Тұлпардай шауып едік, тұяғы тас илеген…

Рауан Қайдар – айтыскер ақын, журналист. 1992 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Бірнеше республикалық айтыстардың жүлдегері.

 

Мінезінде иісі бар Исламның

(Оқиға желісімен)

Танытқанмен тағдырға неше қайрат,

Ахиреттік көрмеген есеп ойлап.

Арқасына дорбасын асып алып

Бір ана келе жатты көше бойлап.

 

Жастық шақтың үзілсе дәуір жібі,

Тіршіліктің шырқалмас тәуір жыры.

Дорбасының ішінде сол ананың

Тағдырының жатқандай ауыр жүгі.

 

Әрең-әрең келеді шыдап енді,

Қарттығынан жеткендей сірә белгі.

Үйіңізге апарып салайын деп

Қарсы алдынан бір адам шыға келді.

 

Бүркеніп-ап ұяттың орамалын,

Әлгі жігіт атқарды жол амалын.

Ауыр жүгін көтеріп қана қоймай

Көңілінде көтерді сол ананың.

 

Дидарынан дұшпандық байқалмады.

Ана көңіл жадырап жайқалғаны.

Сол кісінің ісіне риза болып

Алғыстан басқа ештеңе айта алмады.

Бірақ,бірақ оны бос қайтармады.

 

Міне,міне үйіне жақын келді

Тоқта балам айтайын датымды енді.

Тыңдап алсаң опынып қалмайсың деп

Ақысының орнына ақыл берді.

 

“ Бұл күнде шырқалмайды шаттанып жыр

Аталар ұстаған дін тапталып жүр.

Мұхаммед деген біреу ел ішінде

Мен пайғамбар едім деп ақталып жүр.

Абайла,сен осыдан сақтанып жүр..”

 

Мен осыған уайымдап келемін деп-,

Ана сөзін бітірді терең үндеп.

Жігіт сонда жымиды апа сенің

Айтқан Мұхаммедіңіз мен едім деп.

 

Жүрегіне ананың қонса дәлел,

Жаныңды түсінбепті қоршаған ел.

Мен бүгін Исламды қабылдаймын

Сен шынымен Мұхаммед болсаң егер.

 

Тиеді ғой сәждеге шекем бүгін,

Аңсамайды жәннәттай мекенді кім.

Мұхаммедтің таныды мінезінен

Исламның игі дін екендігін.

 

Пайғамбарым фәниден мәңгі ұзаған,

Алладан соң қарызбыз ал біз оған.

Қияметте біз үшін дұға қылып.

Исламға кіргізіп қана қоймай

Жәннәтқада кіргізер жалғыз адам.

 

Тәуелсіздік – тірегім

Құт дарып құлпырғандар,

Құның да артық елім.

Ғұндардың ғұрпын жалғар

Сақтардың сарқыты едің.

 

Жолында кіл мазақтың,

Жасадың кемел бағдар.

Ертеңі бұл қазақтың

Ертегі дегендер бар.

 

Хандық ол – ескі із еді,

Халықтың жауы деп пе ең.

Керуен көш түзеді

Керей мен Жәнібектен.

 

Иесін адал ардың,

Иманмен некеледі.

Бағыты бабалардың

Бақытқа жетеледі.

 

 

Жауынгер халық едік

Жауына бас имеген.

 

Байқатпай құлдық кейпін,

Болайық бүгін батыл.

Біздің күш — бірлік дейтін

Бір ғана ұғымда тұр.

 

Намысы асқан елде,

Той міне дүбірлеген.

Намаздан басқа жерде

Тізесі бүгілмеген.

 

Тас жүрек

Бойында болмағасын дін-ақида,

Бой түзеп құран – хадис шын оқи ма.

Қоғамның кемшілігін ашып берді

Қоғамдық көліктегі бір оқиға.

 

 Автобусқа адамның қаптағаны-ай,

Шұғыласын жасырып аппақ арай.

Орталық мешіт жақтан отырып ем

Орталық стадион жаққа қарай.

 

Көріп ем қара торы кондукторды

Адамдардың кіргенін аңдып тұрды.

Жалақысын өзінің жинау үшін

Жолақысын шығар деп жарлық қылды.

 

Кондуктор ұрысып тұр, ұйғарып тұр.

Сақаудың көңіліне тиді анық бұл.

Ол байғұс сексен теңге бермек түгіл

Сегіз сөз айтуғада қиналып тұр.

 

Көрсетіп көзіндегі толған жасын,

Сақаулар көрінгенге қор болмасын.

