Табысы тасқындаған колхоз еді…

Аудан орталығы Сарыкемер ауылынан 17 шақырым қашықтықта, Талас өзенінің күн шығыс бетінде көне ескерткіш, мемлекет қорғауындағы Түймекент қаласының орны бар. Өз заманында сауда-саттығы дамыған Түймекент қаласының сырын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Аңыздарға қарағанда бұл жер бір байдың Түйме деген сұлу қызының есіміне байланысты аталған деседі.

Бұл жерге 1887 жылы басқа ұлт өкілдері көптеп қоныстана бастаған. Олар үйлерін шым, тал, жиде, жыңғыл, қамыс тәрізді жергілікті құрылыс материалдарынан тұрғызған екен. Араларында Көтеу, Бердияр тағы басқа да қариялар тұрған. Ауылға ат беру кезінде алғашқылардың бірі болып осында келген, әулеті үлкен Шаповаловтардың құрметіне «Шаповаловка» аталған. Мұнда ол кезде мектеп болмай, көшіп келушілер де, көшіп кетушілерде көп болған. 1989 жылы ғана 3 кластық шіркеу-приход мектеп үйі салынған. Ал 1914 жылы мемлекеттің есебінен қызыл кірпіштен 4 кластық бастауыш мектебі салынды. 1920 жылдары ауылда халық саны өсіп, аула саны 200-ге жеткен.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1934 жылдары клуб, кітапхана соғылған. Осы жылдары ауылдан «Труд», «Красный пахарь» артелдері құрылып, оның мүшелері егін салумен айналысады. Кейінірек осы екі артель бірігіп, «Трудовой пахарь» колхозы құрылады. Колхозға оннан аса азамат әр жылдары басшылық еткен. Солардың ішіндегі 1964 жылы колхоз өндірісінің білгірі, үлкен ұйымдастырушы Нахманович Александр Львович колхозға төраға болғаннан бастап «Трудовой пахарь» колхозының бағы жанып, атағы алысқа кетеді. Айтпақшы 1958 жылы Жамбыл атындағы колхоз және «Трудовой пахарь» колхоздарының бірігуінен бастап колхоз облыс көлеміндегі ірі шаруашылықтардың қатарына қосылғанын айта кеткен орынды болар. Бұл кезде колхозда 4 мыңға жуық адам тұрса, олар негізінен егін шаруашылығымен айналысқан. Мал басы өсіп, алынған өнім бойынша колхоздардың алдына шыққан.
Ал А.Нахманович колхоз басшылығын қолға алған күннен бастап ғылымның жетістіктері мен озат тәжірибелерді шаруашылыққа енгізе білді. Жұмысты жүйелі жүргізіп, ауыр жұмыстарды механикаландыруды қолға алды. Малды асылдандыру, егін шаруашылығында агротехниканы толық енгізу, суармалы жерлерді ұтымды пайдалану қолға алынды. Нәтижесінде қант қызылшасы мен сүт өндіруде мол табысқа қол жетті. Ал бұл колхоз табысының тасқындаған кезеңі еді. Колхозшыларға барынша жағдай жасалды. Колхозшылардың балалары балабақшада тегін тәрбиеленді. Оларды көлікпен балабақшаға апарып алып келетін. Өз наубайханаларында піскен нан колхозшылар үйіне арнайы көлікпен таратылып берілетін. Колхозшылар емдеу орындарында тегін ем алатын. Міне бұлардың барлығын сол кезде колхозда жұмыс істеген алдыңғы буын ағалар айтып отыратын. Колхоздағы әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмай сәулетті де, сәнді ғимараттар бой көтерді. Колхоздың қол жеткізген жетістіктеріне орай 1965 жылы А.Нахманович Социалистік Еңбек Ері атағына, бірнеше еңбек озаттары әртүрлі орден, медальдарға ие болды. Ал 1971 жылы колхоздың табысы тасқындап, СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумның Указы мен «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды. Бұдан басқа да колхоздың әртүрлі деңгейде алған марапаттары аз емес. Міне сол жылдары колхозда еңбек етіп, осындай көл-көсір жетістікке жетуіне үлес қосқан азаматтардың басым бөлігі өмірден өтті, арамызда жүргендері де бар. Міне сол азаматтардың балалары, немерелері аталған колхоздың жалғасы ретінде құрылған Түймекент ауылдық округінде жемісті жұмыстарын жалғастырып келеді.
Биыл ауданымыздың құрылғанына 85 жыл толып отырса, бұл жылдарда біздің ауылымызда ауданның өсіп-өркендеуіне, экономикасының көтерілуіне қомақты үлесін қосып жүрген азаматтар көптеп саналады. Округте 1415 аула болса, онда 9564 халық тұрады. Округіміз аудандағы алдыңғы қатарлы округтердің бірі екенін әркез мақтан етеміз.

Ауылымызда мал басы өсіп, одан алынатын өнімдер көлемі жыл өткен сайын артуда. Бұған ауылымыздың 2019 жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының көп көмегі болғанын айта кеткен орынды болар. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жұмыс жасау мақсатында ауылдың 262 тұрғынына 615,2 млн. теңге несиелендірілді. Міне осындай мол қаржыны алған ауыл азаматтары мал басын көбейтіп, егін егіп, олардан өнім алуда да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Шаруа қожалықтары өздері ғана емес ауылдағы бірнеше жұмыссыз азаматтарға жұмыс тауып беруде.
Ауылда мал және егін шаруашылығымен қатар әлеуметтік мәселелерге де көңіл бөлініп келеді. Көптеген бірнеше қабатты сәнді де, сәулетті ғимараттар салынса, көшелер асфальтталып, жарықтар орнатылған. Былтыр Түймекент орта мектебі күрделі жөндеуден өтсе, Сейфуллин орта мектебінің қазандығы газға қосылды. Ал биылғы жылы 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, іске қосылғалы отыр. Ауыл жастары ауылға кіреберісте ауыл паспортын орнатты. Екі ауылдың кіреберіс қақпасы да көзтартарлық. Ауыл жастарының спортпен шұғылдануларына да жағдайлар жасалған.
Ауданымызда есімі елге танымал батырлар да, ақындар да аз емес. Солардың бірегейі — Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев. Ал бейбіт күннің батыры атанған біздің жерлесіміз Ғазиз Байтасов А. Суханбаевтың ерлігін 70 жылдан кейін қайталап, “Халық қаһарманы” атанды. Біз осындай батырларымызды әркез мақтан етіп, кейінгі жастарға үлгі етіп келеміз.
Аудан халқын ауданымыздың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ауданымыздың алдағы уақытта да табысы тасқындап, тек жақсы жақтарымен көріне беруіне тілектеспін.

Күнтуған АҚНАЗАРОВ, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті ардагері. Түймекент ауылы.