Тәуелсіз елдің журналистикасы да тәуелсіз болуы керек!

Елбасымыз қазіргі қазақ теледидарына қатысты бір сөзінде «қандай тәуелсіз мемлекет ақпарат құралдарын басқаның қолына беріп қояды» деген сияқты пікір айтқан еді. Ал қазіргі Қазақстан телеарналарының түгелге жуығы ресейлік мықтылардікі және сол телеарналарымызда қазақша эфир уақыты орысшадан әлдеқайда аз екенін көзіміз көріп отыр. Әнебір жылдары теледидар хабарларына қатысты 50х50 деген заң қабылданды.  Сол заңды бұзушы орыстілді ақпаратшылармен соттасқан кездеріміз де болды. Сонда қазақ тілі үшін күресушілердің әсіресе марқұм Батырхан Дәрімбетовтың бірде-бір рет сотта жеңіп шыққанын көрмедік. ғни сот бізді ылғи орыс тілін қорғаушылар мен  өйтіп-бүйтіп жатырмыз деп өтірік көлгірсушілердің аяғына жығып беріп отырды.

Елбасымыз ақпарат құралдары туралы әлгіндей дегенде, оның бергі жағында ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та еліміздегі «ақпараттық диверсия» туралы талай мәрте баспасөз бетінде де, парламент мінберінен де жағы талғанша қақсаған жоқ па? Сол бір жылдары  қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланған Қазақстанда бар болғаны 453 басылым ғана қазақ тілінде шықса, орыс тілінде 223 басылым шығатынын, ол аз болғандай елімізге Ресейден тағы да 5248 газет-журнал  келетіні мәлім болған еді. Амал не, сол кезде не Парламенттен, не Үкімет тарапынан «мынауымыз ұят екен, біздің бұнымыз  тәуелсіздігімізге нұқсан ғой, бұны қолға алып, елімізге Ресейден қардай бораған басылымға біраз тосқауыл қояйық, сөйтіп, ана тіліміздің өз биігіне шығуына септігімізді тигізейік» деген тірі пенде болған жоқ. Тек депутат өзбек шал Розақұл Халмұрадов қана кейін біресе депутаттарға, біресе дүбәра министрлерге «Ау, қазақша сөйлесеңдерші» деп, қайта-қайта ескерту жасаумен болды. Оған да пысқырған жан болмады.

Иә, қай мемлекеттің де қаншалықты тәуелсіз екені министрлерінің қай тілде сөйлеп,  ақпарат құралдарының қай тілде басымырақ екеніненақ көрініп тұрады. Ендеше, қазақ баспасөзі мен орыстілді баспасөздің үлес салмағындағы айырмашылықты көре тұра қалайша жаның күйзеліп, жүрегің ауырмайды. Иә, сол жылдардан бері Қазақстанға келіп жатқан орыстілді газеттер саны бірнеше есе ұлғаймаса кеміген жоқ. Қазір орыстілді радио-телевизия хабарлары мен және орыстілді баспасөз құралдарымен салыстырғанда қазақтілді ақпарат түйенің қасында тұрған қошақандайақ. Бүгінде кешегі Кеңестің құрсауынан шыққан республикалардың ішінде Ресейдің ақпараттық экспансиясынан шыға алмай, шығуға талпынбай отырғаны да  тек Қазақстан ғана. Сонау жылдары орыстар біздің тілімізде 300 миллионға жуық адам сөйлейді деп мақтанса, Кеңес өкіметі тарағасын тәуелсіз жаңа республикаларда орыс тілі «өгей баланың» күйіне түсті деп жылай бастады.

Біз әншейінде «орыстан үйрен» деген сөзді әлі де қайталаудан танбай келеміз. Ендеше, ұлттық намысты, ұлттық дүниетанымды қай жерде де бірінші орынға қоюды неге орыстан үйренбейміз? Ал ұлттық намыс, ұлттық дүниетаным, ұлттық тәрбие, қысқасы, ұлттың бүкіл аман-саулығы оның тілін сақтаудан,  оны өзгелерге таратудан басталады. Ресей мемлекеті қандай пішімге, яғни формаға көшсе де, мәселені ең алдымен орыс тілін дәріптеуден бастайды. Өзбекстан, Түркіменстан өз еліне Ресей басылымдарының кіруіне әлдеқашан тыйым салған. Олар оны Ресейгенемесе бүкіл орыс атаулыға деген өшпенділікпен істеп отырған жоқ. Олардың мақсаты — әлекедей жаланған жаандану деп аталып жүрген жеті басты бәлекеттің алуан-алуан кесапатымен  тәніне де, жанына да әртүрлі  ақау түскен ұлттық қасиеттерін аман сақтап қалу. Олар  Ресейден келген газет-журналдар бастан-аяқ ең әуелі орыс мүддесін сөз етіп, Ресейдің қандай  саясатын да ізгілік пен инабаттылықтың үлгісі етіп ұсынатынын, сөйтіп, өздерінің жас ұрпағының тілінен де, ділінен де алшақтауына әкеп соғатынын білгендіктен сөйтіп отыр. Олар бұл жолда ең мықты қару БАҚ, яғни журналистика екенін өте жақсы білгені үшін де кінәлі емес.

