ТҮЗІК ЖОРА

Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болу әсте оңай емес, өйткені ол — абырой-беделдің, ақыл-кеңестің кеніші. Тағдыр бізді — Алтынбек Сәрсенбайұлы екеумізді ғана емес, қатар жүріп, «бірге тойлап, бірге өткізген» жалындаған жас шағымыздағы достарымызды сондай кен байлығына кез еткеніне шүкір етеміз. Несін жасырамыз, кезінде қайраткер құрдастың жазып қалдырған мұрасына үңіліп, айтып кеткен ой-мақсатына тереңдеуден гөрі, жеке пайдасын күйттеушілер ширақ қимылдады. Оның атын оңды-соңды пайдаланып қалғысы келгендер де бой көрсетті, әлі де жок емес. Тіршілігінде сырлас болғандардың қатарын бұзып-жарып, кимелеп төрден орын бермейтіндер жол-жөнекей табыла кетті. Қысқасы, Алтынбектің өз сөзімен айтсақ, «мораль жағы бұрмалауға түскен жолда жолшыбайлар мен жолбикелер көбейді». Бәлкім, уақыты келгенде мұндай пасықтыққа, құйтырқылық пен сорақылыққа қоғамның өзі қарсы тұрар. Әйтпесе, санасы өзгермей жатқан қауым үшін саясаттың шытырманы мен шырғалаңы сап тыйылар деп айту қиын.�Шындығы, заманы бір болғанмен, амалы мыңдармен Алтынбектің де араласып-құраласуына тура келді. Арада біршама уақыт өткеннен кейін қулығы мен сатқындығы әшкереленгендер осы күндері арамызда түк болмағандай кейіпте жүр. Пендешіліктен арылуға, ашығын айтып, ақталуға ар-ұяты жібермейді. Ұлтымыздың тарихына қанығып өскен біз оларға сол кездің өзінде кешіріммен қарадық, қазір де аяушылық танытамыз. Әрине, көп оқиғаны сол кезеңге, адам тағдырына тели салуға болар еді, бірақ ұрпағымыздың болашағын ойлаған кезде өткен уақыттың тәлім алар тұстарына тоқталғанның артықтығы жоқ деген түйінге келдік. �Қайткенде де бәріне уақыт — төреші.�Иә, қадірлес болған жанмен бірге жүрген күндерді, бастан өткергенді қалай ұмытарсың? Ал еске алу — ескіден келе жатқан дәстүр. Оның да өзіндік шарты, жүгі, мақсаты бар.�Балғын шақтың, кәусар кезеңнің, өскен-өнген ортаңның ұқсастығы, біртекті көзқарасқа суарылған мүдденің ортақтығы, қара нанмен ғана емес, қыр-сырыңмен бөлісу мүмкіндігі бізді тез әрі терең табыстырды. Сондай кезде жүрегіңе ұялаған сенім ғана ұзаққа, бәлкім, өміріңнің аяғына дейін созылатын шығар. �Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында Алматыға әр жақтан келген көп жастың ішінен суырылып шығып, еліміздегі білімнің ең биік ордасы, қара шаңырағы — КазГУ-ге оқуға түскенде, болашағымызды болжап үлгеру мүмкін де емес еді. Кейінірек ой таластырып, қиял жарыстырған оғландардың, өңшең өршілдердің ішінен іріктелгендердің басы жиі қосылатын болды.�Сонда айтатынымыз — ұшқан ұямызға, балауса балалыққа, қимас достарға, туған ауылымызға деген сағыныштан туған дастандар, жарысып, жабыла оқыған-тоқығанымыз, көрген кино, театр қойылымы, музей көрмесі, сүлейлердің сарқытындай әдебиет, өнер өкілдерімен кездесулерден, ел аузындағы тарихы мен аңызы қатар өрілген жерлерге, көрнекті орындарға барған сапардан алған әсеріміз — бәрі-бәрі қызу талқыға түсетін. Тіпті жазған-сызғанымыздың алғашқы сыншысы да өз қатарымыздан, өз ортамыздан табылатын. Бұл жас керуеннің көші жүрмей тұрып-ақ, жасақталып жатқанда түзелгенінің белгісі болса керек. Сонымен бірге мініміз де тезге салынып, мінезіміз қалыптасты. �Көп нәрсені ұстаздан бұрын өмір үйретеді. Сарыжазда өскен Алтынбектің білімге құштарлығы, спортқа біртабан жақындығы, көпшілдігі бірден білініп тұрар еді. Үлкен әулетте, қазақтың қара шаңырағында тәрбие алған досымыздың қарапайымдылығымен қатар өжеттігі байқалатын. Жалпы, көпбалалы отбасында тәрбиеленгендер көбінесе шындықты қорғауға дағдыланады, өйткені, айнала бауыр жалған айтуына жол бермейді. Бұл ерекшелікке де мән берген жөн.�Аз-кем уақыт интернат нанын татып үлгергенін де айтатын. Мектепте бірге оқыған кластастарын, достарын, жекелеген мұғалімдерін ерекше құрмет тұтты. Олармен хат та жазысты.�Қарап отырсақ, сол совет заманында журналистика факультеті студентінің удай сатира жанрында жазуы да тегін емес еді. Өмірдің қиыншылығына тап болып, басынан өткермесе де, көз алдында болып жатқан қоғамдағы келеңсіздікке келіспейтінін, әділетсіздікке деген көзқарасын жария ете бастады. Әйтпесе, кемелденген социализм формациясы тұсында колхоз бастығының баласы қоғамға сын тұрғысынан қарамақ түгілі, жан-жағына шаң жуытпайды емес пе? Жап-жас болып-ақ шолақ белсендіге айналған студенттерді, әкесі ығай мен сығай болған соң өзгенің құқын таптап, шалқып өмір кешкен балаларды да көріп өстік. Ал, студенттік жатақханада тұрған, бөлмедегі кезекшілігіне мұқият Алтынбектің табиғаты, тұрқы олардан ерекше еді. Ойындағысын бүкпей айтып салатын.
