Тұрғындар талабын тыңдады

Облыс басшысы Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Қасық және Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдады.
Әуелі Әлжан ана ауылында өткен жиында ауыл әкімі Қарлығаш Исағұлова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар етті. Ауыл әкімінің сөзінше, округте аса түйткілді мәселелер жоқ. Мұндағы халықтың барлығы дерлік ауыз сумен және табиғи газбен қамтылған. Мәселен, бүгінде ауылдықтардың 96,6 пайызы көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Нұржан Молдиярұлы жуық арада бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Себебі ол үшін мұнда барлық ресурстар жеткілікті.
Бұдан кейін, ауыл тұрғындары облыс басшысына көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Тұрғындар негізінен жайылым жерлердің аздығы мен күре жолдың бойына бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін көтерді. Нұржан Нұржігітов аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатқанын айтты.
Жамбыл ауылында да дәл осындай форматта тұрғындармен кездесу өтті. Құрамында қос ауыл бар округте әлі күнге дейін түйіні тарқамаған мәселелер бар. Айталық, елді мекен тұрғындары он жыл бұрын табиғи отынға қосылған. Алайда мұндағы 120 шаңырақ көгілдір отынның қызығын әлі көре алмай келеді. Бұдан бөлек, округте ауыз су мәселесі де өзектілігін жоймаған.
Басқосуда алты мыңнан астам тұрғын тіршілік нәрінен таршылық көріп Сондай- ақ олар мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі медицина саласына оқуға түсетінін ескере отырып, облыс әкімінен аудан орталығынан медициналық колледждің ашылуына ықпал етуін сұрады. Жұртшылықты мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы бірқатар мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы медициналық колледжге байланысты тиісті гранттар бөлініп жатқанына тоқталып, дәл қазір мұндай оқу орнын салудың қажеті жоқ екенін айтты.
Кездесулерден соң облыс әкімі ауылдықтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

«Aq jol»-Aqparat».
Қордай ауданы