Ендеше, біз не істеуіміз керек? Біз орыстардан, яки Ресейден ең болмаса ұлтжандылықты  үйренуіміз өте қажет. Ақиқатын айтар болсақ, бүгінгі қазақ баспасөзінде жоғарыдағыларды сынамақ түгіл «ананы ренжітіп алмайық, мынаның арқасүйері кім екен, газетімізге кесірі тиіп кетпесінші, әлдеқайтіп кетерміз» деген сияқты сауысқандай сақтық пен көңілжықпастық әбден орнықты. Ал қазақтілді телеарналар туралы айтудың өзі ұят. Қазір қазақ тележурналистикасын өте арзан, өте сауатсыз әншісымақтар мен күпінің битіндей қаптаған не әнінде, не мәтінінде мән-мағына жоқ «жұлдызқұрттар» басып алды. Өзіңіз айтыңызшы, анау «Роза шақырады», «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаевтан» бастап, «Көңілашар», «Ду-думан», «Үздік әзілдер», «Тойвестстар», «Әзіл әлемі», «Караоке киллер» және басқа да толып жатқан сайқымазақ көрсетілімдерден басқа бізде не қалды? «Нысана» дегенді әзіл-сықақ театры деп атайды екен. Мұнда «өнер көрсетіп» жүргендердің өте анайы да дөрекі сөздері мен қимылдарын былай қойғанда, мектеп оқушысының мұғалім апайын «дәл қазір ұрып жатыр» деген оспадарсыз тұрпайы әзілін естіп отырған сәтте жүрегіміз аузымызға тығылып, ауа қармалап қалдық. Ал «бүгінгі күннің ең басты жаңалықтары» немесе «арнамызға келіп түскен жаңалықтар легі» деген сияқты қосымша атауы бар «Жаңалықтардан» жол апатынан неше адам өліп,  біреудің өз баласын, әйелін пышақтап өлтіргенінен, неше қыз күйеуге тимей екіқабат болғанынан, қоқыс салатын жәшіктен немесе әжетханадан шалажансар жаңа туған сәби табылғанынан «хабардар» боласыз. Қазақ журналистикасы, яғни БАҚ-тары кей тұста Ресей саясатының ықпалынан шыға алмай отырғанын олар Ресей ақпарат құралдары не айтса соны сол күйінде қайталайтынынанақ байқауға болады. Әрине, оларға ақпарат көздерін пайдаланба деуге ешкімнің де хақысы жоқ. Алайда біз тәуелсіз елдің ақпаратшысы екенімізді естен шығармай, реті келгенде ол ақпараттар дәйекті ме, дәйексіз бе, олар біздің ұлттық, тәуелсіздік мүдделерімізге қайшы келмей ме, сол жағын да ескеріп, реті келгенде жұртты ойландырарлықтай бір-екі күмәнді сауалдарды журналистік шеберлікпен қыстырып жіберудің еш айыбы да жоқ және оны саяси қылмыс деп те ешкім айта алмайды. Әттең, біздің әсіресе тележурналистеріміз өйтудің орнына кей кездері Ресей журналистерінің ығына жығылады да, оларды тыңдап отырған адам «е-е, көп ұзамай Американың шаруасы бітеді екен», «Еуроодаққа мүше елдерге жоқшылық, ашаршылық келіп-ақ қалған екен», «краина деген бір кілең оңбағандар жиналған ел екен, ал Армения мен Қырғызстан қатты қарқынмен дамуда екен» деп  қалары сөзсіз. Ал, неге екенін қайдам, өз күнін өзі көріп отырған Өзбекстан мен Түркіменстан туралы көп ешнәрсе айтыла қоймайды.

Сөз  соңында  айтарымыз, Қазақстанда  баспасөз арқылы да,  теледидар арқылы да қазақ ұлтының мәселесін, әсіресе әлі де өз биігіне көтеріле алмай жатқан қазақ тілін насихаттауға көбірек көңіл бөлетін уақыт жетті. Ол үшін елімізге жан-жақтан қардай борап келіп жатқан, ұлттық дүниетанымымыз, ұлттық тәрбиеміз, ұлттық дәстүріміз бен үрдістерімізді дамытуға еш үлес қоспайтын, қоспақ түгіл өз елінің, өз ұлтының саясатын кейде ашықтан-ашық, кейде жымысқылықпен ертең елтұтқа болар ұрпағымыздың санасына сіңіруге тырысатын өзге елдің қаптаған газет-журналдарына толық тыйым салмасақ та, солардың ішінен кәдемізге жарайды дегендерін ғана қалдыруымыз керек. Қазір, Құдайға шүкір, қазақтар өз елінде 67 пайызға жетті, әлгінде елімізде тұратын бауырлас түркітектес ұлттар  түгел қазақша білетінін айттық.  Демек, бұдан былай телеарналарымызда орыстілді әртүрлі көрсетілімдерді қысқартып, қазақ тіліндегі жобаларды көбейтуіміз керек. Жыл сайын дерлік Еуразиялық медиафорум дегенді өткізіп отырмыз. Ендеше, қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайы сияқты үлкен бір шара өткізіп отырсақ та артық болмас еді. Бір жылды «қазақтілді журналистика жылы» деп атасақ та артық етпес. Ендеше, кімнен сескеніп отырмыз? Сіз не дейсіз?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