Сексенінші жылдардың басында Ерлан Байжанов, Қанат Жұматаев, Алтынбек Сәрсенбаев төртеуміз ауысу тәртібімен Мәскеу мемлекеттік университетінде оқуды жалғастырғанымызда да ол сол қалпынан танбады. Совет Одағының астанасында білім алуды «афишаларды оқудан» емес, өзге елдерден оқуға келгендермен танымдық бәсекеден, өнер жарысынан, спорт сайысынан бастадық. Ресей қалаларына, Балтық жағалауындағы республикаларға сапар шектік, тарихи орындармен, музейлер экспозицияларымен таныстық. Одақтың бұлыңғыр болашағын болжап, тартыспен таң атқызған кезіміз де болды. Саяси дискуссиялар, тақырыптық кештер мен түрлі кездесулер, премьералар бізсіз өтпейтіндей көрінетін. Сол жылдары республикамызда аты да аталмайтын Наурызды Мәскеуде жаңғыртуды жүзеге асырдық. Сонда Алтынбекпен бірге Қазақстаннан келіп оқып жатқан студенттердің арасында сақтар мен ғұндар дәуірінде қол жеткен жетістіктерден бастап коммунистік жүйенің жалаң ұрандары мен шалағайлығына дейін саралап, лекция оқығанымызды, ұлттық салт-дәстүрді, ұмыт қалған ұлт құндылықтарын насихаттағанымызды растайтын қыз-жігіттердің көпшілігі бүгінде алпыстың асуына шығып, немере сүйіп жүргені де ақиқат. Ол кезде байтақ еліміздің өңірлері өзі ішіп-жемесе де Мәскеуді толық азықтандырып, үлде мен бүлдеге орап тастайтын. Үлкен қаланың шағын дүкенінде мастанғаннан үйіндегі итіне ет таңдап тұрған орыстың кемпірлерінің әңгімесін естігенде бұлқан-талқан болып, қыс демей, жаз демей мал соңында жүрген жерлестеріміздің еңбегі үшін ашынатынбыз. Сонда көпшілік елей бермейтін әділетсіздіктің орталықтың өзінен басталатыны көп ойға қалдырған. Нарық жағдайында өмір сүруге әуелі халқын үйретіп барып өндірісін, экономикасын көшірген елдердің студенттерімен де араластық. Мысалы, сол кездегі біздің жүйе үшін «алыпсатар, спекулянт» ұғымдары сөздік қорымызда мүлдем болмаған «коммерция, коммерсант» ұғымдарынан үстем еді. Мәскеуде жатақханада кітап оқу, әсіресе «самиздат» шығарған дүние жетіп артылатын. Шетелде жарық көрген түрлі кітаптар студенттік ортада жасырын кезекке тұру арқылы қолымызға тисе, жата жастанып оқуға кірісетінбіз. Бірқатарын ротапринтте басып шығарып, елге тасыған кезіміз де болды. Жастық талап пен ізденіс шығар, соның бәрі көзқарасымызды қатты өзгертті.�Совет журналистикасы теориясының негізін қалап, түрлі оқулық жазған Я.Засурский, С.Гуревич, В. Пельт, Е.Блажнов, С. Курляндская т.б. мықтылардан сабақ алдық. Әсіресе, орыс тілі стилистикасы кафедрасын басқарған ұстазымыз Д.Розентальдің «Правда» газетіндегі қателерді қызыл қаламмен тексеріп, шимайлауының сырын да кейін ұқтық. �Сонау 1985 жылы Алтынбек екеуміздің де дипломдық жұмысымыз экология тақырыбына арналды. Мұны кездейсоқ деуге келмес. Өйткені, Семей, Арал, Азғыр, Тайсойған, Сарышаған тағдыры, ірі-ірі өндіріс ошақтарының ғылыми негізсіз, ойластырылмай салынуы, жалпы республикамыздағы жерді, өзен-суды пайдаланудағы өрескелдіктер анда-санда орталық баспасөзде ғана жазылатын. Мысалы, Семей полигонындағы 468 ядролық жарылыстан бөлек Совет одағы кезінде Қазақстанның 27 жерінде 38 астам сынақ өткені көпшілікке 1990 жылы ғана мәлім болды. Цензураның күші жойқын еді. Сондықтан экологияға қатысты көп проблема жабық күйінде қалатын. Ал қоғамның, жұртшылықтың даусы мүлде естілмейтін, тұмшалап-тұншықтыру кейін де жалғаса берді. Экология мәселесіне алғаш рет ғылыми жұмыс арнаған студенттер қатарында болуымыз – әділетсіздікке үн қату еді. Қазірге дейін осы өзекті тақырыптан шет қалмауға тырысып келеміз. �Жас маман ретінде жолдамамен Алматыға келгенімізде, ҚазТАГ-тың күнделікті жұмысын тез