Тамыз конференциясы: жаңа мақсат, жаңа міндет

Білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз айында өтетін кеңесі алдын ала хабарландыруды қажет етпейтін дәстүрлі жиынға айналғалы қашан. Жалпыға ортақ саланың мәселелері талқыланатын алқалы басқосуды педагогтар ғана емес, алдағы күнін ойлаған үлкен-кіші асыға күтеді.

Осы орайда, бүгін Талас ауданының педагогтары Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова, аудандық мәслихат хатшысы Қадірбек Садубаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты директорының орынбасары Шынар Тойғанбекова, аудан ұстаздары мен сала ардагерлері, жас мамандар, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Аудандық мәдениет үйінде өткен тың тақырыптарды талқыға салатын, тағылымы мол тамыз мәслихатында білім беру саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Тамыз конференциясының мақсаты – педагогикалық қауымдастықпен диалог орнатып, білім беру саласындағы проблемаларды, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылау. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттері айқындалады.

Жиында Президиум мүшелеріне арнайы сөз беріліп, баяндамалары тыңдалды.

Кеңесте білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрінің, Талас ауданы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ, Талас ауданы мәслихатының Құрмет грамотасы табысталды.

Талас аудан әкімдігі