ТАБИҒАТ – ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

Ықылым заманнан-ақ халқымыз табиғаттың байлығы мен қоршаған ортаның тазалығын сақтап отырған. Өмірге келген нәресте бойына табиғатпен етене жүруді сіңіре отырып, жайлау, қыстау қоныстарын жүйелеп қана, өсімдіктің өсіп жетілуін, топырақтың құнарсызданбауын алдын ала болжай білген. Ғылым мен техника дамып, қоғам алға жылжыған сайын дүниежүзілік ғылыми техникалық прогресс пен адам әрекеті табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, болашақ ұрпақтың алдына ғаламдық экологиялық проблемаларды тудырып отырғаны жасырын емес.
Табиғаттың байлығын тиімді пайдаланып жаратудың орнына, соңғы жылдары оған жаппай зиян келтіретін түрлі апаттар көбейе түсті. Мәселен, ормандардың оталуы мен өрттердің белең алуы, аң мен құстардың есепсіз жойылуы, қатты қалдықтардың төбе болып үйіліп жатуынан табиғатқа келетін зиян ұшан-теңіз. Осыған қарамастан біз табиғатқа деген тұтынушылық көзқарастан арылар емес. Яғни табиғат-анадан ала берсек деген ойдан құтылар түріміз жоқ. Табиғат бізсіз, ал біз одан тысқары өмір сүре алмайтынымызды түсінетін уақыт жетті.
Жыл сайын адамзат 2,2 млрд. текше тонна қоқыс шығарса, соның 20 пайызы ғана өңделетін көрінеді. Ал елімізде көп жылдан бері жиналған қоқыстың мөлшері 150 млн. тоннадан асыпты. Бұл жыл сайын 6 млн. тоннаға ұлғайып отыратындығын айтып экологтар дабыл қағуда. Оның тек 11 пайыздан астамы ғана қайта өңдеуден өтеді екен.
Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталады. Бұл тізімде Қазақстан орта деңгейде тұр. Елімізде әрбір адам бір күнге 670 грамм қалдық шығаратын көрінеді. Сондай-ақ, соңғы он жылда еліміздің орман қоры 10 пайызға кеміген. Алтай ормандары мен Алатаудың алма бақтары кемігенін, оны қалпына келтіру үшін бірнеше жылдар қажет секілді.
Табиғат – басты байлығымыз. Олай болса экологиялық білім берудің басты мақсаты-қоршаған орта аясында оқушы, студент пен бұқара халықтың табиғатқа деген мінез-құлқын, этика мен экологиялық мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты бағыттарын негізге алып, экологияны жақсарту үшін ғылым жетістіктері мен өркениетті елдерден экологиялық білім беру жүйесіндегі жаңалықтарды, жаңа технологиялық бағдарламаларды пайдаланғанымыз абзал.
Табиғат-біздің анамыз. Оны күтіп таза ұстап, қорғау, экологиялық орта қалыптастыру тәуелсіз еліміз үшін де, адам баласының келешегі үшін де қажет. Осы мақсатта ауданымызда жыл сайын көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалықтың екі айлығы үздіксіз өткізіліп келеді. Айлық аясында тал-дарақтардың көшеттері отырғызылып, айналамыз күл-қоқыстардан тазартылады. Арық-атыздар, каналдардың көзі ашылып, халыққа қызмет көрсететін нысандардың сыртқы келбеті ажарлана түседі. Аудан орталығы Сарыкемер ауылында, елді мекендерде саябақтар бой көтеріп, елдің қуанышы еселенді.
Өңіріміздің тазалығын жүйелі ұстап тұруға бағытталған сенбіліктер ұйымдастырылып, оның барысында Талас өзенінің жағасы тазартылып, ретке келтірілуде. “Байзақ ауданының 80 жылдығы” саябағының аумағына бірнеше рет сенбілік ұйымдастырылды. Түрлі тақырыпта тазалық акциялары өткізіледі. Ондағы басты мақсат-өңірдің қоғамдық-мәдени орындарын тазалап, санитарлық жағдайын жақсарту, абаттандыру және экологиялық сауықтыру, жастардың бойына экологиялық мәдениет қалыптастыру. Бұл бағыттағы өткеріліп жатқан іс-шаралар әлі да жалғасын табатындығы анық. Ел мүддесін ойлаған атпал азаматтар қайтсек ауданды көркейтіп, көгеріштендіріп, таза ұстаймыз деп жасап жатқан еңбектеріне риза боласың.
Тазалық-денсаулық кепілі. Сондықтан ауданымыз, ауламыз, үйіміз бен көшеміз таза болсын десек, сенбіліктерге біркісідей қатысып, айналамызды күл-қоқыстардан тазартып отырайық. Егілген тал-дарақтарды күтімге алып, жасыл желекке, қоршаған ортаға зиян келтірген кінәлі азаматтарға қатаң шара қолданып отырсақ қана ісіміздің жемісін көретін боламыз.

Нұрбай Өмірәлиев, штаттан тыс тілші. Жаңатұрмыс ауылы.