еңсеріп тастап, қосымша табыс табу үшін басқа басылымдарға жаза бастадық. Сол кезеңде ашылған «Арай-Заря» журналының соны форматта жаңа мазмұнмен шығуына атсалыстық. Бұрындары жазыла бермейтін вандализмнің тек-тамырына үңіліп, балалар колониясындағы былықтарды әшкерелеп бірге жазған материалымыз қоғамды әжептәуір әбігерге салғаны бар. Тіпті, қалалық комсомол комитеті мәселені арнайы талқылауға мәжбүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін билік жастардың үніне құлақ аса бастады. Студент-жастар сарыла күтетін «Өркен- Горизонт» газетінің дәуірі сол кезде басталған еді. Әсіресе, Алтынбек бас редактор болған тұста таралымы жөнінен ресми газеттермен тайталасатын деңгейге жетті. Шын мәнінде, советтік цензураның шеңберін бұзып-жарған бұл басылым көпке танылды. Батыл да талантты журналистерді топтастырған газетте бас редактор Алтынбек Сәрсенбайұлының журналистік қолтаңбасы ғана емес, өмірлік қағидаты да айқындалды. Ислам құндылықтарында «Әлемге туған жарық күн күндіз болса түнде жоқ, қара жердің үстінде қозғалмайтын ірге жоқ» деген даналық бар. Совет одағының күйреуі жаңа тұрпатты мемлекетшіл азаматтарға деген сұранымды еселендірді. Сонымен бірге осы үдеріс Алтынбектің үлкен саясат сахнасына шығуын тездетіп, табандылығына, шынайы шығармашылығына жол ашты. Оның мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі жолы, шешуші сәттерде қайраты мен ақылын қатар ұстаған бастамашылдығы, озық ойлы саяси білігін танытқан тұстары шағын мақалаға емес, арнайы зерттеу еңбегіне жүк болғандай. Алтынбек Сәрсенбайұлының�2004 жылы 10 желтоқсандағы мына сұхбатындағы ойы дәл қазіргі кезең үшін де, болашақ үшін де маңызын жоймақ емес: «Қазір билікке де, оппозицияға да саяси ойынды ойнауды доғаратын кез келді. Себебі, қазір біз жекелеген саясаткерлердің кеудемсоқтығынан емес, 15 миллион халық тұратын мемлекеттің тағдырымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ешкімнің тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ғана халықтың тағдырын, олардың балалары мен немерелерінің кемел келешегін қыл үстіне қоюға қақысы жоқ. Қанша дегенмен, тәуелсіздіктің 13 жылдығы жай нәрсе емес, үлкен бір тарихи белес. Енді өз әрекеттерімізге байыппен көз жүгіртіп, жауапты шешім қабылдайтын кез келді».�Тірі болса, құрдасымыз биыл 60 жасқа толар еді. Алтекеңді жоқтау — есе жіберген ұлтымыздың парасатты ұлын, есті перзентін жоқтаумен бірдей. Оның қайғылы қазасы, тіпті сол «түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай, темірқазық жастанбай, қу толағай бастанбай» деп жүрген кезеңі әлі талай байыпталады, зерделенеді, талай ұрпақты толғандырады. Студент күнінен бастап қалыптасқан қайраткер шағына дейін біз білетін ақиқат: ол елін, ұлтын шексіз сүйді, әділдік пен парасатты, шындық пен қағидатты бәрінен жоғары қойды.

Халқымыз арда азаматтың мемлекетшілдігін, тәуелсіз елді құруда төккен тері мен сіңірген еңбегін де ұмытпақ емес. �Әлемге әйгілі Әмір Темір: «Мемлекет дін қағидаларының негізінде құрылмаса, түзік жораға бағынбаса, салтанатты құдыреті мен тәртібін жоғалтады. Мұндай мемлекеттің салтанаты бәлкім жалаңаш адамға ұқсап, оны көргендер көзін алып қашады. Ол есік-тесігі жоқ үйге айналады» деген екен.
Елдің тұтастығын, мемлекеттің билік пен білік салтанатын сақтап қалу үшін ең басты міндет – алғаш түзік жора қалыптастыру, бұдан кейін ұрпақ бойында соны меңгеріп, жүзеге асыратын сана-сезім орнықтыру.
Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі, көрнекті қайраткер, абадан азамат, асыл дос Алтынбек армандаған асудың бірі де осы еді.
Дархан МЫҢБАЙ