Қолымен ымдап-ымдап түсіндірді

Қолынан келетіні сол болғасын.

 

Жүрсе де болашаққа беттей бекем

Ұққаным бірдеңені жоқ дейді екен.

Сөйлеуге сөзі жетпей тұрғанындай

Төлеуге ақшасыда жетпейді екен.

 

Сақаудың міне осындай себебі еді,

Кондуктор бірақ оны елемеді.

Сен маған отыз теңге бермедің деп

Отыздан асқан тәтем не демеді.

 

Апамыз аяқ асты ісінуде.

Тырысты автобустан түсіруге.

Ақшасы жетпей тұрған мүгедекті

Ақылың жетпеді ме түсінуге.

 

Байғұстың көңіліне салып кірбің.

Жұртты осылай қызыққа қарық қылдың.

Сақауды сыйламаған сол апайым

Сақалды сыйламасын анық білдім.

 

Көліктен көргенімді баяндағам.

Бір-біріңді сыйлаудан аянба адам.

Түсесің өмір дейтін автобустан

Аяқталып қалғанда аялдамаң.

 

Кондуктор ашуланса не демейді

Көпшіліктің көңілін елемейді

Адамдарға мейірім танытпасаң

Алла да мейірімге бөлемейді.

*********************************************

Жаяулап өткен, баяулап өткен зар ғұмыр

(Жаяу Мұса Байжанұлына)

Жаяулап өткен, баяулап өткен зар ғұмыр,

Саңлақ баба Сарыарқаңа кеп сал дүбір.

Әуре болмашы шындық сөзіңді шығындап,

Әкіреңдеп жүрген әпенділерге әлгі бір.

 

Мұздай ма жүрек, сыздай ма жүрек бекерден,

Себебі өмір тұрмайды шәрбәт шекерден

Озбырлық қылған ойсыздар үшін орын жоқ

Мейірім нұры шуағын шашар мекеннен.

 

Марғасқа едің, марапат күтпес мәңгі елден,

Тағдыры бірақ, талас тартысқа дәл келген

Заңғар бабам — ай, соғып жатса да солардың

Заңына емес, зарына елдің мән берген.

 

Санасыздарды санамайтұғын дұшпан деп,

Байырғы күннен Байжанның елі күшті әулет

Мұңайып қарап өтемін Ақбет тауыңа

Мұзарт шыңынан мұзбалақ ұлдар ұшқан деп

 

Қиналма баба, иманға ғана тәуелді ел.

Күмәннің өзін Құранның сөзі дәлелдер.

Баянға барсаң Жаяудың ізі жазылған

Жасыбай менен Сабынды көлге сәлем бер

 

Жаяулап өткен, баяулап өткен сал ғұмыр,

Тереземізді тепкілеп жатыр таңғы нұр.

Атам қазақты атынан ешкім аудармай

Еркіндігімді, еркін күнімді мәңгі қыл.

******************************************

Мақтаныш

Мамыражай мамырдың тұнық таңы,

Алдымыздан атуда күліп тағы.

Атам онда жетпістің жетеуінде

Мен оқушы бастауыш сыныптағы.

 

Жыландардай жылжитын иір ізбен,

Араласып жүргендей жиі бізбен.

Әйтеуір оқу жылы бітер кезде

Әкім қара шықпаушы ед үйімізден.

 

Жапырағын жанымның тербейді леп,

Өкпелеуші ед оларға мендей жүрек.

Бар сыйлықты атама бере бермей

Неліктен бізге тәтті бермейді деп.

 

Балғын едім кәмпит қой бар қызығым,

Ол болмаса түсердей қан қызуым.

Білмеппін ғой тәттіден тәтті екенін

Тәуелсіздік дейтұғын жалғыз ұғым.

 

Көрдің ғой деп қария көп әурені.

Құттықтауға асыққан қоғам ба еді.

Атам бар да ат ізін сап тұратын

Ағаларды көрмедім содан бері.

 

Білмеймін ата сіз үшін не етерімді,

Бар білерім өзіңді етем үлгі.

Мақтанышпен айтушы ем достарыма

Майдангердің ұрпағы екенімді.

 

Үндемесін сыртыңнан күндемесін.

Халық берген атағың кірлемесін.

Медальіңнің мен үшін қадірі жоқ

Ата сенің кеудеңде жүрмегесін.

 

Сіз өскен жер ел емес тасадағы,

Серікбайдай батыр ғой бас адамы.

Мүткеновтың ауылында туған ұлдар

Мүмкін емес бір ерлік жасамауы.