«Тапсырылған жұмыстар дер кезінде аяқталуы тиіс»

«Тапсырылған жұмыстар дер кезінде аяқталуы тиіс» деді облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов.


Апта басында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Ол алдымен Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында салынып жатқан 149 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты.

Тарқатып айтар болсақ, ағымдағы жылдың маусым айында Қайрат ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін 194​ 878, 3 мың теңгеге «ЕрК-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалған. Тұрғындар көптен күткен мәдени ошақтың құрылысы Қайрат және Диқан ауылдарының ортасындағы ашық алаңқайдан бой көтеруде. Құрылыс объектісінің қолданысқа берілу мерзімі келер жылға өтпелі. Алайда бүгінде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бірақ, облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов бұл мәселені тез арада шешу керектігін айтып, мердігер мекемеге бірқатар міндеттерді жүктеді.

Содан соң облысы әкімінің орынбасары Е.Ибрайханов Б.Момышұлы ауылындағы спорт сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарының барысымен қанықты. Бұл құрылыс нысаны да құрылыс материалдарын сатып алуға қаржы жетіспегендіктен, құрылыс жұмысы кешеуілдеп отыр.

Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылынан салынып жатқан 25 орындық дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аралап көріп, ондағы қарқынды жұмыстың куәсі болды.

Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығын сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе шалғай ауылдар мен елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулатория немесе медициналық пункттер салу ісі мықтылап қолға алынуда.

Соның бірі – Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын айтуға болады. Бір ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бас мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС құрылыс мекемесі қолға алған.

Айта кету керек, бұл дәрігерлік амбулаторияны салуға республикалық, облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алулар жүргізіліп, құрылыс жұмысына жеңімпаз мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкерлігі шектеулі серіктестігімен 181​ 773,4 мың теңгеге, авторлық қадағалау бойынша мердігер «Elite project company BS» ЖШС-мен 2​ 143,0 мың теңгеге, техникалық қадағалау бойынша мердігер «Құрылыс Жоба Инжиниринг» ЖШС-мен 5579,5 мың теңгеге келісім шарт жасалдған болатын. Бүгінгі күнге жұмыстардың 80 пайызы орындалған деуге толық негіз бар.

Мұнда сөз алған Ерболат Мақсұтханұлы қыстың көзі қырауда екендігін айтып, мердігер тарапқа жұмысты тездету керектігін және дәрігерлік амбулаторияны халық игілігіне беру үшін, халықты көп күттірмеу қажеттігін баса айтты.

Сонымен бірге, ол Жаңаталап ауылындағы Өсерхан көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысымен және Жаңаталап, Ақтоған ауылдарындағы ауызсу жүйесінің құрылысымен танысып, жұмысшылардың жұмысына сәттілік тілеп, тапсырылған жұмыс дер кезінде аяқталу керектігін айтып, сөзін түйіндеді.

Жуалы ауданы әкімдігі