады. Бұлардың сыртынан мең-зең күйде қарап тұрған сот хатшысы (Жандәулет Батай) сабырлылыққа шақырғандай кейіп танытады. Байқауымызша, бұл лифтінің шахтаға түсіп кетуі жиі болып тұратындай. Десе де, салмақты көрінген сот хатшысы бұрын-соңды көрмеген ерекше үкім отырысына куә болады. Алғашында күйзеліске ұшыраған жесір әйелдің өзінің күйеуі секілді алименттен қашып жүрген еркекке соқтығуынан әңгіменің төркіні сезіле бастады. Сотқа асыққан әйел «зындандағы» қалған төртеуге тиісемін деп, ақыры айыпты болды. Өйткені ол бұдан кө-өп жыл бұрын өмірге некесіз сәби әкеліп, оны көшеде тастап кеткен. Ал алименттен қашқан бүгінгі әке де жас кезінде мастықпен біреудің аяулап өсірген қызына оң жақта отырып бала таптырған. Драмадағы жетім қыздың сол екеуінен болған тексіз ұрпақ екенін шамалап отырған боларсыз. Тар құрсақтан тастанды болып шыққан қыз өзінің биологиялық ата-анасымен тар қапаста кездесем деп ойлап па екен? «Көлгірсуді көзсіз көріп, үнсіз сезіп қоямыз» дейтін жетім қызды жауапкершіліктен қашқан әке-шешесі емес, солардың ізін жалғап, соңы көрінбей бара жатқан қазіргі толқынның жағдайы алаңдатады. Балалар үйінің өзін «жетімхана» деп жанға батыра сөйлеген бойжеткен күйеуге шығудан қорқады. Себебі жуырда ғана өзімен тең өскен құрбысы өзінің әкесіне келін болыпты. «Мені алатын жігіттің бауырым болып шықпасына кім кепіл?» дейді жылам-сыраған халде. Мұның бәрін көзімен көріп, құлағымен естіп тұрған айдауыл да сырын көрерменге жаяды. Оның айтуынша, әкесі жастық дәуренін әйелге көз салумен өткізген екен. Ол да өзінің сүйген қызының қарындасы болып шығуынан қауіптенеді.

лифтт

Алла алдында күнәһар, ар алдында қылмыскер бозбала мен бойжеткен қоғамымызда көп-ақ. Оларға жауапкершілік жүктейтін заңның жоқтығы — енді ғана қалыптасып келе жатқан елдігіміздің осал тұсы. Жеті атасын түгендеп өткен қазақтың бүгінгі ұрпағы руы тұрмақ әке-шешесінің кім екенін білмей өсіп жатқан «тексіздерге» толып бара жатқанына алаңдаушы көп болғанмен, амалын жасап, алдын алып жатқандар, өкінішке орай, аз. Мұндай опасыздықтарға лифтідегі сот та нүкте қоя алмады. Бірақ нәтижесінің қандай жиіркенішті екенін театр әртістері өздері жасаған образбен көрермен көкейіне жеткізе алды деп сеніммен айта аламыз. Осы айтқанымыздың растығына көз жеткізгіңіз келсе, Жастар театрының «Лифт» психологиялық драмасына көрермен болуға асығыңыз.

Ермұрат Назарұлы